«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – ұрпақ үшін құнды жоба. Біріншіден, елімізде өзекті мәселеге айналған оқушы орын тапшылығын жоюға септігін тигізеді. Екіншіден, ауыл мен қала мектептеріндегі білім деңгейін теңестіреді. Үшіншіден, оқушыға жайлы жағдай жасап, сапалы біліммен қамтамасыз етеді. Сондықтан жобаға бөлінген қаржының әр тиыны өз мақсатына жұмсалуға тиіс. Бірақ өкінішке қарай, білім ошақтарын жобалау кезінде құрылысқа арналған қаражат мөлшерін негізсіз ұлғайту фактілері анықталып жатыр.
Мұндай жағдайларды «Samruk-Kazyna Construction» мамандары жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасын тексеру кезінде анықтаған. Бұл туралы Басқарма төрағасы Мәулен Айманбетов жайлы мектептердің мердігерлерімен және жобалаушы ұйымдармен өткен жиын барысында мәлімдеді.
Консорциум жетекшілерімен жасалған ЕРС-шарттар аясында жайлы мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасын әуелі тапсырыс беруші, яғни «Samruk-Kazyna Construction» компаниясы тексеріп, құптауы керек. Содан кейін ғана ол мемлекеттік сараптамадан өткізуге арналған порталға жүктеледі.
Жобалық-сметалық құжаттаманың қатаң тексерілетінін білсе де, кейбір мердігерлер айласын асыруға тырысқан. Мысалы, кейбір жобалаушы ұйымдар сыртқы инженерлік желілерді (кәріз, сумен жабдықтау, жылыту, ТОБЖ және т.б.) тарту бойынша шығындарды мектептердің жобалық-сметалық құжаттамасына енгізіп қойған. Алайда «Samruk-Kazyna Construction» компаниясының мәлімдеуінше, бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен орындалуға тиіс. Үкіметтің №963 қаулысына сәйкес жергілікті атқарушы органдар ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде орта білім ұйымдарының объектілерін салу кезеңіне дирекцияға жер учаскесіне жерді уақытша өтеусіз пайдалану құқығын беруді және мектеп салу жоспарланып отырған жер учаскесін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға қосуды немесе дирекция мен жергілікті атқару органдары арасында құндары бұрын келісілген дирекция айқындаған мердігер ұйымның шығыстарын төлеуді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ тауарлар мен қызметтердің сметалық құнын өтірік қымбаттатып көрсеткен жағдайлар да бар. Ережеге сәйкес, жайлы мектептерді жобалау кезінде «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» әзірлеген ресурстық сметалық-нормативтік база мен сәулет-қала құрылысы, құрылыс каталогін басшылыққа алу қажет. Мәулен Айманбетов мектептерді жобалаудан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық үдеріс заңнама мен құрылыс нормативтері шеңберінде жүргізілуге тиіс екенін ерекше атап өтті.
«Жобалаушы ұйымдардағы мамандардың кәсіби деңгейі төмен болуы салдарынан 300, 600, 900 орындық мектептердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау мүмкін болмай тұр. Мен сіздерді бұрынғы әдістерден бас тартуға шақырамын. Жайлы мектептер заманауи құрылыс индустриясының озық үлгісі болуға тиіс. Сондықтан мен оны іске асыруға үлкен жауапкершілікпен қарауды сұраймын. Егер жобаны әдейі қымбаттату әрекеті байқалса, құрылыстың кез келген кезеңінде біз түзетулер енгізіп, шығындарды азайтамыз. Қосымша жұмыс көлемі үшін қаржы төленбейді, әр тиын үшін жауап бересіздер», деді Басқарма төрағасы.
М.Айманбетов қитұрқы әрекеттер үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертті. Атап айтқанда, ҚР ҚК 189-бабы («Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу») қолданылуы мүмкін.
Жайлы мектептер қолданысқа дайын күйде тапсырылуға тиіс. Оқу орындарын жобалаумен, салумен және жабдықтаумен құрылыс және жобалаушы ұйымдардан тұратын консорциум айналысады. Консорциум жетекшілері ретінде құрылыс компаниялары танылған.
Кездесу қорытындысы бойынша «Samruk-Kazyna Construction» басшысы консорциум жетекшілері мен консорциум құрамына кіретін жобалаушы ұйым өкілдеріне смета бағасының артуына жол бермеуді, ал жобалау жұмыстарын бұйрық пен нормаға сай жүргізуді, тиімсіз, экономикалық тұрғыдан мақсатсыз жобалау жұмыстары мен смета құнын өсіру бойынша жауапкершілік жөнінде кепілдік хат ұсынуды, мектептердің құрылысы бойынша бас жоспарын нормативті талаптарға сай ретке келтіруді, ЖСҚ барлық бөлімі бойынша сметалық-нормативті базаға сәйкес келмейтін көлемі жөнсіз көтерілген құрылыс-монтаждау жұмыстарын, материал мен құрылғыларды алып тастауды тапсырды.
Айта кетейік, 2022 жылы оқушы орындарының тапшылығы 270 мың орынды, оның ішінде қалада – 174 мың орынды, ауылда 96 мың орынды құрады. Бұдан басқа, жұмыс істеп тұрған 710 мектеп әбден тозған. 177 мектеп пайдалану мерзімі 70 жылдан асатын ғимараттарда, 239 мектеп саманнан, 69 мектеп ағаштан, 5 мектеп қамыстан салынған және 40 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан. Мәселен, 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша Ұлттық білім беру дерекқорының деректеріне сәйкес, елде 37 мектеп апаттық жағдайда деп танылған. Ал 142 мектепте оқыту үш ауысымда жүргізіледі. Сол себепті «Жайлы мектеп» жобасының талапқа сай әрі уақытында орындалуы аса маңызды.