• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қараша, 2023

Жаңа жылдан соң елімізде зейнетақы мөлшері қалай өседі?

3057 рет
көрсетілді

2024 жылы зейнетақының қай түрлері қанша теңгеге артады? Бұл сауалға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Анықталған дерекке қарағанда, зейнетақы алушының жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты жыл сайын республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген мөлшерде көтеріледі.

"Әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2024 жылға арналған инфляция деңгейі 6-8 пайыз дәлізде көзделетінін ескере отырып, "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасында жасына және еңбек сіңірген жылдарына байланысты зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаражат олардың мөлшерінің 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 9 пайызға өсуін ескере отырып көзделеді", - деп жазды министрлік.

Ал мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 7 пайызға өседі.

"Бұдан басқа, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 60 пайыздан 65 пайызға дейін, ал ең жоғары мөлшері – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызынан 105 пайызға дейін артады", - деген ведомство.

Сондай-ақ, бюджет туралы заң жобасында 2024 жылы ең төменгі зейнетақы 57 853 теңге, ал базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге болады деп көзделгені айтылған.

2024 жылы жасына байланысты зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері 152 295 теңгеге жетеді. Бұған қосымша мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі ұсынылады, оның ең жоғарғы мөлшері 2024 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105 пайызына тең, яғни 45 578 теңге болады. Зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы - 197 873 теңге.