• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Еңбек 17 Қараша, 2023

Баққа да бап керек

182 рет
көрсетілді

Экономикалық әлеуеті артқан Еңбекшіқазақ ауданының ауыл шаруа­шылығы – халықтың жұмыспен қамтылған ең ірі секторы және ауданның ең негізгі саласы болып табылады. Бұл салада қызмет көрсететін 10 580 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тіркелген, яғни 10 117 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалығы, 463 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. Ауылшаруашылық мақсатындағы жер көлемі – 485,5 мың гектарды құрайды, оның ішінде егістік жер – 86,3 мың га, жайылымдық – 372,8 мың гектарды алып жатыр.

Аталған ауданның мал басында өсім бары анық. Атап айтсақ, ірі қара саны – 97 мың 710 басқа, қой-ешкі – 310 мың басқа, жылқы саны 27 мыңға жет­кен. Ойсылқара тұқымы да өсіп келеді, сондай-ақ құс есебі 3,5 млн-ды құраған.

Соған сәйкес, биылғы жылдың он айында ауданда 30,7 мың тонна ет, 139 мың тонна сүт, 16,5 млн дана жұ­мыртқа өндірілген. Өткен жыл­дың осы мерзіміндегі көрсеткіш­пен са­лыс­тырғанда өнім өндіру анағұр­лым артқандығы жөнінде Еңбек­шіқа­зақ аудандық кәсіпкерлік және ауыл­шаруашылық бөлімінің басшысы Ермек Жәкеев хабардар етті.

Биыл аудандағы ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер барлығы 86 359 гектарға түрлі дақылдар сепкен. Бүгінгі күні ауданда жүгеріден өзге күзгі дала жұмыстары толық аяқталды.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында былтыр ауыл шаруашылығы саласын қолдауға субсидия түрінде барлығы 2,5 млрд теңге бөлінді.

Ауданға 3 186 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлініп, бүгінгі күнге оның барлығы игерілгендігін атады.

«Аграрлық несие корпорациясы арқылы көктемгі егіс жұмыстарын қар­жы­ландыруға «Кең дала» бағдарла­масы аясында 27 шаруашылық 251 млн теңгені несиелеген (2022 жылы 13 шаруашылық 135 млн теңге жеңіл­детілген несие алып, 01.04.23 ж. қаржы­ландыру тоқтатылды).

Дала жұмыстарын оңтайлы жүргізу үшін шаруашылықтар жыл басынан 1 620 млн теңгеге 72 техника сатып алды. Нәтижесінде, бүгінгі күнге техникалар жаңарып, жұмыс өнімділігі артты. Сонымен қатар Шелек ауылдық округінде «Халық Агро» Қызмет ұсыну орталығы» серіктестігі құрылып, 330 млн теңгеге 21 қажетті техника сатып алып, қазіргі таңда шаруашылық жұмыстарына қызмет көрсетуде»,  деген Ермек Ильянұлы ауданда бау-бақша көлемі соңғы бес жылда 1,6 мың гектарға өскендігін тілге тиек етті.

Бүгінгі күнге жалпы ауданы 7032 гектарды құраса, оның ішінде 2 432 гектары интенсивті бақтар. Сонымен бірге жылдық орташа өнім көрсеткіші 15,2 тонна өнім өндіретін жалпы көлемі 17,3 га 17 жылыжай бар. Ауданда сыйым­дылығы 35 140 тонна болатын 20 же­міс сақтау қоймасы және 1 көкөніс сақтау қоймасы жұмыс істеуде.

Бау-бақшасы жайнаған ауданда жылына алмадан ғана 11 мың тоннаға жуық өнім алынады екен. Алмадан мол өнім алуға ауданның әлеуеті жет­кілікті. Десе де, алма өсіретін шаруа қожалықтарына мемлекеттік қол­дау­дың қажеттілігі сезілмей қоймайды.

Бұл ауданда алма бағын өсіріп, өңір экономикасының дамуына тың серпін берген кәсіпкерлер аз емес. Солардың бірі – тәжірибелі алма өсіруші Мурат Лаз­гиев дер едік. Кәсіпкердің алма бағын баптап келе жатқанына 30 жылға жуық­тапты. Химия саласының маманы болға­нымен, бала кезден бақ егудің, алма өсіру­дің сырын білетін бағбан бірден жасыл бақты жайқалтуға білек түре кірі­сіп­ті. Қазір кәсіпкер ағайындарымен бірлесе 30 гектар аумақ­қа алма өсіреді. Бағбан­ның ба­ғы­нда «Американка», «Золотое-превос­ходное», «Апорт», «Кандиль», «Гру­шовка», «Салтанат», «Мельба», «Раши­да», «Пеструшка», «Гала» және «Рахат» секілді 12 түрлі алма өседі. Биыл әр гектардан 30 тоннаға жуық өнім алынған.

