ІІМ Астанадағы мейрамханалардың біріндегі Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Egemen.kz қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Астанадағы мейрамханалардың біріндегі әйелдің өліміне қатысты оқиғаны елордалық Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша тергеп жатыр", - делінген хабарламада.
Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-тармағы ("Адам өлтіру") мәтінінде былай көрсетілген:
"Адам өлтiру, яғни басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату – сегіз жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады".
Еске салайық, 9 қарашада экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ұсталғаны белгілі болды. Астанадағы мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, салдарынан бір әйел алған жарақатынан көз жұмған.
Сондай-ақ, сағат 19:54-те астаналық жедел медициналық қызмет көрсету станциясы пультіне қоңырау түскен. Жедел жәрдем бригадасы жеткенде 1992 жылы туған әйелдің қаза болғаны расталды. Кейін марқұмның 31 жастағы Салтанат Нүкенова екені белгілі болды. Ол - Қуандық Бишімбаевтың әйелі.