Орал қаласында Ұлттық бірлік доктринасын жүзеге асыру мәселелерін талқылауға арналған “дөңгелек үстел” мәжілісі өткізілді. Оған Жайық өңіріндегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мемлекеттік ұйымдардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Олар Ұлттық бірлік доктринасын толығымен мақұлдап, оны іске асыру жөнінде өз ойларын ортаға салды.
Жиынның негізгі мәні мен мақсаты және оның басты түйіні туралы Батыс Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Қуанышбай Төлебаев газет тілшісіне былайша мәлімдеді:
– Өткен жылы ел жұртшылығының талқылауына ұсынылған доктрина жобасы олардың тарапынан оң қолдауға ие болды. Кейін жоба қоғамдық пікір білдірген сын-ескертпелермен және ұсыныс-пікірлермен толықтырылды. Одан әрі өңделді. Содан соң осы соңғы нұсқаны биылғы жылы ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз шешімімен бекітті. Әрі Үкіметке доктринаны іске асыру жолдары жөнінде тиісті тапсырмалар берді.
Осыған орай биыл Үкіметтің арнайы қаулысы бойынша доктринаны іске асырудың іс-шаралары бекітілді. Республикадағы облыстық ассамблеялар оны ойдағыдай орындауға өз үлестерін қосуға тиіс. “Дөңгелек үстелдің” басты мақсаты, міне, осы арнаға бағытталды.
Бүгінгі кезеңде барша қазақстандықтарды біріктіру мен одан әрі топтастыру, оларды бір мақсатқа жұмылдыру ісінде қазақ халқына жүктеліп отырған жауапкершілік жоғары. Ұлттық бірлік доктринасының негізгі тіні осы ұстанымнан туындайды. Кім-кімге де құшағы айқара ашық қазақ халқы бұл тарихи миссияны абыроймен атқарып шыға алатынына ешқандай күмән жоқ. “Дөңгелек үстелге” қатысушылар да осы шындықты толығымен қуаттады.
Темір ҚҰСАЙЫН,ОРАЛ.