• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қараша, 2023

Қазақстанда халық саны 30 миллионға қашан жетеді?

2895 рет
көрсетілді

Елімізде халық саны 14 қараша күні 20 миллионға жетті. Ұлттық статистика бюросы демографиялық деректерді ескеріп, яғни  елімізде тұрақты мекен ететіндерді, көшіп кеткендер мен өмірге келген сәбилерді, қайтыс болған жандарды есепке алып халық санын шығарады.

1991 жылы  тәуелсіздігін жариялаған  Қазақстандағы халық саны 16,4 миллион болатын. 32 жылдың ішіндегі өсім 22,3%-ға жетті. Тәуелсіздігімізді жариялаған  жылы  бала туу көрсеткіші 353,2 мың болса, 2022 жылы 403,9 мыңға артты. Қазақстанның тарихында бала туудың рекордтық нәтижесі 2021 жылы тіркелді. Сол жылы елімізде 446 мың бала дүниеге келді. «Қазақстан халқының саны 25 миллионға жетті» деген ақжолтай жаңалықты қашан естиміз? Демограф Аяулым Сағынбаева бүй дейді.

«Біріккен Ұлттар Ұйымының зерттеуі бойынша Қазақстан халқының саны 2050 жылы яғни 27 жылдан кейін  25 миллионға жетуі мүмкін. Ал  30 миллионға  2100 жылы жетеміз. Бұл болжамды да Біріккен Ұлттар Ұйымы зерттеу жасау арқылы мәлімдеген. Қазақстан халқының саны 1 миллионға өсу көрсеткішіне екі жылда жетті. Бұл демографиялық өсімнің  жоғары болуына байланысты болып отыр. 2020, 2021, 2022 жылы «бэйби бум»  болды. Соны нәтижесінде 19 миллион халық саны 20 миллионға жетті. Ал бүгінгі Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізген сәбилердің кейбірі көпбалалы отбасының мүшесі.  Мысалы  Талдықорған қаласында туған сәби бір үйдің төртінші баласы. Демографиялық ахуалға қарайтын болсақ, көпбалалы отбасы статусына ие аналардың басым көпшілігі 1980-1990 жылдар аралығында өмірге келген ұрпақ. Олардың репродуктивтік әлеуеті сарқылып келеді, ары кеткенде екі-үш жыл ғана. Мысалы 4-5 бала өмірге әкелген аналардың көбінің жасы 35-тен асқан. Сосын тағы бір алаңдайтын жайт, 1990 жылы өмірге келген жастардың саны аз. Одан сырт 1990 жылдан бері қарай өмірге келген аналардың репродуктивтік көзқарасы 1980 жылдары туған адамдарға қарағанда өзгеше. Жекеше ойлауға бейім, 1-2 баламен шектелуді көздейді, қызметінде өрлегенді, ғылым, білім қууға ынталы қыздардың саны көп. Урбанизацияның қарқын алуы, гендерлік саясаттың да әсері тиеді.  Сондықтан да алдағы уақытта туу көрсеткішінің деңгейі дәл қазіргідей болмауы мүмкін. 2000 жылдан бері туған ұрпақ, яғни қыз балалардың арасында да ана атанып бала сүйіп отырғандары бар. Ол ұрпақтың әке-шешесі 1970 жылдары өмірге келген, жастық шағын 1990 жылдардың тоқырауында өткізген буын. Олардың 2000 жылдары туған балаларының да демографиялық ахуалға деген көзқарасы өзгеше. Осындай себепті саралай келе келешекте Қазақстанда бала туу көрсеткіші дәл қазіргідей қарқында болмайтынын болжаймыз», дейді демограф.