• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ауыл 23 Қараша, 2023

Ел несібесі – ауылда

216 рет
көрсетілді

Президент былтырғы сайлауалды бағ­дар­ламасында ауыл шаруашы­лығы мәсе­лесіне айрықша ден қойып, отан­дық экономиканың лидері болу­ға қабі­летті осы саланың кем-кеті­гіне көңіл бөлді. Әсіресе ауылшаруа­шы­­лық кооперативтерді дамыту қажет­­тігін баса айтты. Мемлекет басшы­­сының сөзінше, осы мақсатта 1 трлн теңге бөлінеді және сәтімен орын­­дал­ған жағдайда бастама 1 мил­лион­­нан астам ауыл тұрғынының хал-ауқа­тын­ жақсартуға септігін тигі­зе­ді. Сай­лауалды бағдарламада бұдан басқа тағы бірнеше бастама көтерілген.

Олардың қатарында ауыл шаруашылы­ғы техникаларын лизингке беру, аграрлық секторды монополиядан арылту, су үнемдейтін тиімді технологиялар енгізу, суғарылатын аймақтар көлемін арттыру мәселесі бар. Президенттің айтуынша, жақын арада суғарылатын аймақ көлемі екі есе көбейіп, жалпы аумағы 2,2 млн гектарға жеткізілмек. 3,5 мың шақырым суару каналын реконструкциялау, 25 жаңа су қоймасын салу, 16 қазіргі су қоймасын қайта жөндеуден өткізу де – іргелі міндет. Су қоймаларының салынуы және қайта жаңғыруы 4 текше метр шақырым суды қосымша жинақтауға мүмкіндік береді.

«Үлкен қалаларға қарағанда ауылдық жерде тұрудың және жұмыс істеудің мәртебесін арттыру үшін аграрлық секторды қайта жаңғыртамыз. Фермерлер біздің экономикамыздың жаңа қозғаушы күшіне айналады. Мемлекет ауылшаруашылық кооперативтеріне қатысты ауқымды жобаны жүзеге асырады. Кооперативтер өнімді егістіктен алып дүкен сөрелеріне апаратын тікелей жеткізуші болады. Тиімсіз делдалдардан арылуға тиіспіз», деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық статистика бюросы­ның дерегі бойынша елімізде ауылшаруашылық кооперативтер санының өсуі байқалады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 3284 бірлікке жеткен. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 137-ге көп. Коо­перативтердің басым бөлігі Түркістан (794), Жамбыл (363) және Батыс Қазақстан облыс­тарында (270) орналасқан. Кооперативтерде еңбек ететін адам саны – 7,3 мың және бір жыл ішінде олардың саны 2 па­йызға азайыпты. Былтыр коо­­перативтер 27,6 мың тонна бидай, 8,8 мың тонна жүгері, 14,6 мың тонна арпа, 26,4 мың тонна жемдік дақыл, 110 тонна бал және басқа да ауыл шаруашылығы өнімдерін сатты.

«Ауыл» партиясы төрағасы­ның орынбасары Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, кооператив жобасын жетілдіру және жүзеге асыру – кезек күттір­мейтін жұмыс.

«БҰҰ-ға мүше 196 елдің 175-і коо­перативтер халықара­лық одағына кіреді. Бірақ сол одақтың ішінде біз жоқпыз. Сондықтан кооператив құруды халықаралық тәжірибе деп айтсақ болады. Бұл жолмен дамып келе жатқан елдер қатарын­да АҚШ, Жапония, Германия, Франция, Швеция, Дания, Израиль, Қытай бар. Көршілес Қырғызстан мен Өзбекстан да осы тәжірибеге қатты көңіл бөліп жатыр. Өкініш­ке қарай, бізде бұл жағдай әңгі­меден әрі қарай жылжып жатқан жоқ. Енді осы мәселеге Президенттің ерекше ден қойып отырғаны қуантады. Үш аумақты алып, үш қанатқақты жобаны іске асыру жөнінде тапсырма берді. Сайлауалды бағдарламасында да жақсылап жеткізді. Халықты жұмыспен қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының табысын арттыру кооперация жолымен іске асырылуға тиіс. Президент тапсырма беруін береді, бірақ оны бер жақтағы шенеуніктердің қалай іске асыратыны, басқа мәселе», дейді Т.Рахымбеков.

