Екібастұзда әлі де 20-ға жуық көпқабатты баспана жылумен толық қамтылмаған. Жылу жүйесіндегі қысым мен айналымдағы параметрлердің әлсіз болуынан мыңдаған пәтердің тұрғындары қарашаның қара суығында тонып отыр.
Көмірлі қаланың жылу жүйесіндегі апаттың орын алғанына жылға жуық уақыт өтсе де, қаңтардың аязы өтіп кеткен жұрттың бойы әлі жылына қоймады. Көпқабатты баспаналарды орталық жылуға қосу шаралары қазан айының басында басталған. Әйтсе де жергілікті әкімдік пен жылу-энергия орталығы, жылу желілеріне жауапты кәсіпорын мәселені түбегейлі шеше алмай тұрғаны байқалады. Пәтерінде жаураған жұрт қос-қостап жылытқыш қосып, қалың киім киіп жан сақтауда. Бұған дейін №19 шағын ауданындағы жаңа үйлерде мәселе қалыптасып отырғаны туралы жазған едік. Аумақтағы түйткіл толыққанды шешімін таппаған сыңайлы. Қазір қаланың әр аумағында жалпы саны 20-ға жуық тұрғын үйде проблема қалыптасқан.
Ал жергілікті әкімдік өкілдері пәтерлердің суық болуына тұрғындардың өздері себепкер, жылу желісіндегі ауаны шығармайды, радиаторларды уақтылы жумайды деп кінә артып отыр.
– Қазіргі уақытта көпқабатты 10 үйде жылу жетіспеушілігі айқындалып, оларды жою бойынша іс-шаралар атқарылып жатыр. Жергілікті жерлерде ақау шыға қалса, «Екібастұз жылу-энерго» ЖШС мен мердігер компаниялардың және қалақұраушы кәсіпорындардың қызметкерлерінен құралған арнайы жөндеу бригадалары іске кіріседі. Жылу маусымы басталғалы жылу сапасы мен оның мүлде жоғалып кетуіне байланысты азаматтардың шағымына құлақ асып, тұрғын үй инспекциясы мен жылу желілерінің өкілдері 40-тай мәселені шешті. Негізі қала толықтай орталық жылумен қамтылған. Бұл жердегі мәселе үйлердің ішкі жүйелеріне қатысты болып отыр. Үйлердің дайындығы нашар болған. Әйтпесе қаладағы 690 тұрғын үй мен жеке сектордағы 5 737 баспана жылу жүйесі мен ыстық суға 100 пайыз қосылды, – дейді қала әкімінің орынбасары Әнуарбек Аманов.
Мамандар көптеген үйдің ішкі құбырларын реттеп, ауасын шығару керек деп санайды. Алайда жұртшылық әкімдік пен жылу кәсіпорнының өкілдерінің сылтауы көп, негізгі түйткіл орталық магистралдарда деп отыр. Яғни жылу параметрлері талапқа сай емес, қысымы төмен, айналымы әлсіз. Оның үстіне біраз үйлерде ыстық су оқтын-оқтын тоқтап қалады. Сондықтан әкімдіктің жоғарыда айтқан жүз пайыз көрсеткіші ешбір ойға сыймайтындай. Ал жылу-энергия орталығындағы жылу тасымалдағыштың параметрлері қалыпты, яғни кәсіпорыннан шығатын судың температурасы – 70, айналып келетін судың қызуы 50 градусты көрсетіп тұр. Әзірше қаланы 5 қазандық агрегаты жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жуық уақытта жөнделіп жатқан тағы 3 қазандық іске қосылады.
Суық үйлердегі жылу параметрлері қашан толық ретке келтірілетінін әкімдік өкілдері де, жылу кәсіпорны да айта алмайды. Себебі жылу параметрлерін теңестіруге әлі де біраз уақыт қажет көрінеді. Алдағы қыс екібастұздықтар үшін жайлы болсын деп тілейміз.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы