• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Экология 08 Қараша, 2023

Табиғатты ластау тыйылмай тұр

283 рет
көрсетілді

Атырау облысында жыл сайын қоршаған ортаны ластаушылар кәсіпорындарға бірнеше миллион, тіпті миллиард теңгенің айыппұлы салынып келеді. Алайда тұмса табиғаттың тазалығынан гөрі табыс табуды ғана күйттегендер қомақты айыппұлға да айылын жияр емес. Олардың тарапынан табиғатқа қарсы тағылық әрекеттің қайталануы жұртшылықтың наразылығын тудырып отыр.

Облыстық экология департаменті­нің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметіне сүйенсек, биыл 9 айда жос­пардан тыс 27 тексеру жүргізілген. Тек­серудің қорытындысымен табиғат­ты бүлдіруге қатысты 39 дерек анық­талып отыр.

«Экологиялық заңнаманың сақ­та­луына байланысты тексерулер «Атырау мұнай өңдеу зауыты», «Karabatan Utility Solutions», «Теңізшевройл» компания­лары мен «ЖылыойСу» МКК-ға жүргізіл­ді. Табиғатты ластаған кінәлілерге қа­тысты 96 әкімшілік іс қозғалды. Атал­ған тексерулерден кейін қоршаған орта­ны ластаған компанияларға жалпы құны 11 млрд 48 млн теңгенің айыппұлы салынды», дейді Ә.Бекмұхаметов.

Мұнайлы өңірдің ауасын жиі ластаушылар қатарында қандай кәсіпорындар бар? Департаментінің басшысы Ә.Бек­мұхаметовтің айтуынша, алдымен бұл тізімге мұнай-газ өнеркәсібіндегі кәсіп­орындар ілініп отыр. Мәселен, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 3-бөлігінде көзделген қоршаған ортаға бекітілген нормативтер көлемін бір жыл ішінде екі реттен көп асырған.

«Атырау мұнай өңдеу зауытына қа­тысты технологиялық режімді бұзғаны үшін төрт рет, электр энергиясының өшуі бойынша бір рет жоспардан тыс тек­серу жүргізілді. Зауыттың алау қон­дыр­ғысында газдарды жағу кезінде нор­мадан артық эмиссиялар жүзеге асы­рылған. Мұнда өнеркәсіптік эмис­сиялардың сынамасын алу үшін арнайы орындардың болмағаны, эмис­сиялардың автоматтандырылған мони­торингі жүйесі енгізілмегені және қал­­дық­тарды басқару талаптарының бұ­зыл­ғаны анықталды», деп мәлімдеді Ә.Бекмұхаметов.

Экологтер жүргізген жоспардан тыс тексеру кезінде биылғы 3 шілдеде сағат 17:25-те Атырау мұнай өңдеу зауытында электр қуаты сөнгені расталды. Соның салдарынан ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысын қоспағанда, зауыттың технологиялық қондырғыларының жұмысы апатты жағдайда тоқтаған. Жергілікті уақытпен сағат 17:47-де зауытқа электр қуатын беру толығымен өшіп қалған еді. Осы­ған байланысты «ПАЗ» автоматтандырыл­ған авариялық қорғанысы іске қосы­лып, алау жүйесінде технологиялық газ жағылғаны анықталды. Тексеру қоры­тындысымен «АМӨЗ» ЖШС-ға қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 3-бөлігімен хат­тама толтырылып, одан әрі қарау үшін Атырау қаласының әкімшілік құ­қық бұзушылықтар жөніндегі маман­дандырылған сотына жолданды. Соттың 2023 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен «АМӨЗ» ЖШС-ға тиісті эмиссия көзінің жұмысына экологиялық рұқсаттың қолданылуын тоқтатпай, 12 млн 14 мың 550 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Атырау мұнай өңдеу зауыты сот қаулысымен келіспей, апелляциялық шағым түсірді. Алайда облыстық соты­ның қаулысымен бірінші саты­дағы сот­тың қаулысы өзгеріссіз қал­ды­ры­лып, кәсіпорынның шағымы қанағат­тан­дырылудан бас тартылды.

Бұл өңірде қоршаған ортаға зиян­ды заттарды төгіп, жөніне кететіндер аз емес. Мұндай деректерді анықтау бойынша облыстық мамандандырыл­ған табиғат қорғау прокуратурасымен бір­ге жүргізілген мониторинг жүргізіледі. Мәселен, мамыр айында Атырау қала­сының маңындағы ашық алаңға қауіпті қалдықтар қатарына жатқызылған пай­даланылған катализаторға ұқсас қал­дықтар төгілгені анықталды.

«Қалдықтар шамамен 2 мың шаршы метр жерге жартылай көмілген. Катализатор – «Атырау мұнай өңдеу зауы­ты» ЖШС-ның мұнайды терең өңдеу өндірісінде пайдаланылатын қос­па. Ал «Атмосфералық ауаны қор­ғау республикалық ғылыми-зерттеу ор­та­лығы» ЖШС Атырау қаласындағы филиа­лының жүргізген зертханалық талдау қорытындысымен далаға төгілген қалдықтардың құрамында никельдің біраз мөлшері бар екені анықталды. «Грейс Казахстан Каталистс» ЖШС-ның «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-на ұсынған анықтамасына сәйкес пай­да­ланылған катализатор құрамында­ғы никель өлшемі 5 мың ппм құраған», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Экологтердің жиі тексеруіне ұшы­райтын тағы бір кәсіпорын бар. Бұл – «Karabatan Utility Solutions» ­ЖШС. Биыл бұл серіктестікке жоспардан тыс ­4 тексеру жүргізілген.

