• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қараша, 2023

Атырауда дүниеге келген 20 миллионыншы сәбидің есімі – Мұхаммад

594 рет
көрсетілді

Еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны  атанған бес сәбидің бірі Атырау қаласында өмірге келді. Жұмағазиевтер отбасының тұңғыш сәбиінің есімі - Мухаммад. Бүгін Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қалалық перинаталдық орталығына барып, ақжолтай қуанышқа кенелген отбасыны құттықтады. Сәбидің туу туралы куәлігін ата-анасына табыс етті.

– Алты алаш үшін ақ түйенің қарны жарылған бұл күннің астарында мемлекеттің жаңа экономикалық, инфрақұрылымдық сын-қатерлерді еңсере алуы мен жаc ұрпақтың дамуы үшін қолайлы жағдай жасауы жатқанында еш дау жоқ. Мемлекеттік отбасылық саясаттың басты мақсаты – өмірдің барлық сынағына тойтарыс бере алатын ұрпақ тәрбиелеу. Міне, бүгін Қазақстан халқы 20 миллион адамға жетті. Бұл – сүйіншілейтін ақжолтай хабар! Бұл сүйіншілететін ақжолтай хабар! «Құбылған әлем жарысы – ақылды жанның табысы» деп Шәкәрім бабамыз айтқандай, бұл қуаныш – еліміздің көкжиектен көрінген қандай да бір дауылдың қуатын, екпінін еңсеріп, болашаққа нық қадам басуының белгісі, деді Серік Шәпкенов.«Отбасы банк» АҚ облыстық филиалының директоры Нұржан Мұғалімов Жұмағазиевтер отбасына 2 млн теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл қаржыны  баланың болашақтағы қажеттілігі үшін банк депозитіне салып, Мұхаммадтың оқуына немесе баспана алуына пайдаланады.

Мұхаммад Қосай 14 қарашада дүниеге келді. Бойы  - 54 см, салмағы  - 3 660 грамм. Әкесі Берік Жұмағазиев, анасы Айдана Оразымбетова. Тарихи сәтте қуанышын жасыра алмаған әкесі Берік Жұмағазиев көрсетілген құрмет үшін ризашылығын білдірді.

– Таңертең әлеуметтік желіде еліміздің 20 миллионыншы азаматы  өмірге келді деген жаңалықты оқыдым. Іштей менің де ұлым осылардың қатарында ғой деп  ойладым.  Дәл сол сәтте жұбайым хабарласып, қуанышты жаңалықты  айтты. Біздің төрт жылдан бері аңсап күткен сәбиіміз өзінің несібесін елінің берекесімен бірге әкелді. Болашақта Отанын сүйген, еліне, ұлтына, дініне адал қызмет ететін перзенттен болса екен деген тілегім бар, деді Берік Жұмағазиев.

Атырау облысында жыл басынан бері 14 мыңға жуық сәби дүниеге келген.