• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Мәселе 12 Қараша, 2023

Егіндікөлдің еңсесі көтеріледі

250 рет
көрсетілді

Биыл мамыр айында ел газеті «Егеменде» «Егіндікөлден ел неге көшеді?» деген тақырыппен күрделі мәселе туралы көлемді мақала жарияланған еді. Онда Нұра су құбырының бойындағы Егіндікөл, Қорғалжын, Атбасар аудандарының 20-дан аса елді мекендерінің тұрғындары 30 жылға жуық уақыт бойы ауыз судың азабын тартып келе жатқанын айтқан едік.

Мамандардың есептеуіне қара­ғ­анда, жарты ғасырдан бері жал­пақ жұртты ауыз сумен қамта­масыз етіп келе жатқан Нұра су құбырының 90 пайызға жуығы шірігені де белгілі еді. Сонау Нұрадан бастау алып, Атбасарға жеткенше желі бойындағы судың шамамен 70-80 пайызы шығын болатыны да көрсетілген. Су құ­быры жиі жарылатындықтан үш ауданның тұрғындары апталап ауыз сусыз қалатын. Осы жылдың мамыр айында жергілікті маңыздағы төтенше жағдай да жарияланған. Таяуда облыс әкім­ді­гінің баспасөз қызметі сүйінші хабар жариялады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімінің тағайындаған кезде қадай тапсырған алғашқы міндеттің бірі осы болатын.

Облыс әкімі Марат Ахмет­жанов­тың басшылығымен комиссия құрылды. Комиссия құра­мы­на Су ресурстары және ирригация министрінің орынбасары, Су ресурстары комитетінің төрағасы, Қорғалжын, Егіндікөл аудан­да­ры­ның әкімдері, облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы, Нұра топтық су құбырының өкілдері және басқа да мүдделі адамдар кірді. Желінің жаңа учаскелерін негізгі учаскелерге қосу бойын­ша нақты іс-қимыл жос­пары әзірленді және қосылу мерзімі келісілді. Облыс әкімінің шақыруымен ауданға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келді. Сол жерде құбырдың тозығы жеткен магистралдық бө­лі­гін ауыстыру технологиясын өзгерту туралы жедел ше­шім қабылданды. Ұзындығы 337 ша­қырымды құрайтын су құ­бы­ры Егіндікөл, Қорғалжын және Атбасар аудандарының 24 елді мекенін сумен жабдықтаудың негізгі көзі екенін атап өту қажет.

Су құбырын жаңғырту жалға­су­да. Ол жерде бірден екі мердігер ұйым жұмыс істейді. 42 шақырым ор қазылды. 11,2 шақырымнан аса құбыр төселді. Өзге де жұмыстар мейлінше сапалы атқарылып жа­тыр. Кеше Егіндікөл ауылы тұрғындарына жеті айдан кейін алғаш рет ауыз су бере басталды. Енді елдің еңсесі көтерілетін-ақ шығар.

 

Ақмола облысы