Бала жанын түсінген адам ғана жүрегін баурай алады. Жай бала емес, тілінде мүкісі болса ше? Ес біле келе өзгеден қысылуы, құрбыларынан ұялуы әбден мүмкін. Олай болса мүлде тұмшаланып, басылып қалмақ. Біздің кейіпкеріміз Марина Дюбкина – осындай кемшіліктің тігісін жатқызып, жас көкірекке үміт отын жағып жүрген жан.
Атбасар қаласындағы №5 орта мектепті бітіргеннен кейін Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетті тәмамдап, дефектология мамандығы бойынша диплом алды. Оқи жүріп «Алтын бесік» бөбекжайында тәжірибеден өтті. Өзінің айтуына қарағанда, алғашқыда өте қиын болғанға ұқсайды. Мұндай балалармен жұмыс істеу оңай емес қой.
– Сәбилер ес біле келе әртүрлі дыбыстарды құлақтары шалады емес пе? Бірте-бірте сол дыбыстарды өздері де айтып жеткізгілері келеді. Дұрыс сөйлей білсе, бір жөн. Мұндай жағдайда өздерінің жатық, анық сөйлейтіндеріне сенімі молаймақ. Ал егер кейбір дыбыстарды айта алмай жатса, қатты қысылады. Міне, осы кезде баланың жанын әлдебір нәзік сезіммен қабылдай білу керек. Сонда ғана еңбегің нәтижелі болып, тәлім-тәрбиеңді көрген бүлдіршін кемшіліктен арылады, – дейді Атбасар қаласындағы «Еркежан» бөбекжайының логопеді Марина Эдуардовна.
Тәжірибелі маманның айтуынша, кейінгі жылдары мұндай кемістік белең алып кетті. Ғалымдардың дәйекті зерттеулеріне қарағанда, дамуында түрлі кемістігі бар балалардың саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді.
– Марина Эдуардовна – өз ісінің шынайы шебері. Теориялық және тәжірибелік дайындығы мол, өз білімін сарапқа салып жүр. Облыс орталығында өтетін семинарларға қатысып, осы мәселені індете зерттеп, авторлық бағдарламасын дайындады. Республикалық басылымдарда зерттеу еңбектері жарық көрді. Республикалық педагогикалық конкурста бірінші дәрежелі дипломға ие болды, одан өзге де марапаттары аз емес. Ең бастысы, ата-аналардың алғысына ие болып жүр, – дейді «Еркежан» бөбекжайының меңгерушісі Гүлден Қасымова.
Тілінде мүкістігі бар балалармен мамыражай отырып, емін-еркін көбірек әңгімелесу керек екен. Олардың бойындағы кішкентай кемшілікті нұсқап көрсету де қажетсіз. Бұл арада қамырдан қыл суырғандай ептілік керек. Өкінішке қарай, тіршілік қамымен жүрген ата-аналар бауыр еті балаларының бұл кемшілігіне көңіл бөле бермейді. Ілкі заманда балалармен тіл ұстарту тақырыбында әдейілеп жұмыс істемесе де, жанын баурайтын әдемі ертегілер айтқызатын. Ал ақиқатында екі жасқа дейінгі баланың бал күлкісі, әлденені былдырлап айтқаны құлаққа жағымды естіледі. Екі жастан асқан соң бала әлі де былдырлап жүрсе, онда логопедтің көмегіне жүгінген жөн.
– Баланың қатарынан қалмай дамығаны кез келген ата-ана үшін – үлкен қуаныш. Біз өз перзентімізді «Еркежан» бөбекжайына берген кезде Марина Эдуардовнаның жұмыс істейтінін білдік. Ол балалармен де, ата-аналарымен де тіл табыса біледі. Әрбір баламен жеке-жеке жұмыс істейді. Біз үнемі бақылап жүреміз. Сондықтан да маманның әрбір табысы біз үшін, біздің балаларымыз үшін жасалып жатқан жанашырлық деп қабылдаймыз, – дейді ата-ананың бірі Юлия Молчанова.
Сөз арасында түйгеніміз, Марина Эдуардовнаның өзі ұстаздар әулетінің өкілі екен. Әжесі қырық жыл бойы орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берсе, анасы бар ғұмырын мектепке дейін мекемеде тәрбиеші болып өткерген. Ілкіден жалғасқан ілкімді жұмыс осылайша көктеп, көгеріп келеді. Бар жақсылық шарапаты ел ертеңі балаларға тиюде.
Ақмола облысы,
Атбасар қаласы