Қанатты жыртқыш Қостанайдың іргесіндегі Амангелді кентіндегі тұрғын үйдің ауласынан табылды. Өзіне таяп қалған адамды көрген бүркіт әуелде ұстатпай үркіп, әуеге көтерілмек болған екен, ұша алмапты.
Бір бұрышта бүрісіп жатқан бүркітке жалғыз жақындап барудан тайсалған үй иесі «Ikomek» орталығынан жәрдем сұраған. Көп ұзамай қыран қонған үйге орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының маманы Рустам Бидібаев, «Қостанай ЗооПульс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Виктория Машидиева, табиғат қорғау полициясының капитаны Қанат Шиқанов жетеді.
Бүркіт бірден ұстата қоймағанмен, адам аңдыса, алмай қоймайды. Құсты қалың матамен қақпақылдап жүріп орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекторы Рустам Бидібаев ұстап алған.
«Бұл – Қызыл кітапқа енген дала қыраны. Орнитолог мамандар бүркіттің шамамен бір жарым жаста екенін айтып отыр. Дала бүркіттері, әдетте, осы өңірден сонау Иранға дейін ұшып барады. Мекен ететін ареалы өте кең. Қырандар негізінен қияны мекендейді. Елді мекендерге өте сирек қонады. Бұл бүркіт жемтігін қуып жүріп, жазатайым қанатын қайырып алуы мүмкін, – дейді Рустам.
«Қостанай ЗооПульс» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Виктория Машидиеваның айтуынша, ұша алмай қалған қыранды қазір ветеринарлық клиникалардың бірі тексеріп жатыр. Ветеринар мамандар құстың қос қанатын рентгенге түсірмек. Егер ауыр жарақат алғаны анықталса, қанаты әбден қатайғаннан кейін ғана еркіне жіберіледі.
Қостанай облысы