Сарапшының айтуынша, елімізде кооперация мүлде дамымай отыр деуге болмайды. Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе облыстарында әртүрлі формада жұмыс істеп жатыр. Бірақ бұл шаруаға ешкім кешенді түрде кіріспей отыр. Кірісуді тежеп тұрған бірнеше түйткілді санамалады. 

«Ең бірінші проблема – өткізу проблемасы. Фермер өз өнімін лайықты саудалап, пайда таба алмай отыр. Сатқан күнде де әділетті бағамен сатып отырған жоқ. Сондықтан олардың табысы төмен. Шаруа қожалықтарының да жағдайы осындай. Заңды тұлғалар, яғни акционерлік қоғамдар, ЖШС-лар, өндірістік кооперативтердің жағдайы мәз емес. Кооператив бірінші кезекте осы өткізу проблемасын шешер еді. Әйтпесе, өндірген өнімін әр фермер жеке жүріп, қайда барып сатады? Кабинетте отырған шенеуніктер «базарға барып сатсын, сол жерден орын береміз» дейді. Фермер таңнан кешке дейін базарда тұрса, ауылдағы малын кім бағады, егістігіне кім қарайды? Сөйтсем олар «әйелі мен баласы барсын» дейді. Жарайды, сөйтсін. Бірақ ол ауыл қаладан 5-6 шақырым жерде тұрса жақсы. Ал аудан орталығынан 200-300 шақырым шалғай орналасқан болса ше?! Күнделікті екі шелек сүті мен екі қап картобын автобуспен таситын болса, сүттің бағасы өсіп кетеді ғой. Сондықтан бүкіл ауыл шаруашылығы та­уар өндірушілерін бір жерге жинап, өнімдерді бастапқы қайта өңдеуден (салқындату, тазалау, жуу) өткізіп, сол жерден үлкен көлікпен сату орнына алып кетуді ұйымдастыру керек. Тауар өндіру үшін жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш, техника керек болады. Соның бәрін ауыл тұрғындарына әкеліп беретін кім бар? Ондай жүйе жоқ бізде. Қатардағы кәсіп­керлер ең бірінші пайдасын ойлайды. Ал мына кооператив дегеніміз – коммерциялық емес жүйе. Олар пайда қумайды, тауар өндірушілердің тала­бын орындауға тырысады. Яғни қажетті керек-жарақты әді­летті бағамен әкеледі. Фер­мердің өзіне және өнімге қыз­мет көрсетілуге тиіс. Шаруа қожа­лы­ғында 50-60 сиыр бар, қосалқы шаруашылықта 5-6 сиыр бар делік, соларға ветерина­рия қызметі көрсетілуі керек. Егіс­тіктегі өнімдерді қорғау жұмы­сын кім жасайды? Білікті, білімді агроном бар ма? 5-6 гектар жерді жырту үшін дербес трактор ұстамайды ғой. Әрине, мұның бәрін кооператив ұйымдастыра алар еді», дейді ол.

Айтуынша, шаруаларға білім үйрету, консультация беру функ­циясын да кооператив ат­қарса игі.

«Мемлекеттік қолдау, арзан­датылған субсидия мен кредит те осы кооперативтер арқылы ұсынылуға тиіс. Шенеуніктер ереже бар, фермер құжат жинап, ауданға барсын дейді. Тағы да айтамыз, ол кабинет аралап, құжат жинап жүргенде кәсібі қараусыз қалады. Оны ешкім ескеріп жатқан жоқ. Меніңше, мемлекеттік қолдау фермердің үйіне дейін, фермердің қорасына дейін баруы керек. Оны апарып беретін – кооператив. Егер осының бәрі ретімен орындалса, онда ауыл тұрғындарының табысы кем дегенде 3-4 есе артушы еді. Сәйкесінше, өнімділік өседі. Біздің айтып отырғанымыз баяғы колхоз секілді өндірістік кооператив емес, сервистік кооператив. Бұл жерде де та­уар өндірушілердің деңгейіне қарай, кооперативтің өзі ең аз дегенде үш түрге бөлінгені жөн. Біреуі – әр ауылдық округте (Қазақстанда екі мыңнан аса округ бар) бір-бір кооператив қосалқы шаруашылықтар үшін құрылуы керек. Екіншіден, майда шаруа қожалықтары үшін аудандық кооператив  керек. 166 аудан бар болса, 166 кооператив қажет деген сөз. Үшіншіден, ірі шаруа қожалықтары, заңды тұлғаларға бөлек кооператив қызмет көрсетсін. Бұларға арнап 17 облыста 17 кооператив құрылсын. Сонда ел бойынша ең аз дегенде екі жарым мыңдай кооператив қажет екен. Сөйтсек ғана ауыл шаруашылығының жұмысы алға басады», дейді.

