Таяуда Орталық коммуникациялар қызметінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы брифинг өткізді. Онда 16 қарашада Астана қаласында «Қазақстандық қамту 2.0» тақырыбында халықаралық форум өткізілетіні айтылды.
Шараға қатысқан «Атамекен» КП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Амрин, ҰКП Өңдеу өнеркәсібі комитетінің төрағасы Тахмина Нағыманова, «Тау-кен металлургиялық кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы» ТМКҚ Атқарушы директорының бірінші орынбасары Максим Кононов халықаралық форумның мән-жайы мен мақсаты туралы айтып, тілшілер тарапынан қойылған бірқатар сұраққа жауап берді.
«Ағымдағы айдың 16-сы күні Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, «Қазақстандық қамту 2.0» халықаралық форумын өткізеді. Форум «Expo» Конгресс орталығында болатынын хабарлаймыз. Онда Тау-кен металлургия (ТМК) саласының өкілдері, отандық тауар өндірушілер (ОТӨ), мемлекеттік органдар, инвесторлар мен халықаралық сарапшылар бір алаңда жиналады. Осы саладағы жергілікті қамту үлесін ұлғайту, елішілік құндылықты еселеу, сондай-ақ халықаралық компаниялардың озық тәжірибелерін талқылаймыз. Аталған мәселелер Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі ұлттық іс-шаралар жоспарында көрсетілген. Бұл реттелетін сатып алулардағы ішкі құндылықты дамыту тапсырмасының жоғары саяси маңыздылығын растайды», деді М.Амрин.
Тау-кен металлургия өнеркәсібі экономикадағы жүйе құраушы салалардың бірі болып табылатынын және елдегі ІЖӨ-дегі үлесі 2022 жылдың аяғында 9,5%-ды құрағанын айтты. Тау-кен металлургия кешені экономиканың басқа салаларына үлкен мультипликативті әсер етеді. Мәселен, сарапшылардың бағалауына қарағанда, тау-кен металлургия секторындағы 1 жұмыс орнына экономиканың басқа салаларында 2,6 жұмыс орны, сондай-ақ бұл сектордағы 1 теңге салық үшін экономиканың басқа салаларында 1,8 теңге қосымша салық қалыптасады екен.
«Саладағы өңдеу өнеркәсібі туралы айтатын болсақ, 2022 жылы оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі – 13,2 пайыз. Өңдеу өнеркәсібіндегі өнім мөлшері 21,2 трлн теңгені немесе өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемінің 43 пайызын құрады. Бүгінде өңдеу өнеркәсібіндегі белсенді заңды тұлғалардың саны 20 мыңнан асады», деді басқарма төрағасының орынбасары.
Тілшілерді тау-кен және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығының жұмысымен таныстырған М.Кононов бірқатар түйінді мәселені алға тартты. «Тау-кен металлургия саласының кәсіпорындары Мемлекет басшысының сатып алынатын тауарлардағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайту қажеттілігі туралы тапсырмаларына барынша жауапкершілікпен қарайтынын атап өткім келеді. Десем де, бұл міндетті шешу жолында бізге жүйелі жаңа тәсілдер қажет. Әуелі ТМК-ны отандық тауар өндірушілермен жұмыс істеудің жаңа қағидаттарына қайта бағдарлау қажет.
Ең алдымен, жаңа қағидаттар дегеніміз – офтейк-келісімшарттар мен ұзақмерзімді келісімшарттар құралдары арқылы ұзақмерзімді серіктестіктерге көшуді көздейміз. Қазір мемлекеттік реттеу жүйесі көбінесе бір реттік сатып алуларда ОТӨ-ны қолдауға көбірек бағытталған. Бұл тәсілді толығымен тиімді деп атауға болмайды. Біздің ойымызша, Президент Жолдауында өңдеу өнеркәсібі тауарларын ұзақмерзімді кепілдендірілген сатып алуды көздейтін оффтейк-келісімшарттарға баса назар аударуды айтты», деді қауымдастықтың Атқарушы директорының бірінші орынбасары.
Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Енді аталған форум аясында ТМК мен ОТӨ арасында бірқатар жаңа оффтейк-келісімшарттарға қол қою жоспарланып отырған көрінеді. Сондай-ақ ТМК мен ОТӨ арасындағы ынтымақтастық сатып алумен шектелмейтінін атап өткен жөн. Мысалы, бүгінде металдарды (алюминий, мыс, қорғасын) ішкі нарыққа қайта өңдеушілердің қажеттіліктері үшін жеткізуді көздейтін жеңілдетілген жағдайда шарттар жасасу тәжірибесі табысты іске асырылды. Сондықтан, орта мерзімді перспективада ТМК мен ОТӨ-ның елішілік құндылықты дамыту мәселелеріндегі ынтымақтастық міндеті әлдеқайда кең деп айтуға болады. Сайып келгенде, ТМК ірі қала құраушы кәсіпорындарының айналасында ШОБ белдеулерін құруға келуіміз керек. Бұл, өз кезегінде, ТМК қажеттіліктері үшін тауарларды жеткізу тізбегіндегі іркіліс тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді және белгілі бір дәрежеде валюта бағамының өзгеру факторын теңестіре отырып, сатып алу бағасының болжамдылығын арттырады.
«Қазақстандық қамту 2.0» форумы ТМК тарапынан негізгі тұтынушыларды және отандық тауар өндірушілер қатарынан әлеуетті өнім берушілерді бір үстел басына жинап, барлық өзекті мәселелерді талқылау және одан әрі бірлескен жұмыс жолдарын белгілеу үшін тамаша алаң болатынына сенімдіміз», деді М.Кононов.
Қазіргі кезде біздің ел үшін өзін өзі экономикалық тұрғыдан қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеуші өнеркәсіп пен ішкі құндылықты жедел дамыту міндеттері ерекше маңызды болып табылады. Ең алдымен, бүгінде өз өндірісіне инвестиция салған, жұмыс орындарын құрған, салық төлейтін елдегі қолда бар өндірістік кәсіпорындардың кызметін қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасау қажет. Оны Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында атап айтты.
«Отандық өндірісті дамытудың маңызды шарттарының бірі – тау-кен металлургия өнеркәсібінің кәсіпорындарына өз өнімдерін жеткізу мүмкіндігі.
Өкінішке қарай, бүгінде өзара ынтымақтастығымыздың нәтижесі жақсы болмай тұр. Бұған тау-кен металлургия өнеркәсібі мен өңдеуші өнеркәсіптің баяу өсу қарқыны анық дәлел. ASPiR деректері мен Dasco Consulting Group есептеулеріне сенсек, 30 жыл ішінде тау-кен өнеркәсібі 3 есеге жуық өсті. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс, өкінішке қарай ел тәуелсіздігінің басындағы деңгейге қайта оралды», деді Т.Нағыманова.
2023 жылдың 9 айындағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі туралы соңғы статистикалық мәліметтерге көз салып көрейік. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша елдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 33,97 трлн теңгені құрады. Өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміндегі тау-кен өндіру секторының үлесі елеулі – 15,925 трлн теңгеге шикі мұнай өндіріледі, табиғи газ – 74,5%, өндірістік металл рудалары – 17,1%. Өнеркәсіп өндірісінің екінші жартысы өңдеу өнеркәсібінен келеді. Бұл факт қуануға тұрарлық сияқты. Әйткенмен маманның егжей-тегжей қарастырған сараптауына назар аударып көрейікші.
«Өңдеу өнеркәсібіндегі ең үлкен үлесті металлургия құрайды – 38%. Шындығында, бұл да өндірілген шикізат, шамалы байытылған, кейіннен экспортқа шығарылатын төменгі өнім болып табылады. Қайта өңдеудегі елеулі үлесті тамақ өнімдері мен сусындар өндірісі алады – 19,1%. Ал машина жасаудың үлесі біршама аз – 18,7%. Бұл ретте химия өнеркәсібі өңдеу өнеркәсібі өнімі көлемінің 4,5%-ын ғана құрайды. Құрылыс материалдарын өндірушілердің арқасында басқа да металл емес минералды өнімдерді өндіру – 5,7%. Кокс және мұнай өнімдерін өндіру – 5,4%. Бұлармен бірге жеңіл өнеркәсіп – 1,8%, жиһаз өндірісі – 0,4%, қағаз және қағаз өнімдері 0,6% ғана», деді комитет төрағасы.
Сонымен, жалпы металлургиялық өндіріс пен металл кендерін өндіруді алатын болсақ, мұнай және газ өнеркәсібін есептемегенде тау-кен металлургия өнеркәсібінің үлесі елдегі барлық өнеркәсіп өндірісінің 26%-ын құрайды екен. Сондықтан елімізде түпкілікті қайта өңдеу өнеркәсіптерін қолға алатын кез келген сияқты. Демек осы айдың 16-сы күні Астанада жоспарланған «Қазақстандық қамту 2.0» атты форумнан зор үміт күтеміз.