Атырау мұнай өңдеу зауытында 1 қазанда жоспарлы тексеру басталған еді. Соған байланысты технологиялық қондырғылардың жұмысы тоқтатылды. Қондырғылар мен жабдықтарға тексеру жұмысын жүргізуге 1 600 жұмысшы мен 116 арнайы техника тартылған.
Кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінен мәлім еткендей, 21 қазанда тексеру жұмыстарының аралық қорытындысы шығарылған. Соған сәйкес технологиялық қондырғылардың бірінші кезегі іске қосылды.
«Қазір зауыттың тәуліктік мұнай өңдеу көлемі – 9 500 тонна. Мұнай өнімдері мынадай көлемде шығырыла бастады. Автобензин – тәулігіне 1 200 тонна, дизель отыны – тәулігіне 1 500 тонна. Зауыттың технологиялық қондырғыларында алдын ала жоспарланған тексеру жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталды. Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес жабдықтарды кезең-кезеңімен технологиялық режімге шығару жоспарланып отыр», деп хабарлады қоғаммен байланыс бөлімі.
Жоспарлы тексеру басталғаннан бері бірнеше бағытта жұмыс атқарылған. Бұл – жабдықтарды тазалау, пештер мен реакторларды қаптау, тозған жабдықтар мен катализаторларды ауыстыру, колонналық жабдықтардың ішкі құрылғыларын модификациялау. Қазір қысыммен жұмыс істейтін түтікшелерді тексеру жалғасып жатыр.
«Зауытта экологиялық заңнаманың талаптарына сәйкес қоршаған ортаға шығарылатын эмиссияларды анықтайтын автоматтандырылған жүйесін орнату қолға алынды. Жоспарлы тексеру кезінде технологиялық пештердің мұржаларына автоматтандырылған бақылау жүйесін монтаждауға қажетті барлық жұмыс орындалды», деп нақтылады қоғаммен байланыс бөлімінен.
Ал 29 қазанда каталитикалық крекинг қондырғысы іске қосылып, тұрақты жұмыс режіміне көшірілген. Бұл қондырғы кестедегі мерзімінен 2 күн бұрын іске қосылып отыр.
«Атырау мұнай өңдеу зауытының қондырғыларындағы жоспарлы тексеру жұмыстарына мамандандырылған кәсіпорындар тартылды. Олардың жұмысына зауыттың профильді қызметтері жіті бақылау жасады. Соның нәтижесінде 29 қазанда каталитикалық крекинг қондырғысы тұрақты жұмыс режіміне шығарылды. Бұл сұйытылған мұнай газын өндіруді қайта бастауға, дизель отыны өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік берді», деп мәлім етті кәсіпорынның қоғаммен байланыс бөлімінен.
Қазір зауыттағы өзге технологиялық қондырғыларда жоспарлы тексеру жұмыстарының негізгі бөлігі мәресіне жетті. Енді жабдықтарды кезең-кезеңімен технологиялық режімге шығару жоспарланып отыр. Зауыт тұрақты жұмыс режіміне қараша айының алғашқы онкүндігінде шығады.
Энергетика министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазан айында Атырау облысының тұтынушылары үшін 5 263 тонна сұйытылған газ бөлу бекітілген. Қажеттілік 6 200 тонна болатын. Газ көлемінің төмендеуі Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы тексеру жұмыстарымен байланысты болған.
Қазір Атырау облысында сұйытылған газ сататын 32 кәсіпорын бар. Газ құю стансасының жалпы саны – 103. Өңірде ай сайынғы қажеттілігі шамамен 9 мың тоннаны құрайды. Алайда іс жүзінде бөлінетін көлем, жоғарыда айтылғандай, 5 мың тоннадан әрең асады.
Тағы бір мәселені айтқан орынды болар. Бұрын мұнай өнімдерін бөлуге қатысты көлем әр ай сайын бекітілетін еді. Ал қазір тоқсанына бір рет есептеледі. Осындай есептеудің нәтижесінде сәуірде Атырау облысына 4 800 тонна сұйытылған газ бөлінген. Ал мамырда – 5 894, маусымдағы көрсеткіш 5 122 тоннаны құрады.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев атыраулықтармен кездесуде газ тапшылығының себебіне тоқталды. Оның пікірінше, басты себеп – жүргізушілердің көлігін газбен жүруге ауыстыруы.
