• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2010

БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ БАС БӘСЕКЕСІ

720 рет
көрсетілді

Осы аптаның жұма күні тұңғыш рет Африка құр­лығында жанкүйерлердің төрт жыл тағатсыздана күткен футболдан әлем чемпионаты басталады. Дүбірлі доданың өтетін жері – Оңтүстік Африка Республикасы. Бір ай бойы жалғасатын әлем чемпионатына төрткүл дүниенің төрт бұрышынан қара үзіп, жолдама алған 32 елдің құрамалары жоғарыда аталған мемлекеттің бірнеше қалаларында бақ сынасады. Жалпы, футболдан әлем чемпионаты өт­кен ғасырдың 30- жылдарынан бері өткізіліп келе жатқаны белгілі. Алғаш рет Уругвайда 1930 жылы жалауын көтерген чемпионат оған дейін Еуропа, Оңтүстік, Орталық және Солтүстік Америка мен Азия елдерінде жал­ғасқан болатын. Енді, міне, әлем чем­пио­натын өткізуге кезек Африка құрлығына келіп тұр. Бұл шешімді ФИФА 2004 жылдың 15 мамырында Швейцарияның Цюрих қаласында орналасқан штаб-пәтерінде қабылдады. Сол кезде чемпионатты өткізуге ОАР-дан басқа Марокко, Египет, Ливия мен Тунис елдері бірігіп өтініш білдірген еді. Бі­рақ, соңғы сәтте Ливия мен Тунис жарысты өткізуге шамалары жетпейтіндігін мойын­дағаннан кейін Марокко, Египет және ОАР арасында дауыс берудің нәтижесінде соң­ғы­сы кезекті әлемдік доданы өткізу құқығына ие болды. Осы рәсімде Марокко 10 дауыс ал­са, оңтүстікафрикалықтар 14 дауыс жинады. Ал, Египетке бірде-бір дауыс берілмеді. Әлем чемпионатының тарихына қарасақ, оған алғашқы кезде 13 елдің құрамалары ғана қатысқанын көруге болады. 1930 жылы бүкіл ойындары Уругвайдың астанасы Монте­ви­деода өткен бәсекеде алаң иелері чемпион атанды. Одан кейін 1934 және 1938 жылдары Италия құрамасының бағы жанды. Ал Ұлы Отан соғысынан кейін қайта жалғасын тап­қан футбол бәсекесіне 16 елдің құрамалары қатысып, жарыс көрігін қыздыра бастады. 1982 жылы Испанияда өткен чемпионатқа құрамалар 6 топқа бөлініп, алғаш рет 24 ко­манда болып қатысты. Осы дәстүр 1998 жылға дейін жалғасты. Сол кезде Францияда жалауын көтерген чемпионатқа қатысқан 32 команда 8 топқа бөлініп күш сынасты. Бұл үдеріс күні бүгінге дейін жалғасып келеді. 1930 жылдан бастау алған әлем чемпио­на­тына биыл 70 жыл толып отыр. Осы уа­қыт аралығында Бразилия құрамасы – 5, Италия – 4, Германия – 3, Аргентина мен Уруг­вай 2 рет әлем кубогын жеңіп алса, Ан­глия мен Франция бір реттен чемпион атанды. Бүгінде әлем чемпионатын өз алаңында өткізу қай елге болмасын мәртебе. Өйткені, ол дүние жүзіне елдің туристік имиджін, спорттағы беделін қалыптастыруға септігін тигізетін үлкен жарнама болып саналады. Осы орайда 1998 жылы Францияда аяқтал­ған әлем чемпионатынан кейін болған мына жағдайды айтуға болады. Сол кезде ФИФА-ға келесі әлем біріншілігін қай елде өткізу керек деген мәселе қойылғанда, Дүниежүзілік футбол федерациясы чемпионатты енді басқа жерлерде емес, Азия құрлығында өткізу қажеттігі туралы шешім қабылдаған болатын. Сөйтіп, сары құрлықтан келіп түскен өтініштерді таразыға салып, ақы­рын­да 2002 жылы бо­ла­тын әлем чемпионатын өткізуге Күншығыс