«Қазір бізде алманың үш түрі көбірек өсіріледі. Жақсы өнім беретін алма сұрыптарын жетілдіру мен бақты суару технологиясын жаңалауға басым­дық бергіміз келеді. Сыртқа оңай көрін­генімен, алма өсірушілердің де өзін­дік проблемалары бар. Алма өсіре бас­таған жылдары осы саладағы білімі­міз­дің аздығы мен тәжірибеміздің жоқты­ғынан қиналдық. Кейін біртіндеп, жергілікті тәжірибеге сүйене отырып кәсібімізді дамыттық. Бүгінде тұрақты алушыларымыз бар. Өңірдегі кез келген ауылшаруашылық өнімдерін өңдейтін кәсіпорынды шикізатпен қамтуға дайынбыз. Алманың өнімі ауа райына да байланысты болады. Жаңбыры мол, жайлы жылдарда көп өнім аламыз. Ал кейбір қуаңшылық жайлаған кездерде өнім аз болады», дейді алма өсіруші кәсіпкер.

Аса күтімді қажет ететін апортты бүгінде бағбандар тым сирек егетін болған. Өйткені шығыны көп, кей жылдары тіпті мүлдем жеміс бермей қоятын апортты кәсіпкерлердің көбі табыс көзі санамайды. Сол себепті елімізде апорт өсіретін бақтардың қатары күннен-күнге сирей түскен сыңайлы.

Бағбан жеміс беруден қалған кәрі ағаштардың орнына жас көшеттер егуді дәстүрге айналдырған. Алайда жас көшеттерді қатарға қосудың өз қиын­дығы да жоқ емес. Оны баптаумен қатар, төрт түліктен сақтау да оңай емес. Мурат Лазгиевтің сөзінше, алма баққа мал маза бермейтін көрінеді. Алма бақтан ойдағыдай өнім алу үшін оларға кәсіби күтім қажеттігі де әңгіме өзегіне айналды. Ол үшін маман кеңесіне жүгіну артық етпейді. Жемісін жиып біткен бағбан бүгінде қурап қалған бұтақтарды кесіп, ескірген қабықтарды, қыналарды тазартып, ағаш діңінің айналасын қопсытып, арамшөптерден және өсімдік қалдықтарынан толық тазарту жұмыстарына кіріскен.

«Күтіп-баптау жұмыстары көктемге дейін жалғасады. Ауырған, қураған бұтақтар бұталады. Бұталар тым қатты өсіп кетсе де болмайды. Сондықтан олардың ұштарын мезгілімен қырқып отырамыз. Бақ зиянкестеріне қарсы жыл он екі ай күрес тынбайды. Жапыраққа түскен құрт жемістен бірақ шығады. Оларды химиялық жолмен өңдеп, арнайы ерітінділер бүркіп отырамыз», –дейді бағбан.

Күздің соңы мен қыстың басы – әрбір бағбан үшін ең маңызды кезең. Себебі алма ағаштарын алдағы аяздан ғана емес, сонымен қатар кеміргіштерден де қорғау қажет.

Алма өсірумен айналысатын бағбан бұл салада білікті мамандардың жетіспей­тіндігін алға тартты. Мурат Лазгиев алма бағын баптау үшін алғашында шетелдік мамандардың көмегіне жүгінсе, қазір алма ағаштарын баптауға қабілетті жергілікті мамандар тобы қалыптаса бастағанын қуана айтты. Кәсіпкер өзінің игілікті ісін жалғастыратын балаларын да алма баптауға баулуда.

«Алдағы жылдарда еліміз бау-бақ­ша­дан жиналатын жеміс-жидек көле­мін барынша ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ол үшін сапасы жоғары көшеттерді таңдап, будандастыру және жерсіндіру мәселесінде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру керек. Сонда ғана ішкі нарықты алмамен толық қамтамасыз етіп қана қоймай, сұранысқа ие жеміс түрін қыруар қаржыға сыртқа сата аламыз. Жастардың да осы салаға белсене араласуына қолұшын беруіміз керек. Ерінбей еңбек еткен жанның өмірден алар еншісі мол болмақ»,  дейді тәжірибелі кәсіпкер.

 

Алматы облысы,

Еңбекшіқазақ ауданы