«Тексерулер кезінде қондырғыға пар­никті газдарға алынған квота нормасын асыру байқалды. Экологиялық рұқсатсыз жер релефіне сарқынды суларды төгу, жерді бүлдіру, берілген нұсқаманы орындамау түріндегі бұ­зу­шы­лықтар анықталды. Анықталған бұзу­шылықтарға байланысты салынған айып­пұл көлемі 7 млрд 238 млн теңгені құрады», деді департамент басшысы.

Ал облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы «Нұр­манияз-Атырау» ЖШС-ның 2021-2022 жыл­дары 88 542 текше метр топырақты заңсыз сатқаны анықталды. Бұл серік­тестік заңсыз әрекетін іске асыру үшін кең таралған пайдалы қазбаларды өнді­руге рұқсатты пайдаланған.

«Рұқсатты беру үшін «Морское» кен орнындағы гидротехникалық құры­лыстардың үйіндісін қалпына кел­тіру туралы мердігерлік шарт негіз бол­ған. Алайда шартта топырақты өзге мақ­сатта сату көзделмеген. Облыс әкім­­­дігіне енгізілген прокурорлық қа­да­­ғалау актісінің нәтижесімен «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-дан бұ­рын берілген рұқсат қайтарып алынды. Сотпен аталған дерек бойынша «Нұр­манияз-Атырау» ЖШС-дан сотпен 851 млн теңге мемлекетке келтірілген залал өндірілді», деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Қадағалау органы тағы деректі жария етті. Прокуратураның мәліметінше, «Жылыой Болашақ» ЖШС-ның мұнай шламдарын жинақтауға рұқсаты құжа­ты болмаған. Бірақ серіктестіктің бұл қыз­метті жүзеге асырғаны анықталды. Мәселен, 2022 жылдан бері қауіпті қал­дықтарға жатқызылған 477 тонна мұнай шламы жинақталған. Сот осы дерекке қатысты «Жылыой Болашақ» ЖШС-ға 923 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салды.

Махамбет ауданындағы Есбол ауыл­дық округінен 40 шақырым қашық­тық­та мұнай төгілген. Бұған алдымен аудан тұрғындары алаңдаушылық білдірді. Облыстық экология департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Махамбет ауданындағы Сары Өскембай деген жерде мұнай төгілгені анықталған.

«Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары бұған дейін 2021 жылғы 13 тамызда осы аумаққа Ма­хамбет аудандық прокуратурасы­ның әкімдігі мен полиция бөлімінің қыз­мет­керлерімен бірге барып, ластанған жер­ге өлшем жүргізді. Ластанған және фон­дық топырақтан талдама жасауға сы­намалар алынды. Талдау нәтижесімен топы­рақтың құрамында мұнай өнімдері көп мөлшерде екені белгілі болды. Махам­бет аудандық әкімдігінің ұсынған ақпа­ратына сәйкес ластанған аумақ же­ке немесе заңды тұлғаға тиесілі емес. Ал «Батысқазжерқойнауы» Ба­тыс Қазақстан геология және жер қой­на­уын пайдалану өңіраралық депар­та­ментінің мәліметінше, бұл «Норс Кас­пиан Ойл Девелопмент» ЖШС-ның келі­сім­шарттық аумағына түсіп, Оң­түс­тік Байменке К-3 крелиустік ұңғы­ма орналасқан. Алайда ұңғыма жер қойна­уын пайдаланушыға берілмеген. Жер де, ұң­ғыма да мемле­кет меншігінде», деп ха­бар­лады депар­таменттің баспасөз қызметі.

Департамент тарапынан ластанған аумақты тазалау туралы Махамбет ауда­нының әкіміне 2021 жылғы 9 қара­шада, кейін 2022 жылғы 7 маусымда хат қайтадан жолданған. Сондай-ақ был­тырғы 20 желтоқсанда Атырау облы­сының әкіміне хат жолданып, жоғарыда көрсетілген аумақтағы ластануды жою жұмыстарын жүргізу сұралған. Бірақ аудандық, облыстық әкімдік тарапынан биыл мамырға дейін мұнай қалдығымен ластанған аумақты қоршау назарға алынбай келген.

«Махамбет ауданына қарасты Сары Өскембай учаскесіндегі К-3 крелиустік ұңғымадан май ағып жатқан аумағы толықтай қоршалды. Алдағы уақытта атқарылар жұмыстың бәрі департамент қызметкерлерінің бақылауында болады», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

«Бәрін айт та, бірін айт» дегендей, мұнайлы өңірдің экологиясы әзір жақ­сармай тұр. Сол себептен жұтар ауаның жұпар болмағаны тұрғындардың төзімін тауысатын түрі бар. Өйткені қоршаған ортаны ластаушылар табиғатқа қар­сы тағылық әрекетін тоқтатар емес. Тіп­ті қомақты айыппұлды шыбын жақ­қан құрлы көрмейтін болды. Мұн­дай тағылық әрекет қашанға дейін жал­ғасады? Атыраулықтарды алаңдатқан кө­кейкесті мәселенің қашан оң шешімін табады? Бірақ бұл сауалдың нақты жа­уабын айтуға ешкім асығар емес.

 

Атырау облысы