• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Құқық 07 Қараша, 2023

Жаза қатаң болмаса...

188 рет
көрсетілді

Мемлекеттің қалыпты өмір сүруінің маңызды және міндетті элементтерінің бірі – қоғамдық тәртіп. Мұны қалыптастырмай, қоғамның тыныс-тіршілігін елестету мүмкін емес.

Кейінгі жылдары жас­тар арасында қоғамдық тәр­тіп бұзу­шы­лық неге өршіп бара жатыр деген сұрақ жиі қойылғанымен, бұл түйткілмен күрестің тиімділігі болмай тұр. Бұрын қоғамдық орындарда біреуге қол жұмсамақ түгілі былапыт сөз айтқанның өзі құқық бұзушылық деп таны­лып, айыппұл салынатын, тіпті кінәлі 15 тәулікке дейін бас бостандығынан шектелетін. Қазір шектеу қойыл­мағандықтан боғауыз айта беруге болады деп санайтын болса керек, телеарналарда мұндай сөздер нормаға айналып бара жатыр. Ондайды көретін жастарымыз да боғауыздан тосылмайтын болды. Ұлдар түгіл қыздардың өзі былапыт сөздерді сапырып жүреді. Үлкендердің аузынан да боқтықты жиі еститін болдық.

Қазір мектептерде сынып саға­ты өткізіліп, мұндай жиын­­дарда қоғамдық орындар­да тәртіп сақтау мәселелері де айтылып қалады. Бірақ бұл жиындардың тиімділігі төмен, өйткені оны өзде­­рінің күнде көріп жүретін сы­нып жетекшілері ғана өткі­зеді. Бұрынғыдай құқық қор­ғау органдарының білікті қызмет­керлерін, судьялар мен прокурорларды қатыстыру тәжірибесі қалып барады. Мектеп шақырса, жұмыстары бастан асатын қыз­меттегі мамандар келмейді. Бірақ зейнеттегі тәжірибесі мол мамандарды шақыруға болады емес пе? Білікті мамандар сынып сағат­тарына қатысып, қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызын, заңда көрсетілген жаза түрлерін еске салып, айтып отырса, жасөспірімдер аузына келгенді айта салудан тыйылар еді.

Қоғамдық тәртіпті бұзу қазір боғауызбен ғана шектелмейді. Халық көп жиналатын орындарда төбелес, бір-біріне қол жұмсау да белең алып барады. Тәртіп сақшыларына, яғни билік өкілдеріне қол көтеру де көбейіп келеді. Мұның өзі кейінгі кездері қалыпты оқиға секілді қабылданатын болды. Ал кезінде «билікке қарсылық білдірудің» жазасы өте ауыр болатын. Соны білетін кәнігі қылмыскерлер тәртіп сақшысына қол көтермек түгіл, одан айнала қашып, оларды «командир» деп құрметтейтін. Бір топ адам төбелесіп жатқан жерге бір милиция өкілі ысқырып келіп қалса, бұзақылар тұра қашатын.

Қызылжар қаласында «Жұ­мыс­­­шы кенті» деген шағын аудан бар. Өткен ғасырдың 50-60-жылдарында сол ауданда бір-ақ милиция қызметкері салт атпен тәр­тіпті бақылап жүреді екен. Оған қарсы келмек түгіл, әккі қыл­мыскерлердің өзі айналып қаша­тын болған. Өйткені оған қар­сы келіп қалсаң, жазасы қатаң, бір­не­ше жыл түрмеде шіруің мүмкін. Мә­селен, демократияның ота­ны­ саналатын АҚШ-та полиция қыз­мет­керінің рөлі зор, айтқанын тың­дамасаң, атуға құқығы бар. Үш-төрт жыл бұрын ағылшын тілін шала білетін бір орыс азаматы Америка мейрамханаларының бірінде бұзақылық жасап, келген полицияның бұйрығын түсін­бе­ген­діктен, полиция қызметкері оны «талабымды орындамады» деп атып тастады. Сол полицейді кейін сот ақтап, ешқандай жазығы жоқ деп тапты.

Ал бізде ше? Осыдан бір ай бұрын Тимирязев ауданы орта­лы­ғындағы бір дәмханада төбе­лесіп жатқан бұзақыларды ажы­ратуға келген полицейдің тала­бын тыңдамақ түгіл, бір қыл­­мыскер оған қол жұмсаған. Аудан­дық полиция бөлімінің бас­­­шысы, подполковник Тал­ғат­ Кенжетаевтың айтуына қара­ған­да, полиция қызметкері жеңіл за­қым алған. Ақыры соты болып, бұза­қыға пробациялық бақылау қою тәртібімен үш жыл мерзімге бос­тан­дығын шектеу жазасы белгі­ленді.

Осындай жазадан кейін бұза­қылар құтырмағанда қайтеді? Оның жай адам емес, биліктің адамы, адамдардың құқығы мен бостандығын қорғаушы, яғни жалпы қоғамдық тәртіпті сақтаушы екенін судья ескерді ме? Бұл жер­де судья шешіміне ғана емес, заңның солқылдақтығына да назар аударған жөн. Мысалы, осы қылмысқа жаза қолданатын Қылмыстық кодекстің 308-бабы­ның 3-бөлімі 4 мың АЕК көле­мін­де айыппұл салу немесе бір мың сағат мерзімге қоғамдық жұ­мысқа тарту немесе 2 жылдан 4 жылға дейін бостандығын шек­теу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айы­руды көздейді. Осындай «кең көлемді таңдау» алдына тартылған судья ең жеңіл жазаны қоя салса, ешкім­нің­ күдігі де, наразылығы да болмайды. Нақтылық болмаған жерде осындай теңгермешілік те шығып жатады.

Билік өкіліне қол жұмсау жаза­сының жеңілдігі құзырлы орган­ қызметкерлерінің беделін түсі­ріп қана қойған жоқ, одан жас­қануды да азайтып барады. Жуырда ғана Ақжар ауданының 23 жастағы тұрғыны полиция қызметкеріне қол жұмсады. Ол да ауылдағы мейрамханалардың бірінде төбелес шығарған. Бұза­қы­­лықты тоқтатуға келген поли­ция­ қызметкерінің талабына бағы­ну­ былай тұрсын, өзіне тарпа бас салған. Аудандық полиция бөлі­мінің басшысы, подполковник Еркін Махметов бұзақының қолына кісен салынғаннан кейін ғана тыныштанғанын айтады.

Кез келген азамат билік өкі­лі­не қарсы бұзақылық пен кез кел­ген қылмыстың жазасы ауыр бола­тынын білгенде ғана мұндай заң­сыздықтар азаяры сөзсіз. Сон­дық­тан заңның ықпалы күшті бол­ға­ны керек.

 

Солтүстік Қазақстан облысы