• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Шаруашылық 15 Қараша, 2023

Бай болғың келсе, балық өсір!

385 рет
көрсетілді

Жуырда Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті «Ветеринария және мал шаруашылығы» факультетінің корпусында орналасқан «Балық шаруашылығы» ғылыми-зерттеу орталығында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Ғалымдар журналистерге кларий жайын балығы мен шаянды жасанды көбейтудің биотехнологиялық тәсілін көрсетті.

Факультеттің оқытушы-профессор­ларының айтуына қарағанда, баспа­сөз турының мақсаты – балық шаруа­шылығы орталығы жұмысын насихаттап, саланың ізденістерін көрсету. Мамандыққа мемлекеттік гранттар жет­кілікті бөлініп жатыр. Тек әттеген-ай дегізетіні, бөлінген гранттың жартысынан азы игеріліп, қалғаны кері қайтарылатын көрінеді.

«Біздің бөлімде білім алғандар жақсы маман болумен қатар, келешекте сол білімнің арқасында өзінің жеке кәсібін ашып, үлкен жетістіктерге жетуіне де мол мүмкіндік бар. Сон­дық­тан біз талаптанып келген талап­керлерге балық шаруашылығы бөлі­мінің тиімді тұстары мен көпте­ген артықшылықтарын айтып түсінді­реміз. Қажет кезінде ашық есік ұйым­дастырып, мектеп оқушыларына бәрін түсіндіріп береміз» деді  ҚазАТУ Аңшылықтану және балық шаруашылығы кафедрасының мең­геру­шісі Гүлжан Әубәкірова.

Баспасөз турының барысында журналистер зерттеу орталығын аралап, тәжірибені іс жүзінде өз көздерімен көруге мүмкіндік алды.

«Кларий жайынын көбейту – күр­делі технологиялық үрдіс. Оны өсіруге арналған қауыздың материалдары сапалы болуға тиіс. Өйткені жайын шабағының еркін өсуіне оның да әсері бар. Аталған жайынның шабағын шетелден әкелу тым қымбат. Сондықтан оларды осы ғылыми лабо­ра­торияға әкеліп, зерттеп-зерделеп, қандай жағдайда өсіріп, көбейтуге болатынын тәжірибеден өткеріп жатырмыз. Ондағы мақсат балықты өсіріп, пайдаға асыру құнын арзандату болып отыр. Осылай жасағанда ғана тауарлық балық өндірісін кеңейтуге мүмкіндік аламыз», деді Ветеринария ғы­лымдарының кандидаты, осы балық шаруашылығы лабораториясының негізін қалаған доцент Қуаныш Сыздықов.

Балықты өсіру мен көбейтудегі маңызды үрдістің бірі – уылдырық шашуға дайындау.

«Тропикалық балықтар қатарын­да­ғы кларий жайыны – Африка мен Таяу Шығыс елдерінде, бірқатар Оңтүс­тік-Шығыс Азия мемлекеттерінде ба­лық өсірудің негізгі көзі. Қазір кларий жайыны тек табиғи диапазонда ғана емес, қоңыржай аймақтарда, өнер­кәсіптік нысандардың жылы суларындағы торлар мен қауыздарда, сумен жабдықтаудың жабық циклі бар қондырғыларда да өсіріле береді.

Ендігі айтпағымыз, біздің елде де кларий жайынын өсіруге жақсы мүмкіндік бар. Кларий жайынын өсіру үшін, ең алдымен, жаз мезгілінде жоғары температурасы бар су қой­ма­ла­рын, сондай-ақ жабық сумен қамтамасыз етілген балық өсіру жүйе­лерін пайдаланудың келешегі зор. Біздің зерттеу есептерімізге қарағанда, суға шашылған уылдырық бар-жоғы жарты жылда екі келіге дейін өседі. Осыған негіздеп, жеке кәсіп ашқысы келіп жүрген азаматтарға, «бай болғың келсе, балық өсір» дегенді айтқымыз келеді», деді ғалым.

Қазіргі кезде азық-түлік тұрғысын­дағы халықтың тұтыну себетінде шаян да бар. Сондықтан гидробионттардың, атап айтқанда, шаян тәрізділердің нәзік түрлеріне де сұраныс артып келеді. Ға­лымдар тұщы суда да тіршілік ете бере­тін шаяндарды өсіріп, қажетінше көбей­тіп, оны да мол табыстың көзіне айнал­дыруға болатынын дәлелдеп шықты.

Бұрынғы ТМД-дағы шаян тәрізділер аквамәдениеті жергілікті өзен шаян­дарын өсіруге негізделген. Қызыл түйіршікті өзен шаяндарының кейбірі­нің ұзындығы 20-25 см-ға жетеді. Табиғи жағдайда аталықтарының салмағы 500 гр, ал аналықтары 400 гр тар­тады. Сондықтан аустралиялық қызылтырнақты шаян әлемдік аквамә­дениетте танымал бола бастады.

Еске салсақ, бұған дейін зерттеу уни­верситетінде «Балық өсіруге ар­нал­ған тұйық сумен жабдықтау қон­­дырғы­ларының технология­сын же­тіл­діру», «Геотермалдық су көз­де­­рінде жаңа аквамәдениет объек­ті­лерін өсіру технологиясын әзір­леу» және «Қазақстанның құнды ба­лық түр­­лерінің репродуктивті жасу­ша­ла­ры­­ның криобанкін құру» тақырып­та­рында ғылыми жобалар жүзеге асы­рылған болатын.