• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Президент 01 Қараша, 2023

Қазақстан – Еуропа мен Азия арасын байланыстыратын алтын көпір - Эмманюэль Макрон

273 рет
көрсетілді

Франция Президенті серіктестікті көлік бағыттары, ең алдымен «Орта дәліз» арқылы дамыту маңызды екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Көлік-логистика саласы ықпалдастықтың тағы бір өзекті бағыты ретінде аталды.

Президент еліміздің Транскаспий халықаралық көлік бағытын немесе «Орта дәлізді» дамытуға барынша күш салып отырғанына назар аударды.

«Бұл – Еуропа мен Азия арасындағы сенімді жеткізу тізбегін қамтамасыз ететін ең қысқа әрі анағұрлым өміршең бағдар. Тасымал көлемі өсіп келеді. Сондықтан біз жыл сайынғы жүк тасымалын 10 миллион тоннаға дейін жеткізу үшін серіктестерімізбен бірге инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстарына белсенді кірістік. Енді бұл бағыттағы іс-әрекетімізді Трансеуропалық көлік желісімен және Еуропа Одағының «Жаһандық қақпа» бастамасымен ұштастыру маңызды», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының пікірінше, биотехнология және медицина салаларындағы ынтымақтастықты жолға қою үшін мүмкіндік мол. Биотехнология кластерін дамыту мақсатында Ұлттық «QazBioPharm» биофармацевтикалық холдингі құрылды. Президент көптеген жетекші компаниялар Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық құрылғы өндірісін дамытуды жоспарлап отырғанын атап өтіп, француз компанияларын да осы бағыттағы ықпалдастыққа шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, «Астана» халықаралық қаржы орталығының инвестиция тарту ісіндегі артықшылықтарына тоқталды.

«Бүгінде әлемнің 78 елінде базасы бар 2100-ден астам компания АХҚО-да жұмыс істейді. Олар тек Қазақстанға ғана емес, бүкіл өңірге инвестициялық капитал тартуға ықпал етіп отыр. Біз АХҚО-дағы француз компанияларының саны артуын және Қазақстанда алғашқы француз банкінің ашылуын қуана құптар едік. Бұл қадам біздің инвестиция және қаржы салаларындағы ынтымақтастығымызға тың серпін береді», деді Президент.

Сонымен қатар жиында Франция Президенті Эмманюэль Макрон сөз сөйледі.

Ол өз сөзінде Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мақсатын жоғары бағалады. Сондай-ақ Қазақстанның бұл бағыттағы бастамаларын қолдауға дайын екенін жеткізді.

Эмманюэль Макронның айтуынша, Қазақстан – Еуропа мен Азия арасын байланыстыратын алтын көпір. Франция Президенті серіктестікті көлік бағыттары, ең алдымен «Орта дәліз» арқылы дамыту маңызды деп санайды.

Эмманюэль Макрон Францияның аталған көлік магистралін өркендетуге өз үлесін қосуға дайын екенін айтты.

Франция басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықтың перспективасы зор екенін атап өтті.

Эмманюэль Макрон сөзін қорытындылай келе, өзара мүддені көздейтін көптеген саладағы ықпалдастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін растағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.