«Бұл газды тұтыну көлемінің өсуіне әкеліп соғатыны анық. Осыған байланысты Энергетика министрлігі көгілдір отынды нормативтен тыс жеткізу жөнінде қосымша шаралар қабылдады. Біз Атырау мұнай өңдеу зауытынан 1 400 тоннаға жуық өнім жеткізіледі. Енді «Теңізшевройл» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр», деген еді министр.
Алайда сұйытылған газды тұтынушылар, әсіресе автокөлік жүргізушілері газдың бағасының тұрақты болағанын қалайды. Қазір оларды «газ бағасы қымбаттамай ма?» деген сауал алаңдатып отыр.
«Сұйытылған газ – мұнай-газ химиясы үшін бірегей шикізат. Полиэтилен, полипропилен, бутадиен өндіретін жаңа жобаларды іске асыру қолға алынды. Әрине, бағаның өсімін Ұлттық экономика министрлігі мен бәсекелестікті қорғау комитеті өз қорытындысын беретін инфляцияның базалық деңгейімен үйлестіретін боламыз. Бағаны көтеру қажет екенін көріп отырмыз. Бірақ бұл әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін шарықтап кетпей, біртіндеп жасалуы керек», деген пікірін айтты Алмасадам Сәтқалиев.
Министрдің дерегінше, елімізде сұйытылған газды тұтыну өсіп келеді. Бұл әлі өсе түсуі мүмкін. Бұл – нарықтың талабы, тұтынушының қалауы. Тұтыну көлемінің артуына байланысты ірі жобаларды іске асыру жоспарланған. Ең алдымен, бұл – ірі газ қондырғыларын құруға, салуға қатысты жобалар. Мұндай жобалар Түркістан мен Қызылорда облыстарында бар. Маңғыстау атом энергетика комбинаты мен Атырау жылу-электр орталығы қуаты ұлғайтылады. Атырау облысындағы газ-химия кешенінде қосымша қуаттарды іске қосу жоспарланып отыр.
«Осындай ірі нысандардың барлығы газдың қосымша көлемін қажет етеді. Бұл үшін Қазақстанда негізгі шаралар кешені жүзеге асырылып жатыр. «Қашаған» кен орнының газын өңдейтін зауыт құрылысы басталды. Оның қуаты – жылына 1 млрд текше метр газды өңдеу. Келесі кезеңде қуаты 2-ден 6 миллиард текше метрге дейінгі газ өңдеу зауытын салу жобасы бар. Қарашығанақ кен орнында инвестициялық жобаны іске асыратын әлеуетті қатысушыларды іріктеу жүргізіліп жатыр. Жоба көлемі – 4 миллиард текше метр газ өңдеу. Бұл жобалар ішкі тұтынуды да, Қытайға экспортталатын газ көлемінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді», деді министр.
Дегенмен газ тапшылығы жоқ деуге болмайды. Оны кәсібін осы саламен байланыстырғандар біледі. Мәселен, Өміржан Досов екі жыл бұрын Жылыой ауданында газ құю стансасын ашқан. Бұл үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы несие алған. Бір жылдан кейін жабдықты сатып алу үшін қосымша несие рәсімдеген.
«Сұйытылған газ үнемі жетіспейді. Өткен жылдан бері шығынға ұшырап келемін. Өйткені газ өте аз бөлінеді. Мен 120-150 тоннаға сұраныс беремін. Бірақ нақтысында 30-40 тонна газ алып жүрмін. Бұл екі аптаға ғана жетеді. Содан соң стансаны уақытша жабуға тура келеді. Осындай үзіліске байланысты екі адам жұмыстан шығып кетті. Ай сайын бір миллион теңгеден астам несие төлеуім қажет. Еш пайда көріп отырған жоқпын», дейді кәсіпкер.