Бұл – етек-жеңі жинақы, өндірістік нысандар молынан шоғырланған, ажары ашық сәулетті қала. Шағын қала өңірдегі өнеркәсіп өндірісі көлемінің 23,7 пайызын құрап отыр. Биылғы жыл басынан бері 297,7 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіп өндірісінің индексі 100,2 пайызды құрайды.
ап, таразы басына тартатын болсаңыз, көңіл тоғайтарлық көлемді көрер едіңіз. Мәселен, мұнда жыл басынан бері 4,7 мың кило алтын, 14,2 мың тонна мойынтірек, 1,3 мың тонна уран, 9,8 мың тонна мыс концентраты тәрізді өнімдерді өндіріпті. Әрине, еселі еңбекпен құралып жатқан мол табыс түрлерін тізе беруге де болады. Ең бастысы, шағын қаланың ерінуді білмейтін ұйымшыл еңбеккерлері жемісті жұмыс істеуде. Осыған орай, өңірдің де өңі кіріп келеді. Ортақ табысқа қомақты үлес қосып отырған ұжымдар да баршылық. Мәселен, «Целингормаш» серіктестігі жалпы құны 2,3 миллиард теңге болатын металл құрылғыларды шығарған. Тағы бір жақсы жері жұмыс көлемін арттырып, табыстың тайқазанын қайнатумен қатар, қомақты еңбекақы төленетін жаңа жұмыс орындары пайда болыпты. Бұл – қала тұрғындары үшін айта қаларлықтай жаңалық. Сондай-ақ жыл басынан бері «Adelya gold» кен байыту фабрикасының жалпы құны 4,5 миллиард теңге болатын жаңа жобасы жүзеге асырылып, 48 тұрақты жұмыс орны ашылған. Түптеп келгенде, шоқ жұлдыздай шағын қала үшін тәп-тәуір жақсылық.
Ат төбеліндей қаланың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруы бұрынғы кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуімен қатар жаңа жобалардың жүзеге асуына байланысты. Бұл тарапта дем беріп, демеу болып тұрған дүние – инвестиция. Есепті мезгіл ішінде қала экономикасына 14 миллиард теңге инвестиция құйылды. Сәл ғана таратып айта кететін болсақ, нәтижелі іс «Алтын алмас» компаниясының Ақсу кентінде карьер және фабрика салу жөніндегі ауқымды жобасының аяқталуына байланысты болып отыр. Жыл басынан бері бюджетке 199,2 миллиард теңге көлемінде салық пен әртүрлі төлем түсті. Қала бюджеті 177,5 пайызға орындалды. Республикалық және облыстық бюджеттерден берілетін трансферттер мұқият жұмсалып, 12,1 миллиард теңге игеріліп, жоспар 99,7 пайызға орындалды. Қаланың ауыл шаруашылығы да біршама табысты. Жалпы құны 5 миллиард теңге болатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Биыл құрғақшылық айтарлықтай зардабын тигізгендігін де жасырып қалуға болмас. Әйтсе де бағымдағы мал саны біртіндеп өсіп келеді. Мал өнімдерін өңдеу де оң жолға қойылған. Екі мал фермасының ұйымдастырылуы да бұл тараптағы жұмыстың оң сипатын аңғартады. Биыл қыркүйек айында Қарабұлақ ауылында еліміздегі алғашқы «Slow Food» нарығы ашылды. Бұл жерде жергілікті және көрші аудандардың өнім өндірушілері өз өнімдерін сатып, пайдасын көреді.
Өз кәсібін дөңгелетіп, шағын және орта бизнесті дамыту берекені еселей түсетіндігі белгілі. Қалада 9 300-ге жуық шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істейді. Нақтырақ айтатын болсақ, өткен жылмен салыстырғанда 9 пайыз өсім бар. Оған себепші болып отырған мемлекеттік бағдарламалардың сәтімен жүзеге асырылуы. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 99 жобаға субсидия берілді. 14 адам 16,6 миллион теңгеге грант алды. Олар өздерінің қолдарынан келетін, халыққа да пайдалы кәсіппен айналыспақ. 136 адам «Бастау бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, жолдамаға ие болып отыр. Міне, осындай қадау-қадау жұмыстардың арқасында тауар айналымы 14,2 миллиард теңгені құрады.
