Өскемендегі өнер музейінде «Берел қазыналары» атты көшпелі көрме өтті. Көрмеге қойылған жәдігерлер арасында сақ заманындағы алтын бұйымдар мен реставрацияланған ат әбзелдерінің сүйек әшекейлері бар.
Көшпелі көрме «Берел» қорық-музейінің 15 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылып отыр. Берел жазығындағы жүзден аса қорғандарды зерттеген археологтер мен антрополог ғалымдар экспонаттардың біздің дәуірімізге дейінгі V-IV ғасырларға тиесілі екенін анықтаған.
– Көрмені Өскеменге әкелуіміздің мақсаты қала тұрғындарын Берелден табылған жәдігерлермен таныстырғымыз келді. Көшпелі көрмеміз жуықта «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында болып қайтты. Ол жақтағы ел де қызыға тамашалады. Өйткені Берел – еліміздегі органикалық заттар сақталған жалғыз ескерткіш, – дейді «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Алмас Сарбасов.
Көрмеде реставрациядан өткен ат әбзелдерінің сүйек әшекейлері, біздің дәуірімізге дейінгі ІІ-І ғасырларға жататын №36 сақ қорғанынан алынған бұлан грифондары, сонымен қатар ІІ-І ғасырларға жататын ер адам мен әйелдің сыртқы келбетінің антропологиялық реконструкциясы қойылған. Сондай-ақ зооморфты сапты қола айна, әшекей бұйымдар көрме төріне орналасқан. Қала тұрғындары көшпелі көрмені 1 желтоқсанға дейін тамашалай алады.
Өскемен