Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Ұлттық статистика бюросы таратқан мәлімет бойынша 14 қараша күні таңғы сағат 08:10-да өмір есігін ашқан бес сәби халық санын 20 миллионға жеткізді. Сол несібелі бес сәбидің бірі Талдықорған қаласында өмірге келді, деп хабарлайды Egemen.kz.
34 жастағы Мұхтар Әзімбаев пен 1996 жылы туған Диана Талғатқызының шаңырағында өмірге келген төртінші сәби Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны болып тіркелді. Әскери сала қызметкері Мұхтар ақжолтай ақпаратты перзентханада жатқан жарынан естіпті. «Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев өзі құттықтады. Мұндай құрметке кенелеміз деп ойлағамыз жоқ», дейді Мұхтар Сәбденбайұлы.
Мұхтар мен Диананың тұңғышы қыз бала, Талдықорған қаласындағы Абай атындағы мектептің 2-сынып оқушысы. Одан кейін екі ұл болған. Өмір есігін ашқан төртінші сәби Айсұлтанның бойы 50 сантиметр, салмағы 3 келі.
Қазақстан халқының саны 2017 жылдың 11 мамырында 18 миллионға жетті. Алматы облысы Талдықорған қаласында өмір есігін ашқан Муслима Саматқызы 18 миллионыншы адам болып тіркелді. Талдықорған қаласының тағы бір тұрғыны Айсұлтан Мұхтарұлы да Қазақстанның 20 миллионыншы адамы атанады енді.