• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәдениет 07 Қараша, 2023

Ауыл мәдениетіндегі оң өзгеріс

228 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдардағы жағымды үрдіс – ауыл мәдениетінің ахуалы жақсарып келеді. Өткен жылы Ақмола өңірінде төрт мемлекеттік клуб ашылып, «Ауыл – ел бесігі» жобасының ая­­сында елдегі мәдениет ошақ­та­ры­ның инфрақұрылымын жаң­ғыр­ту­ға мүмкіндік туды.

Ауыл халқын туған жерінің төсінде орнығып түтін түтетуіне игі әсер ететін жайдың бірі мәдениет ошақтарын жандандыру екені белгілі. Өңірде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясын­да 1,9 мил­­лиард теңгеге 6 инвес­ти­ция­лық жоба қолға алынды. Сәл таратып айтатын болсақ, оның бесеуі құрылыс нысаны да, біреуі қайта жаңғырту жұмыстары. Соның ішінде Астрахан ауданына қарасты Новочеркасское селосында 250 орындық спорт ғимараты бар мәдениет үйі салынады. Мұндай жағымды жаңалық Степногорск қаласының Қарабұлақ ауы­лында, Аршалы ауданының Аршалы кентінде де орын алады. Айталық, шоқ жұлдыздай шағын ғана Қарабұлақ ауы­лында 145 орындық мәдениет үйі салынса, Аршалы кентінде 300 орындық мәдениет үйі бой көтереді. Осылайша, ел еңсесін бір көтеріп қалмақ. Бұланды ауданында Никольское, Вознесенка селоларында 150 орындық мәдениет үйі салынса, Есіл ауданындағы Бұзылық ауылында да тұрғындардың көкейінде жүрген күрделі мәселе шешімін табады.

Жаңа мәдениет үйлерімен қатар, бұрыннан бері халыққа адал қыз­мет етіп, елдің рухани кеңістігін нұр­лан­дырып тұрған мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу көз­деліп отыр. Таратып айтатын болсақ, Ерейментау ауданындағы Олжабай батыр атындағы ауылдағы клуб күрделі жөндеуден өткізілсе, осы аудандағы Тайбай ауылындағы бұрынғы дүкен ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, қайта жабдықталады. Міне, осылайша, шағын ауылдарда халықтың бір уақыт көңіл көтеріп, мәдени шаралар өткізіп, серпілуіне мүмкіндік туғызылмақ. Асылында жергілікті жердегі клубтар ойын-сауық қана өткізетін орын емес, сонымен қатар жалпақ елді жақсылыққа баулып, ортақ іске жаппай жұмылдыруға септігін тигізетін, рухани нәр беретін орын. Міне, сондықтан өтпелі кезеңде жүдеп қалған ауыл мәдениетіне көңіл бөлінуі құптарлық-ақ. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл – қазақтың алтын бесігі. Елге еңбегі сіңген көрнекті тұлғалардың басым көпшілігі ауылдан шыққан. «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде мәдениет нысандарына күрделі жөндеу жүргізілуде» деп атап өтуі де тегін емес. Мемлекет басшысының алға қойып отырған тапсырмасын тап-тұйнақтай етіп атқаруға білек сыбана кіріскен өңірде жалпы құны 838 миллион теңге болатын 7 күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жақсылықтың шарапаты өңірдегі бірнеше ауданның мәдениет ошақтарына тиіп тұр. Жергілікті бюджет есебінен де мәдениет ошақтары салынып, жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ерейментау, Астрахан, Атбасар, Бурабай, Біржан сал, Зеренді, Қорғалжын, Ақкөл, Жарқайың, Сандықтау, Целиноград аудандары мен Степногор қаласының Шаңтөбе, Ақсу, Бестөбе кенттерінде жалпы көлемі 1 миллиард 339 миллион теңгені құрайтын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ел тұрғындарының көз алдарында сәл тозған мәдениет ошақтары құрылысшының қалағынан жаңа шық­қандай жұтынып сала берсе ғанибет емес пе? Жалпы есепті кезең ішінде 42 клубта 1 517 197,3 мың теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл соңғы жылдардағы ауыз толтырып айтуға әбден лайықты қомақты жұмыс екені сөзсіз. Жоғарыда аталғандардан басқа 12 клубтық мәдениет нысандарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, Ақкөл ауданындағы қалалық мәдениет және демалыс саябағы жөндеу жұмыстарынан кейін көркі көзтартарлық болып құлпырып сала берді. Бұл мақсатқа 90 миллион 101 мың теңге қаражат қарастырылған болатын. Күрделі жөндеу жұмыстарымен қатар, ағымдағы жөндеу жұмыстары да рет-ретімен атқарылуда. Бұл мақсатқа 202 668 мың теңге қарастырылып, 24 ауыл клубы әдемі ажарға ие болды. Мұндай жұмыстар Ақкөл, Аршалы, Астрахан, Біржан сал тәрізді аудандарында қолға алынды.

