«Қарақұс» атты тұлпар бәйгеде топ жарып, иесіне тағы да көлік мінгізді. Бұл жолы аламан ат бәйгесі Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының 90 жылдығына арналған, деп хабарлайды Egemen.kz «AtyrauPress» сайтына сілтеме жасап.
Атырау облысы Құрманғазы ауданы Орлы ауылының шабандозы Еркеш Жарылғасұлы 36 шақырым қашықтықты бірінші болып еңсеріп, бас жүлде − автокөлікті қанжығасына байлады. Бұл «Қарақұс» атты жылқы екінші рет иесіне көлік мінгізіп отыр. Бұған дейін ол биыл күзде Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданының 95 жылдығына арналған бәйгеде жеңімпаз атанған еді.
Құрманғазы ауданының тұрғыны Алтынбек Хамиттің жылқы шаруашылығымен айналысып жүргеніне екі жылдан асты.
«Ат жарысындағы артықшылық тек аттың жылдамдығы мен төзімділігіне ғана емес, шабандоздың шеберлігіне де байланысты. Ауылымыздың жас тұрғыны Еркеш Жарылғасұлы екінші рет тамаша нәтиже көрсетті. Жүйрікті Мерей Исин мен Жандарбек Ажы баптаған. Бұл біздің ортақ жеңісіміз», дейді Алтынбек Хамит.