Басқа өңірлердегідей әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұру – күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Қала тұрғындарын арзан азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 39 рет жәрмеңке өткізілді. Берекенің бастауы тәрізді осындай іс-шараларға іргелес аудандар мен Астана қаласының тауар өндірушілері де қатысты. Игі іс барысында 442,4 миллион теңгенің сауда-саттығы жасалды.
Қалада құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Биыл 7,1 миллиард теңгенің жұмысы атқарылды. 1 613 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылайша, шағын қала қанат жайып сәні мен салтанаты жақсара түсті. Жылдың соңына дейін үш 45 пәтерлік тұрғын үйді пайдалануға беру межеленіп отыр. Жалпы құны 4,7 миллиард теңге болатын әлеуметтік сала нысандарын салу жұмысы жүргізілуде. Бұл нысандарға биыл 608 миллион теңге бағытталды. Көлік инфрақұрылымын мейлінше жақсарту мақсатында автомобиль жолдарының жағдайы талапқа сай болу үшін бірнеше жоба қолға алынған. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен жергілікті маңыздағы автомобиль жолдары мен қала көшелерін жөндеуге 2,2 миллиард теңге қаражат жұмсалды. Қаладағы Новосибирская және Степная көшелерінің жолдары жөнделді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарабұлақ және Қырыққұдық ауылдарының жолдарына орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Инфрақұрылымды дамыту, спорт алаңдарын орнату ерекше маңызды. Тұрғындардың сұранысына орай қалада – 12, ал ауылдарда 5 спорт алаңы салынып, пайдалануға берілді.
Шағын қаланың үлкен де өзекті мәселесі жылумен қамту екендігі белгілі. Бұл мәселені шешу үшін 5 миллиард теңге қаражат бөлінді. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына орай тозған жылу жүйелері алмастырылып, 7,8 шақырым жылу жүйесі жаңғыртылды. Кәсіпорын өз қаражаты есебінен жеті шақырым жылу жүйесін жөндеп, 1,1 миллиард теңге қаржысын жұмсады. Қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Нақтырақ айтатын болсақ, Шаңтөбе поселкесіндегі су желісінің 16 шақырымын жөндеу үшін ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 500 миллион теңге қаражат бөлінген. Ал жалпы жобаның құны – 1,5 миллиард теңге. Қала тұрғындарын таза сумен қамтамасыз ету үшін қала бюджетінен қуатты сусорғы стансасын жабдықтау жабдықтауға қаражат бөлінуде. Бестөбе елді мекенінде модульдік қазандық орнатылып, тұрғын үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылатын болады.
Қала тұрғындарын жұмыспен қамту мәселесі де ұдайы назарда. Есепті кезең ішінде өтініш білдіргендердің бірқатарының мәселесі шешіліп, қолданыстағы заңға сәйкес әлеуметтік көмек жасалған. Мұндай көмек 241 адамға көрсетілген. Бір айта кетерлігі, өндірісі өркен жайған өңірдегі еңбекақы көлемі айта қаларлықтай. Мәселен, Степногор қаласында орташа еңбекақы 323,9 мың теңгені құрап отыр.
Білім саласы да берекелі жұмыстарға толы. Айталық, Бестөбе ауылында 300 орындық орта мектептің құрылысы жүргізіп жатыр. Биыл 75 орындық «Райхан ана» жекеменшік бала бақшасы ашылды. Білім беру нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 590 миллион теңге бағытталды.
Маусым айында қалада ұлттық және халықтық спорт түрлері бойынша «Құлагер» облыстық спартакиадасы өткізілді. Степногор қаласының құрама командасы жалпы командалық көрсеткіш бойынша бірінші орынға ие болды. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Қарабұлақ ауылында мәдениет үйінің құрылысы басталды. Заводской кентінде мәдени спорт кешенінің құрылысын жүргізу үшін құжаттар әзірленіп жатыр. Міне, осылайша, шағын қаланың шырайы уақыт өткен сайын жақсарып келеді.
Ақмола облысы,
Степногор қаласы