• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 10 Қараша, 2023

Қаскелеңдегі көше жеке меншікке өтіп кетіп, тұрғындар жолсыз қалды

199 рет
көрсетілді

Жол азабын тартқан Алматы облысы Қаскелең қаласының тұрғындары шу шығарды. Айтуларынша, жерді оңды-солды сатқан шенділердің кесірінен 100-ге жуық отбасы тығырыққа тіреліп отыр. Өйткені карта бойынша сызылған жолдың бір бөлігі аяқастынан бір пысықайдың меншігінде болып шыққан, деп хабарлайды Egemen.kz.

КТК арнасының жазуынша, жердің заңды не заңсыз екенін әкімдіктегілердің өзі де айта алмады. Қаскелең қаласының жоғарғы жағындағы үйлер осыдан 10 шақты жыл бұрын салынған.

Шамамен 100-ге жуық үй бар. Бұл қалаға, ары Алматыға шығатын жалғыз жол. Енді алдағы уақытта бұл жол да жан-жағынан жабылып, тұрғындар мүлдем қамалып қаламыз ба деп қорқып отыр.

Оған себеп тұрғындар кезінде өз қаражатына салған жолды осыдан үш ай бұрын бірі қопарып, қақпа салып тастаған. Себебін сұрап келсе, үй иесі "құжаттарым түгел" деп жауап қайырыпты. Жұрт жол тұрған жерді сатып жіберген әкімдіктегілер екеніне сенімді.

"Міне, мына асфальт. Осыны қолдан жасап асфальт төсегенбіз. Енді мына кісілер біздің мемлекеттік актіміз бар деп жауып тастады. Жол былай қарай келу керек. Енді жоқ. Ашып беруін талап етеміз”, – дейді тұрғындар.

100-ге жуық отбасы қазір көршісінің учаскесімен өтіп жүр. Бірақ заңды иесі онда үй салатын болса, тұрғындардың не ары, не бері шыға алмай қалатын түрі бар.

"Мына жол төрт көшенің жалғасы. Көршінің учаскесі ана бағанадан бастап, мына бір жерге келеді. Сонда жалғыз жол. Мектепке де барады. Мектепте 300 бала оқиды. Оларға да жол жоқ, бізге де жоқ. Егер ол кісі жауып тастайтын болса, біз тікұшақпен ұшып жүруіміз керек”, – дейді Бауыржан Сейітжанұлы.

Қаскелең қаласының бас жоспары бойынша бұл біреудің жер телімі екен.

“Мынау бас жоспар 2018 жылы өзгеріс енгізілген. Сіздердің сұрауларыңыз бойынша, мынау біреудің жер телімі жолға түскен. Оның қазір заңдылығын қосымша анықтаймыз. Сәулет, жер қатынастары бөлімі бар, солармен анықтап, қосымша ақпарат береміз. Ал халықтың сұрап отырған, ыңғайсыз туғыздырып отырған жер теліміне біз қазір демеушілердің арқасында тас төсеу, жол тегістеу жұмысын сұрап отырмыз. Осы қараша айының соңына дейін халыққа сол жерді тегістеп, ыңғайлы өтуіне жағдай жасаймыз”, – дейді Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары Серік Қамзанов.

Бұл жер телімінің жолдың үстіне қалай түсіп кеткенін атқамінерлер білмей ме, әлде ашып айтқысы келмей ме, белгісіз. "Анықтаймыз" дегеннен ары аса алмады. Десе де мәселені бір жақты қыламыз деп сендірді. Алайда жергілікті тұрғындар шенділерден баяғыда күдерін үзген. Түйткілдің түйіні жақын арада тарқатылмаса, құзырлы органдарға жүгінеміз деп отыр.