Елімізде шекарадан өткен соң кері оралуға асықпайтын, тіпті жалтаратын шетелдіктерді тәртіпке салатын талап бар. Бірақ Атырауға келген шетелдіктердің дені бұл ережені ескермейтіні байқалады. Шетелдіктердің кейбірі ел шекарасынан заңсыз өтіп, заң талабын бұзып жүр.
Мәселен, Армения Республикасының азаматы мұнайлы шаһарға 2019 жылы қарашада келген. Көші-қон заңдылығында белгіленген мерзім өткеннен кейін 10 тәуліктен асатын кезең ішінде ел аумағынан шығуға тиіс еді. Алайда шетелдік әйел өз еркімен елден кетуден жалтарған. Шетелдіктің заңсыз әрекетіне қатысты іс Атырау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында қаралды.
«Еліміздің көші-қон туралы заңнамасын бұзған Армения Республикасының азаматы кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін білдірді. Сот қаулысымен ол әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 86 мың 250 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салу жазасы қолданылды», деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Өзбекстан Республикасының 44 жастағы азаматы да биыл 21 сәуірде ел шекарасынан заңсыз өткен. Оның заңға қайшы әрекетін Құрманғазы аудандық полиция бөлімі қызметкерлері анықтап отыр. Тіпті шетелдіктің жеке басын куәландыратын құжаты да болмаған. Сөйтіп, ол кодекстің 517-бабының 7-бөлігінің талабын бұзған. Шетелдіктің бұрын ел аумағынан 5 жылға тысқары шығарылғаны анықталды. Сол себептен, көрші ел азаматына қатысты Қылмыстық кодекстің 392-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Құрманғазы аудандық сотының үкімімен Өзбекстан Республикасының азаматы кінәлі деп танылып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Шетелдікке ел аумағына 5 жыл мерзімге келуге тыйым салынды.
Елімізге табан тіреген шетелдіктер жұмыс істеп, табыс табуды көздейді. Алайда бұл үшін жергілікті атқарушы органның рұқсатын алуға тиіс. Бірақ Махамбет ауданына келген Өзбекстанның 19 азаматы бұл талапты белден басып, құрылыста, шаруа қожалығында, көлік жөндеу орталығында, асханаларда рұқсатсыз жұмыс істеген. Сол себептен, аудандық сотта шетелдіктер тарапынан әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты 19 әкімшілік іс қаралды. Шетел азаматтарына Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік айып тағылған. Сот қаулысымен 19 шетелдік кінәлі деп танылып, әрқайсысы 86 мың 250 теңгеден әкімшілік айыппұл арқалады.
Осы ауданға келген тағы бір өзбекстандықтың ісі сотта қаралды. Ол бұрын еліміздің көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 5-бөлігімен әкімшілік жауапқа тартылған. Алайда ол 2023 жылдың 17 наурызында Қазақстан аумағына жеке мақсатпен келіп, жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз серіктестікке жұмысқа орналасқан. Сөйтіп, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырған.
Аудандық сот әкімшілік істі қарау кезінде шетелдіктің жасы 63-те екенін ескерді. Сол себептен, шетелдікке әкімшілік қамауға алу жазасы қолданылған жоқ. Бірақ сот қаулысымен Өзбекстан азаматы кінәлі деп танылып, оған ел аумағынан әкімшілік жолмен шығарып жіберу түріндегі жаза тағайындалды.
Полиция қызметкерлері 2 қазанда көші-қон заңнамасын бұзған 200-ге жуық шетел азаматын анықтады. Оның ішінде 151 шетелдік Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 517-бабының 3, 4, 5, 6 және 7-бөлімін бұзғаны үшін жауапқа тартылды. Аталған құжаттың 518-бабымен 46 шетелдік жазаланды. Құқық бұзған 6 шетелдік азаматтық іс жүргізу және әкімшілік тәртібімен ел аумағынан шығарылды. Ал жеке басын анықтайтын құжаттың болмауына байланысты Өзбекстан Республикасының 16 азаматы қабылдау-тарату орнына орналастырылды.
Шектен шыққан шетелдіктің бірі – 1984 жылғы азаматтың өз елінде алимент төлеуден жалтарғаны анықталды. Ол 2 қазанда түнгі мезгілде қоғамдық орында мас күйінде жүрген. «Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері шетелдіктің жеке басын куәландыратын құжатын тексерді. Сол кезде оған Өзбекстанда алимент төлеуден жалтарғаны үшін халықаралық іздеу жарияланғаны анықталды», деп мәлімдеді полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Атырау облысы