• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қараша, 2023

Тәлімі мол әкелер форумы

219 рет
көрсетілді

Жуырда Петропавлдағы «Digital Urpaq» оқушылар сарайында «Мен сенің өміріңнің жалғасымын...» атты облыстық әкелер форумы өтті. Мұны «Сенімен болашақ» атты республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы мен «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырды.

Форумда бала тәрбиесіндегі әкенің рөлі туралы әңгімелер мен пікірлер ортаға салынды. «Арбаның алдыңғы доңғалағы қайда жүрсе, соңғысы сонда жүреді» дегендей, әкенің мінезі, дағдысы бала бойына сіңірілетіні туралы дәлелдер айтылды.

«Егер әке мәдениетті болып, өзін рухани бай тұлға ретінде көрсете білсе, баланың бойына да сол үлгі егіледі. Сыртқы күш пен ортаның әсері қанша күшті болса да, бала алдымен өзі жақ­сы көретін әкенің қасиетін бойына еріксіз сіңіреді», деді фо­румда сөз сөйлеген байырғы ұстаз, қалалық ақсақалдар ал­қа­сы­ның төрағасы Жангелді Тәжин.

Жалпы, жиынның мақса­ты – қоғамда ата-ананың, әке­нің беделі мен белсен­ді­лігін арт­тыру, бала тәрбиесін­дегі рөлін күшейту, отбасы құнды­лықтарын насихаттау, бала құ­қығы, білімі, денсаулығы, қауіп­сіздігі сияқты өзекті мә­се­лелерді талқылау. Жиын­да облыстық білім басқармасының басшысы Назір Жәшібеков, «Сенімен болашақ» РҚБ құ­рылтайшысы Нұркен Асанов, ардагер ұстаз, М.Қозыбаев атын­дағы Солтүстік Қазақстан уни­верситетінің психология­лық қызметінің басшысы Павел Моисеев, Әкелер одағы облыс­тық филиалының төрағасы Ев­гений Максимов, Ұлттық ұлан академиясының мо­раль­­­­­дық-психологиялық қам­­та­ма­­­сыз ету циклінің бас­тығы, пол­­­­ковник Архат Тәттім­бетов қа­ты­­сып, сөз сөйледі. Со­­­ны­мен бірге белсенді әке­лер, облыс әкімі жанындағы әйел­дер істе­рі және отбасылық-демогра­фия­лық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, облыстық білім беру ұйымдарының ата-аналар комитеті мен қамқор­шылық кеңес мүшелері, психологтер мен педагогтер, заң­герлер, БАҚ өкілдері болды. Облыстық ардагерлер ұйы­мы­ның төрағасы Ескендір Елеусі­зов те бала тәр­биесіндегі әкелер рөліне тоқ­талып өтті.

Былтыр «Сенімен бола­шақ» РҚБ облыстық білім бас­қармасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Форум осы ынты­мақтастық жұмыстар аясында бірлесіп өткізілді. Іс-шараның екінші бөлімінде жас әкелерге арнал­ған семинар-тренинг ұйым­дастырылды. Облыстағы білікті психолог мамандар «Ба­ланың өміріндегі – әке: оның рөлі мен әсері» атты секцияда бөлі­ніп дәріс оқыды. Іс-шараны «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов ашып, жүргізіп отырды. Жиын барысында қа­ладағы Ермек Серкебаев атын­дағы дарынды балаларға ар­налған мектеп пен облыстық фи­лармонияның өнерпаздары музыкалық қолдаулар көрсетті. Осының өзі жайшылықта тек сөз айтылатын қалыпты конференциялардан ерекше болып, тыңдармандарды шаршатпай, сергек отыруына сеп болды. Іс-шараға облыстың қоғам белсенділері, қала мектеп­тері­нің мұғалімдері, университет пен колледж оқытушылары, ата-аналар, студенттер мен оқу­шылар қатысты.

 

Петропавл