• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өндіріс 06 Қараша, 2023

Табанды тәлімгер

222 рет
көрсетілді

Өңірде автокөлік өнеркәсібі ілгерілеген сайын, білікті техника мамандарына деген сұраныс артып келеді. Облыс орталығындағы «Сарыарқаавтопром», «Агромашхолдинг», «Агротехмаш», Қостанай трактор зауыты сияқты ірі өнеркәсіп орындарына маман даярлайтын Қостанай автомобиль көлігі колледжі – осы сұранысты өтеп отырған бірден-бір білім ордасы. Бүгінде автоматтандырылған цифрлы өндіріске негізделген іргелі зауыттардың техникалық инженерлері, слесарь, токарь, шанақ дәнекерлеуші секілді мамандарының дені – осы колледжде еңбек ететін тәлімгер-ұстаз, Алтынсарин төсбелгісінің иегері Сергей Булаттың шәкірттері.

Сергей Николаевичтің ұстаздық еңбек жолы 1992 жылдан бастау алады. Содан бері талай техника мамандарын тәрбиелеп шығарған тәжірибелі ұстаз бүгінде колледж директорының оқу-өндіріс ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады.

«Азаттығын жаңа ғана алған жас республиканың бүгінгідей өзге мемлекеттермен терезесі тең тәуелсіз ел болып қалыптасу жолындағы алғашқы дербес қадамы оңайға соққан жоқ. Әркім өз саласында тынымсыз еңбек етті, талмай ізденіп, тер төкті. Бізге де осы колледждің материалдық базасын, өндірістік оқыту жүйесін өз күшімізбен жаңартып, қайта жасап, түбегейлі өзгертіп шығуға тура келді. Есесіне еліміз өркендеп, дами бастаған тұста мемлекеттің қолдауын арқа тұтып, көптеген жаңа жобаны іске асырдық. Мәселен, 2014 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы арқылы Дүниежүзілік даму банкінің қаржылай грантын ұтып алдық. Бұл қаржыға оқу өндірісіне қажет жаңа трактор, қозғалтқыштар, токарь станоктарын, өзге де заманауи құрылғыларды сатып алып, токарь шеберханасын толық жаңарттық», дейді ол.

2010 жылы Сергей Николаевичтің шәкірті Самат Сағалов автомобиль жөн­деу слесары мамандығы бойынша Алма­тыда өткен республикалық «Кәсіби ше­берлік» байқауында бірінші орынды жеңіп алады. Нәтижесінде, жеңімпаз студент пен ұстазы Оңтүстік Кореяда өткен «WorldSkills» халықаралық байқауына жолдама алды. «WorldSkills» конкурсын токарь, дәнекерлеуші, слесарь секілді жұмысшы мамандардың чемпионаты десек те болады. Осылайша, тәлімгер-ұстаз тұңғыш рет Оңтүстік Кореяның маман даярлаудағы артықшылығын, бай шеберханасы мен оқу-материалдық қорын көріп, танысады. Корея елінің жұмысшы мамандығына деген ерекше ықылас танытып, аса құрметпен қарайтынына, байқау жеңімпазына берілетін қаржы­лай сыйлықтың қомақты екеніне, жұмысшылар арасындағы бәсекенің өте жоғары екеніне таңғалып, тәнті болады.

Осы байқаудан оралысымен Сергей Булат колледж студенттеріне арналған жаңа шеберханалар ашу ісіне ден қояды. Одан кейін колледждің 12 мұғалімімен бірге Сингапурге барып, бір айлық біліктілігін арттыру курсын тәмамдайды. Бұл елден тәжірибе байытып, маман даярлаудың тың жолдарын, тиімді әдіс­терін көңілге түйіп қайтқан жаңашыл педагог келе салысымен колледж жанынан оқу кәсіпорнын ашуға кіріседі.

«Біз өзіміздің шағын техникалық қызмет көрсету орталығын аштық. Бұл орта­лық студент алған теориялық білімді тәжірибе жүзінде бекітіп отыруға жол ашты. Кейін студенттерге өздері мініп жүрген жеке көліктерін осында әкеліп жөндеуге рұқсат бердік. Өз машинасы болған соң, жөндеу жасап жатқан студент бұрынғыдай емес, әр нәрсеге мұқият қарайтын болды. Кейбір күрделі ақаулар төңірегінде ақыл-кеңес сұрап, кейде пікір таластырып, кәдімгідей ізденетін болды. Бұл да оқытудың тиімді әдістерінің бірі деп есептеймін», дейді педагог.

2016 жылы Қазақстан «WorldSkills» халықаралық қозғалысына мүше болып тіркелді. Келесі жылы Астанада тұңғыш рет жүк көліктерін жөндеу мамандығы бойынша «WorldSkills» халықаралық конкурсы өтті. Байқауға бас сарапшы ретінде Сергей Булат та қатысты. Астана конкурсынан бірсыпыра тәжірибе жинақтаған оқытушы-ұстаз 2017 жылы Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатына шәкіртін алып барды.

«Оңтүстік Кореяға біз қонақ ретін­де барсақ, Абу-Дабиге шәкіртім толық­қанды конкурсқа қатысушы, өзім сарапшы ретінде қатыстық. Мен ол жерде байқауға төрелік жасау тәртібін үй­рен­дім. Мұндай жоғары деңгейдегі кон­курсқа сарапшы болу үшін алдымен өз мамандығыңа, конкурс ережесіне қатысты 100 сауалдан тұратын тест тапсы­руың қажет. Одан кейін ағылшын тілінен тест, өз мамандығымызбен байланысты тәжірибелік емтихан тапсырдық. Өйткені байқау үміткерлерін бағалау үшін алдымен өзіңнің соған лайықты еке­ніңді дәлелдеуің керек. Мен берілген тап­сырманың бәрін қиналмай орындап шық­тым. Өйткені «WorldSkills» стандарттарын­да қамтылған тапсырма­лар­дың бәрі – өзі­міз оқытып жүрген дүние­лер», дейді ұстаз.

2018 жылы Сергей Булат Қостанай автокөлік колледжінде тұңғыш рет республикалық «WorldSkills» конкурсын ұйымдастырды. Мұнда студенттер желілік жүйелер, жеңіл көлік және жүк көлігін жөндеу, құрастыру бойынша білім жарыстырып, тәжірибе алмасты. Жұмысшы мамандықтарды дәріптейтін конкурс Қостанай колледжінде осыдан кейін де бірнеше рет ұйымдастырылып, автомобиль өнеркәсібінің қыр-сырын үйреніп жүрген қазақ балаларының халықаралық «WorldSkills» байқауларына қатысып, жүлделі орындардан көрінуіне жол ашты. Бүгінде колледжде Болгарияда, Қазанда өткен «WorldSkills» жарыстарының жүлдегерлері оқып жүр.

Сергей Булат – қазір студенттерге ғана емес, жас мұғалімдерге де ақыл-кеңесін бе­ріп, қамқоршы болып жүрген тәлімгер ұстаз.

«Мен осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған қазақ топтарына сабақ беремін. Кейде күрделі тақырыптарды өткен кезде немесе колледж шеберханаларындағы заманауи құрылғыларды пайдалану барысында сабаққа Сергей Николаевичтің өзі келіп, балаларға түсіндіріп, бізге әдіс­темелік кеңес беріп кетеді», дейді өндіріс­тік оқыту шебері Әлібек Қозықанов.

 

Қостанай облысы