Тараз қаласында төтенше жағдайлар департаментінің лауазымды тұлғалары төбелесіп, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.
КТК телеарнасының мәліметінше, оқиға жұма күні таңғы сағат алты шамасында, қаладағы "Лаура" қонақүйінің маңында болған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адамның қатты соққы алып, құлағаны байқалады. Соққы алған ер адам жедел жәрдем келгенше оқиға орында жан тапсырған.
Қаза тапқан ер адамның қаладағы төтенше жағдайлар департаментіне қарасты өрт сөндіру және құтқару қызметінің бөлім басшысы екені анықталды. Ал соққы жасаған ер адам болса, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің басшысы болып шықты.
Күдікті ұсталып, қылмысын толық мойындады. Оқиға бойынша полиция қызметкерлері де, төтенше жағдайлар департаменті де ақпарат беруден бас тартқан.
Айта кетейік, қаза тапқан подполковниктің артында алты баласы қалды.