елі лайық деп танылған еді. Алай­да, сол тұста ФИФА өті­ніш берген­дер­дің қа­тарында Оң­түс­тік Ко­рея­ның да бол­ғанын, оның да жа­рыс­ты ұйым­да­с­тыруға мүм­кіндігі бар екені ескерілмеген соң бұл ел наразылық білдіргенде ғана өтінішті қайта қарауға тура кел­г­ен. Соның нәтижесінде ФИФА екі елдің арасында дау-дамай, оның соңы өкпе-ренішке ұласып кетпеуі үшін Корея мен Жапонияға жарысты бірігіп өткізуге рұқсат берді. Енді биылғы бәсекеге келер болсақ, 11 маусымнан бастап бір ай бойы жалғасатын чемпионатқа 8 топқа бөлінген 32 құрама ко­манда қатысып, 64 кездесу өткізетін болады. Әлем чемпионатының алғашқы матчы 11 маусым күні Йоханнесбургтың қазіргі заман талабына сай етіп жасалған, 94 700 адам еркін сиятын “Соккер сити” стадионында алаң иелері мен Мексика құрамаларының ара­сында өтеді. Осы жерде ОАР әлем чем­пио­­­натын лайықты өткізу үшін жаңа ста­диондар салып, ескілерін күрделі жөндеуден өткізгенін атап өткеніміз жөн. Олардың ара­сында “Соккер ситиден” басқа, Йоханнес­бург­тың тағы бір “Эллин парк” стадионы бар. Бұл аренаны көп жерде “Кока Кола парк” деп те атайды. Оның себебі, аме­ри­калықтар Африкада өз өнімін жарнамалау үшін кезінде ОАР үкіметіне 30 млн. еуро тө­ле­ген деген дерек бар. Бұдан басқа Дурбан­дағы “Мозес Мабида” (70 000), Кейптаун­дағы “Кейптаун” немесе басқаша атағанда “Грин Пойнт” (69 070), Преториядағы 51 760 жанкүйерге арналған “Лофтус Версфельд”, Порт-Элизабеттегі “Нельсон-Мандела-Бей” (48 000), Блумфонтейндегі “Фри Стейт” (48 070), Полокванедегі “Питер Мокаба” (4600), Рюстенбургтегі “Роял Бафокенг” (44 530) пен Нелсперейттегі “Мбомбела” (43 589) стадиондарын айтуға болады. Сөз соңында биылғы чемпионатқа алғаш рет Словакия құрамасы мен Солтүстік және Оңтүстік Корея елдерінің бірге қатысқалы отыр­ғанын атап өткіміз келеді. Сонымен бір­ге осы жылғы жарысқа Михаэль Баллак, Дэ­вид Бэкхем, Рио Фердинанд пен Роналдинью сияқ­ты шеберлердің түрлі себептерге бай­ланысты қатыса алмайтынын ескерте кеткеніміз жөн. Дастан КЕНЖАЛИН. ФУТБОЛШЫЛАР ҚУАНЫШЫ Футбол десе делебесі қозып, оған жан-тәнімен берілмейтін үл­кен-кіші жоқ. Жанкүйерлер жеңсе бөркін аспанға атып, жеңілсе күйі­неді. Ал, еліміздің көкбайрағын до­далы жарыстарда биікке көтеріп жүрген ұлттық құраманың жеңісі біз үшін ерекше десек, олар жа­қын­да үлкен қуанышқа бөленді. Олар­дың бұған дейін шеберліктерін шыңдайтын, жаттығып, демалатын жеке базасы болмаған екен. Осы олқылықтың орны толтырылып, ФИФА өкілдері мен еліміздің фут­бол федерациясы басшыларының қатысуымен Талғар қаласында жа­ңа технологиялармен жабдықталған футбол базасы ашылды. Жеңіс өздігінен келмейді. Ол үшін жаттығу, шыңдалу, жан-жақ­ты дай­ындық қажет. Әрдайым ел фут­бол­­­­­шылары жанкүйерлерін жеңіс­те­рі­мен қуантсын деген үміт­пен 2004 жы­лы құрылысы бастал­ған нысан за­ман талабына сай жаттығу залы, 28 жа­тын бөлмелері мен демалатын ор­ны, бассейн, монша, мәслихат залы, тағы басқа қажеттіліктермен қамтылыпты. Құрылыстың сапасында мін жоқ, көркі де көз қызықтырады. Аталған шараның ашылуында нысанды салуға УЕФА мен ФИФА қаржылай көмек көрсетсе, жалпы құрылысқа 5 млн. еуро жұмсалған. Жаңа футбол базасының ашы­луына алыс-жақыннан келгендер таңданыстарын жасырмады. Енді жанкүйерлердің футболшылар ха­лық­аралық аренада намысты қол­дан бермей, биіктен көрінсе, деген тілегі орындалса, құба-құп. Ұлттық құрама мүшелері жаңа орындағы жаттығуларын бастап та кетті. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. БІРЕГЕЙ СПОРТ КЕШЕНІ Ойыл аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде жаңа спорт кешені пайдалануға берілді. Спорт кешенінің салта­нат­ты ашылу рәсіміне ойылдықтар тай­лы-таяғы қалмай жиналды. Алыс­тағы аудан орталығындағы бі­ре­гей спорт ғимаратының ел игілі­гіне қызмет етуін мұндағылар көптен күткен болатын. Сондықтан да бұл сәттің салтанаты басым түсіп жатты. Спорт кешенінің ашылуында сөз алған Ойыл ауданының әкімі Мұхтар Жұмағазиев өңір халқының еңбекқорлығын алға тарта сөйледі. Бірыңғай мал шаруашылығымен айналысатын аудандағы соңғы жылдардағы әлеуметтік саладағы оң өзгерістерді Елбасы саясатымен, облыс әкімі Елеусін Сағынды­қовтың іскерлігімен сабақтастыра әңгімеледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу –Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты биылғы Жолдауында елімізде бұқаралық спортты дамытуға және саламатты өмір салтын қалыптас­тыруға баса назар аударғанын жет­кізе келіп, спорт кешенінің пай­далануға берілуі спорт мектебінің оқушылары үшін ғана емес, жалпы аудан орталығының тұрғындары үшін елеулі оқиға болып отыр­ға­нын атап көрсетті. Бұл жастың да, жасамыстың да спортпен, дене тәр­биесімен айналысуына таптыр­май­тын орын болатынына тоқталды. Сондай-ақ, кешегі жекешелендіру кезінде қолдарында ұстап қалған бұрынғы автобаза ғимаратын билік­тің қолқалауымен тегін қайтарып берген кәсіпкерлер Самат және Ұлан Шыңбаевтарға ризашылығын білдірді. Салтанатты сәтте кезінде осы ауданды басқарған, қазір облыстық басқармаларды басқарып отырған Қуантқан Әлімов, Серік Орынбаев, облыс әкімінің кеңесшісі Қанатбай Елеусіз және басқалары шығып сөй­леп, бос тұрған ғимараттың ха­лықтың кәдесіне асуына ризашы­лық­тарын білдірді. Спорт кеше­нінің пайдалануға берілу салта­на­тында облыстың Қобда, Темір, Бай­ғанин және көршілес Атырау об­лысының Қызылқоға және Ба­тыс Қазақстан облысының Қара­төбе аудандарының әкімдері келіп, игі тілектерін білдірді, байғазы­ларын ұсынды. Спорт кешенін аралап көрген қонақтар да, осы саланың маман­дары да, ауылдықтар да қаншама жылдар бос тұрған ғимараттың жа­ңарып, жаңғырған спорт кешеніне айналғанына тәнті болды. Көр­ші­лес аудандардың басшылары осын­да ауданаралық жарыстар өткізу ту­ралы да ой білдірді. Тіпті республи­калық деңгейдегі жарыстар өткізуге болатынын тілге тиек еткендер де болды. Қалай дегенде де, шал­ғайдағы аудан орталығында сәні де, салтанаты да келіскен, осы заманғы спорт құралдарымен жабдықталған жаңа спорт кешенінің пайдалануға берілуі – үлкен қуаныш әрі еліміздің еңселене түсіп келе жат­қанының айқын көрінісі. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.