Соңғы жылдары қалталы азаматтар да ауыл мәдениетіне көңіл бөле бастады. Бұл өте құптарлық қадам. Әсіресе ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары елді мекендердің етегі сөгілмей, тұтас отыруына мүдделі. Жер-жерде балалардың спорт алаңдарын салып, мәдениет ошақтарын жөндеп, қамқорлық көрсетіліп жатыр. Биыл өңірде Сандықтау ауданының Белгород ауылдық мәдениет үйі демеушілердің есебінен жарты миллион теңгеге жөнделді. Жарқайың ауданында да дәл осындай жұмыс қолға алынып, діттеген жеріне жетті. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Демек, қалталы азаматтар ел мұқтажына көңіл бөле бастады деген сөз.

Біздің жақта қыс ұзақ. Сондықтан ауылдағы мәдениет ошақтарын қысқа дайындау айрықша маңызды. Ағымдағы жылы облыстық бюджеттен жеті блоктық-модулдьдік қазандық сатып алуға 255,7 миллион теңге қаражат бөлінді. Қажетті қазандықтар алынып, Шортанды кентінің демалыс орталығы, Есіл ауданының Двуречный, Астарахан ауданының Камен, Жақсы ауданының Жаңа-Қима ауылының мәдениет ошақтарына орнатылды. Ерейментаудағы Тайбай, Олжабай селолық клубтары да осындай қам­қор­­лықтың шарапатын көрді. Ақкөл ауданының Новорыбинка, Қорғалжын ауданының орталығындағы Қорғалжын ауылындағы мәдениет үйлерінің қазан­дық­тары жөндеуден өткізілді.

Облыстағы клубтық үлгідегі мәде­ниет нысандарын дамытуға 448 290,9 мың теңгені құрайтын қажетті құралдар алынды. Айтпақшы, сөз арасында осы қаржының негізі бюджеттен бөлініп отырғандығын, сондай-ақ ортақ іске жергілікті меценаттардың да атсалыс­қандығын айта кетуге болады.

Биыл ауылдық мәдениет үйлері қажетті сахна киімі мен музыкалық аспаптар алып, бір жаңғырып қалды. Бұл тарапта ауыл мәдениетіне жанашыр кәсіпкерлер 314 083,2 мың теңге көмек көрсеткендігін айта кетелік.

Өңірде 14 112 бала қатысатын 1 035 балалар үйірмесі жұмыс істейді. Демек, өнерге жақын, мәдениетке сусау­лы ауыл балалары рухани нәр алып, жетіліп келеді. Өнердің өрісінде өмірлік азық алған өреннің көкірегі ояу болары сөзсіз. Болашақтың сара жол ашуына маңызды шаралардың септігі мол. Сөз соңында биыл облыстың ауылдағы мәдени мекемелері барлығы 3 792 405 адамды қамтитын 24 мыңнан астам іс-шара өткізгендігін айта кетелік.

 

Ақмола облысы