Астанадан Алматы мен Шымкент қалаларына қатынайтын жолаушылар пойызының жүру кестесіне өзгеріс енгізілмекші. 10 желтоқсаннан бастап төменде аталған пойыздар елордадан тек кешкі уақыттарда жолға шығатын болып шешілді.
Аталған уақыттан бастап пойыздар қозғалысының «пакеттік» кестесі бойынша Тальгоның 4 жолаушы құрамы Астанадан Алматы мен Шымкент қалаларына дейін жұрт жұмысынан шығып, оны-мұны шаруаларын реттеп үлгеретін кешкі уақыттарда қатынайтын болады. Олар 20 минут аралықпен жүреді. Жолаушы пойыздарының кешкі кесте бойынша қозғалысы жолаушылар үшін қауіпсіздік пен жайлылықты, сондай-ақ, құрамдарға техникалық қызмет көрсетудің толық ауқымын қамтамасыз етеді. Жолаушы пойыздарының «пакеттік» кестесі келесі бағыттар бойынша Астанадан шығу уақытына сәйкес жүргізіледі:
- №86/85 Астана (Нұрлы жол) – Шымкент, сағат 20:00-де;
- №4/3 Астана (Нұрлы жол) – Алматы-2, сағат 20:20-да;
- №72/71 Астана (Нұрлы жол) – Шымкент, сағат 20:40-та;
- №10/9 Астана (Нұр-Сұлтан 1) – Алматы-2, сағат 20:58-де.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ елордалық вокзалдарда бір мезетте төрт пойыз қатарынан тұратынын ескерте отырып, жолаушыларға пойызға отыру кезінде олардың нөміріне және жөнелту уақытына назар аударуды ескертеді.
Ұлттық тасымалдаушы Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасына сәйкес жаңа көлік маршруттарын құруға, маршруттық желіні және пойыздар қозғалысының кестесін өзгертуге негізделген интермодальдық тасымалдарды дамыту жөніндегі шаралар кешенін іске асырады.