• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Көрме 22 Қараша, 2023

Қамкөңіл балаларға қамқорлық

184 рет
көрсетілді

Ұзынағаш ауылында орналасқан «Қамқорлық оңалту» орталығына еліміздің әр түкпірінен денсаулығында кінәраты бар балалар келіп, ем-шара қабылдайды. Олардың әрбірімен жеке-дара және топтар бойынша мамандар оңалту жұмыстарын жүргізеді. Емделуші балалардың таным көкжиегін кеңейтіп, көңілін серпілтуді мақсат еткен Сүйінбай Аронұлы әдеби-мемориалды му­зейінің қызметкерлері жуырда көшпелі көрме ұйымдастырды. Онда ем­делуші балалар ақиық ақын Сүйінбай аталарының мол мұраларымен танысты.

«Көрме жұмысымен танысқан бала­лардың көңіл күйі көтеріліп қана қоймай, ондағы қолөнер бұйымдары, ер-тұрман, тұрмыстық заттар сынды тарихи жәдігерлерді көріп, өздерін қызықтырған сауалдарға жауаптар алып, қуанып қалды. Сүйінбай ақынның мұралары балаларға ой салып, ерекше әсерге бөлегені сөзсіз. Бұл өз кезегінде қамкөңіл балаларға зор қуаныш сыйлады. Сол үшін музей қызметкерлеріне ризашылығымызды білдіреміз», дейді «Қамқорлық оңалту» орталығының меңгерушісі, білікті дәрігер Әсел Саурықова.

Орталықта ем алып жатқан балаларға арнайы Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі ақын­дардың шығармашылығын таныс­тырып, ақындар мен батырлар елінің тарихын насихаттай келген Сүйінбай Арон­ұлы әдеби-мемориалды музейінің мең­герушісі Аяужан Сәдуақасова музей тари­хы жайында да түсінікті етіп баяндап берді.

«Менің пірім Сүйінбай,

Сөз сөйлемен сыйынбай.

Сырлы сұлу сөздері,

Маған тартқан сыйындай», –

деп Сүйінбайдың шәкірті Жамбыл атамыз жырлағандай, ақындардан қалған әуезді ән-күймен, жыр-дастандармен де адам жанына әсер етіп, емдік шаралар жасауға болатыны айдан анық. Осы себепті іс-шара барысында музей қызметкері Серік Шайымханов домбырасының күйін келтіре Сүйінбай атасының бірнеше термесін құйқылжыта орындаған сәтте тыңдап отырған балалардың ерекше күйге бөленгені байқалды. Олардың жанарынан жалын атып, өнерге деген құштарлығы арта түскендей.

«Қамқорлық» орталығының ұжы­мы мұндай шаралардың жібін үзбей жал­ғасуын сұрады. Бұл, бір жағынан, еліміздің әр қиырынан келетін балалар­дың музей жұмысымен танысуына ықпал етсе, екіншіден, көңіл күйлерін серпілтіп, оңалуына оң септігін тигі­зеді», дейді музей қызметкері Қарлығаш Муширова.

 

Алматы облысы