• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2010

АТАМНЫҢ СУРЕТІ ДЕ САҚТАЛМАПТЫ

822 рет
көрсетілді

Менің бала кезімде Жеңіс күні таяғанда асыл әжем Бикеш­тің дегбірі қалмаушы еді. Әкем де қатты толқып жүретін. Әжем­­нің қараторы жүзін айғыздаған әжімдері бірде жазылып, бірде қалыңдап кеткендей болатын. “Белгісіз кеткен Шы­­­ныбек атаңа тиетіні осы ғана!” деп жеті шел­пегін пісіріп, құран ба­ғыш­тайтын. Ал әкем Мә­кен Шыныбекұлы Мұқа­ға­ли Мақатаевтың “Әке” де­ген өлеңін бізге жатқа оқып бе­ріп: “Менің бүкіл тағды­рым осы алты шумақ өлең­де жатыр”, дейтін. Ол өлең: “Әке, сенің жасың­нан асып барам, Кезі-кезі келгенде тасып та алам. Кезі-кезі кел­генде жасып қа­лам, Мы­на өмірге, бә­рібір, ға­шық балаң. Құр алақан емеспін қуаныш­тан, Қуа­ныш­тар алдымен құрақ ұш­қан. Бір арыстан өмірден өткенімен, Өмір сүріп келеді тірі арыстан. Өкінбе, әке, отың бар сөнбейтұғын, Ол мәңгілік жанады көрмей тыным. Ұрпағың бар, ел менен ер намысын, Тірі тұрса, қолынан бермейтұғын”, деп келеді. Бикеш әжемнің айтқан әң­гімелері әлі күнге дейін құла­ғым­ның түбінде тұр. Атам Шы­ныбек 1912 жылы өмірге келіпті. Әкесі Әуесбай 28 жасында өмір­ден озып, жетім қалыпты. Бірақ атасы Сампыр мен әжесі Дә­небала қанаттыға қақтырмай, тұм­сықтыға шоқыттырмай өсі­ріпті. Есік қаласындағы педаго­гикалық училищені бітіртіп, бұрынғы Кеген ауданының бір қиырындағы Күрметі ауылын­дағы орталау мектепке алға­шын­да мұғалім болып барып, арты­нан директорлық қызметті ат­қа­рыпты. Бикеш әжеммен бас қо­сып, ша­ңырақ көтеріп, енді ел қатарына қосыламыз ба дегенде сұрапыл соғыс басталып, өзі сұранып, майданға аттаныпты. Ұлы анам Дәнебала жалғыз ұлын майданға аттандырған кез­де көп жерге дейін ерінің үзең­гісінен ұстап, бір құдайға тап­сырдым деп ағынан тілеген екен. Сонда атам артына қарап тұрып: “Мен сіздерді, одан кейін тұғырым болар жалғыз ұлым Мәкенді Аллаға аманат­та­дым”, депті. Сонда артынан тесіле қа­рап қалған әжем Бикеш отызға да жасы толмай қалыпты. Кәрі атасы мен енесінің, қар­ға­дай жалғыз ұлының бүкіл тау­қы­меті сол кісінің мойнына арты­лыпты. Күндіз-түні колхоздың жұмы­сында жүрсе, түнде енесі екеуі майдандағыларға қажет ки­ім-кешек тігіпті. “Астық сапырып жүргенде құс ұйқым болушы еді, күректің сабына сүйеніп көз шырымын алатынмын”, дейтін. Атасы мен енесі, Бикеш әжем­­нің екі көздері төрт болып, біреулері баласынан, ал жары ері­нен хат күтеді екен. Аман­дығын білдіріп келген хат олар үшін бір мереке болыпты. Қазір қолымыз­да сақталған соңғы екі хатына қарап отырсам, атам от пен оқ­тың ортасында жүрсе де өмірден күдерін үзбепті. “Мені уайым етпеңдер. Менің уайы­мым сіздер, әсіресе Дәкем, атам мені ойлап “азды-ау” деп көп ой­ланамын”, десе, екінші бір хатында Бикеш әжеме: “Дәкемді, атамды, Мәкенімді жақсы қара. Алла бізді табыстырар күнді жақындатсын. Жау да құруға тиісті”, депті. Бұл екі хаттың бірі 1943 жылдың 21 қыркүйегінде келсе, екінші хат сол жылдың 18 қарашасында жетіпті. Бір өкі­ніш­тісі, осы екінші хаттан кейін ха­бар үзіліп, бір жыл өткен соң қара қағаз келіпті. Бірақ өмірден озғанша әжем де, әкем де Шы­ныбек атамды өлді дегенге қи­май, өмірде бардай, бір күні жап-жас күйінде жетіп келетіндей көріп, өздерінше әңгіме-дүкен құрып отыратын. Соғысты көрмесе де тылдың азабын тартқан аталарым мен аналарым ақыры бейбіт күнге де жетіп, Шыныбек атамнан қалған менің әкемді қатарға қоссақ деп армандарын үкілейді. Ақыры оған да қол артады. Онды бі­тірген жы­лы әкем қазіргі Әл-Фа­раби ат­ын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­си­те­ті­нің химия факуль­тетіне оқуға түсіп, оны жақсы бі­тіріп шы­ғып­ты. Көп жыл мек­тепте мұға­лім, директор, партия, кеңес ор­ган­да­рында жауапты қызметтер атқарды. Әкем анасын тік тұрып сый­лайтын. Өз қолы өз аузына жет­кенде барлық құрметті көрсетті. Небір айтулы демалыс орында­ры­на жіберді. Мәскеуді де ара­латып қайтты. Мен әкемнің ос­ын­дай ана сыйлаудағы, әке құр­меттеудегі үлгісін осы күндері өз­імнің балаларыма үлгі етіп айтып отырамын. Жеңіс күнінің жемісі оңайлықпен келмегенін, оның қадір-қасиетін білу арқылы олар­ға жасар құрметтің ерекше еке­нін саналарына құямын. Өйт­кені, ұрпақ сабақтастығы туралы әкем әркез айтатын. “Сен ал­дың­дағы аталарыңды ұмытпасаң, кейінгі ұрпақ сені де ұмытпайды, бізді де есінен шығармайды”, дейтін. Міне, биыл Жеңістің 65 жылдығы аталып өтіп жатыр. Әкем өмірден озғанша Шыныбек атам туралы деректер іздеумен болды. Мен де хабарсыз кеткен атам туралы бір жақсы сөз естіп қаламын ба деп құ­лағымды түріп жүремін. Бір де­регі шықса, әке аманаты деп ба­сына баруға да әзірмін. Қо­лымдағы хаттарды оқимын. Осы­дан 70 жыл бұрынғы қолтаң­басына қарап отырып, ол кісінің майдандағы бейнесі қалай болды екен деймін. Көз алдыма елес­тете алмаймын. Себебі, суреті сақтал­ма­ған. Әйтсе де әжем айтқан де­нелі кісі көз алдыма келеді. Шір­кін, анда-санда қарап қоятын майдангер атамның бір суреті болса ғой деп ойланатын кез­дерім де аз емес. Егер Шыны­бек Әуес­байұлы туралы бір жылы хабар, не жатқан жері туралы дерек табы­лып жатса, басына барып құран бағыштауға әзірмін. Бір тәубе етерлігі, жоғарыдағы Мұқағали ақынның өлеңінде айтылғандай, Шыныбек атамнан тараған ұрпақ тәуелсіз елдің іргесін бекітуге өз үлесін қосып жүр. Бұл ата аманаты, әке аманаты деп білемін. Нұрлан ӘУЕСБАЕВ. Алматы облысы.