Төрт түлік малдың сүмесімен күн көрген ауыл тұрғындары үшін ең маңызды мәселе – жайылым. Кейінгі жылдары кейбір ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары меншігіндегі жерді қорғаудың тиімді тәсілі ор қазу деп біледі.
«Бектау» мен «Новоселовка» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ұзын-ырғасы 26 мың метрден астам жерді тереңдігін 1,5, енін 1 метрден асыра орлап, қазып тастаған. Әрине, егінжайды, құнарлы шабындықты бейсауат малдан қорғаған дұрыс. Әйтсе де, ор қазудың оңтайлы шешім емес екендігін бастан жақты айырғандай етіп айтқан дұрыс. Аяқты мал тісіне ілінер құнарлы шөп іздемей тұра ма, оның үстіне мал қараусыз қалмасын деп тәртіпті нығайтып, талапты күшейткенімізбен, бейсауат жүрген бағусыз мал аз емес. Жалғыз төрт түлік мал ғана емес, тереңдеп қазылған ор аң-құсқа да қауіп. Адамға екі бастан.
Табиғат жанашырлары серіктестік басшыларының теріс шаруаларын жалпақ жұртқа әйгілеп, дабыл қаққалы қашан. Жер қорығанның жөні осы екен деп әркім өз иелігіндегі алқаптың шетін орлап қаза берсе, сайын далада сән қала ма?
«Бұл әрекет Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 337-бабына жатады. Яғни жердің құнарлы қабатын заңсыз алып тастау немесе жою. Серіктестік басшылары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әрқайсысына бір мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды», дейді облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің бас маманы Шолпан Молдағалиева.
Заң бойынша жалға алған жерді қазуға рұқсат жоқ. Алдағы уақытта жерімді қорғаймын деп орынсыз ор қазудан сақтандыру үшін осы бір мысалды оқырман назарына ұсынуды дұрыс деп таптық. Ор қазғандар осылайша опық жейді. Ілкідегі қазақ «Біреуге ор қазба...» дегенді неге айтты дейсіз.
Ақмола облысы,
Шортанды ауданы