Президент сайлауалды бағ­дар­ламасында шаруаларға су жеткізу мәселесін де көтер­ген. Үкімет есебінше, қазір фермер­лердің жеріне судың 60 па­йызы ғана жетіп отыр. Инфра­құ­рылымның жоқтығы суару мә­селесіне орасан тежеу жасай­ды. Осы бетімен кете берсе, 2040 жылға таман елдегі су тапшы­лығы 15 млрд текше метрге жетпек.

Орталық Азия өңірлік эколо­гия­лық орталығының мәлім­деуін­ше, Орталық Азияның көп бөлігі ылғалдың жетіспей­тін айма­ғында орналасқан. Сон­дық­тан бұл өлкеде, оның ішінде Қазақстанда ауыл шаруа­шылығын дамыту суармалы егіншілік арқылы ғана мүмкін болмақ. Қазір суарылатын аумақ көлемі – 2,2 млн гектар. Бұл – барлық өңделетін жердің 7,6 пайызы. Әрине, көрсеткіш көңіл көншітпейді. Керісінше, көршілеріміздің ахуалы біршама тәуірлеу екен. Өзбекстанда бұл көрсеткіш – 96, Түрікменстанда – 90, Қыр­ғызстанда – 75, ал Тәжік­стан­да 73 пайызды құрай­ды. Кли­маттың жыл сайын құр­ғап, су ресурстары тапшы­лығы­ның ұлғая беруі азық-тү­лік қауіп­сіздігіне, халықты жұмыс­пен қамтуға және кедей­лікті азай­туға үлкен қатер төндіреді.

«Өзгеріп жатқан климатқа бейімделу үшін Қазақстан жаңа ирригациялық жүйе мен технологияны дамытуы керек. Про­б­лемаларды шешу үшін ирри­гациялық инфрақұрылым мен жабдықтарды модернизациялау, су және жер сапасы есебін жүр­гізу, ауыл шаруашылығы құ­ры­лымын оңтайландыру өте ма­ңызды. Дүниежүзілік банктің қар­жыландыруымен біз Түркі­с­тан облысында 19 тік дренаж­ды ұңғыманы қалпына келтір­дік және сумен жабдықтайтын автоматты жүйені, арнайы есептеу құрылғыларын орнаттық. Бұл жүйе келіп түсетін жерасты сулары мен жауын-шашын­ның мөлшерін есептейді және егіс­тік алқапқа түсетін судың мөл­шерін анықтайды. Осылайша, суды үнемдеуге болады», дейді орта­лықтың бас экономисі Фируз Иброхимов.

Қазақ су шаруашылы­ғы ғылыми зерттеу институты мамандарының пікірінше, бір гектар жерді күтіп-баптау үшін 800 мың теңгеден аса қаржы қажет болады.

«Климаттың өзгеруіне және антропогендік әсерге байла­нысты су ресурстары үнемі азая­ды. Алдағы уақытта Жам­был об­лы­сындағыдай су ресурс­тары­мен қамтамасыз етудегі осын­дай күрделі жылдар жиі қайта­ланады. Бұдан шығудың бір­ден-бір жолы – суды үнем­дейтін суару технологияларын енгізу», дейді институт басшы­сының орынбасары Тұрсын Ибраев.

Мемлекет басшысы агро­сек­торға үлкен мән береді. Алдағы үш жылдағы міндет – агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізу. Жақын жылдарда 115 су-тауарлы фермасы, 15 ірі құс фабрикасы салынбақ. Одан бөлек, алдағы бес жылда жалпы сомасы 2,7 трлн теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жоба қолға алынады деп жоспарланып отыр.