• RUB:
    4.98
  • USD:
    495.95
  • EUR:
    524.37
Басты сайтқа өту
Президент 02 Қараша, 2023

Президент Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен келіссөз жүргізді

246 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанмен екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорда баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстанның тарихи тамырластығы және тығыз байланыстары бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз екенін айтты.

«Қазақ пен мажар – ежелден сыйластығы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамып келеді. Бұған, құрметті Премьер-министр мырза, Сіз өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз бауырластығымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бүгінгі келіссөздер екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін», деді Қ.Тоқаев.  

Президент  Қазақстан мен Мажарстан арасында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жақсы институционалды негіз  де жоқ еместігін айтты. Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес екі елдің сауда қатынастарын дамытуда белсенді рөл атқаруы керек екенін ескертті.

«Геосаяси шиеленістерге қарамастан, былтыр тауар айналымы 20 пайыздан астам өсті. Таяу болашақта бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге толық мүмкіндігіміз бар екеніне сенімдімін», деді Президент.

Кездесу барысында тараптар энергетика, көлік, логистика, металлургия, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі және туризм сияқты салалардағы байланыстарды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді. Сонымен қатар келіссөз барысында екі елдің заң шығарушы органдарында жұмыс істейтін достық топтары арқылы парламентаралық байланысты нығайтудың маңыздылығы айтылды. Сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, ТМҰ және түрлі халықаралық платформалар аясындағы өзара ықпалдастық перспективалары қарастырылды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы екі елдің гуманитарлық байланыстарын нығайту мәселесіне де тоқталды. Бүгін Астана көшелерінің біріне мажар ұлтының көрнекті ақыны Шандор Петефидің есімі беріледі. Бұл – Қазақстан мен Мажарстан арасындағы тығыз достық қатынастардың тағы бір айқын дәлелі.

Виктор Орбан да сөз алып, құрметпен қарсы алғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақстан халқына алғыс айтты.

«Біз Қазақстанға әрқашан ерекше қуанышпен келеміз. Біз мұнда соңғы рет пандемияға дейін болған едік. Сол кездің өзінде екіжақты қарым-қатынасымыз өте табысты дамыды. Бірақ коронавирус барлық байланыстарымыздың қарқынын тежеді. Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беру үшін келдік. Орта Азия аймағында бізді Қазақстанмен ғасырлар бойғы тарихымыз байланыстырады. Сондықтан сіздердің әрбір жетістіктеріңізге қуанамыз. Қазақстан – табысты дамып келе жатқан ғажап ел. Мен әрқашан Қазақстаннан үлкен әсермен қайтамын», деді В.Орбен.

Келіссөз қорытындысы бойынша білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.