Шымкент қаласында қарызы шаш-етектен үш жүргізуші қолға түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қалалық Полиция департаментінің дерегінше, олардың мемлекет алдындағы борышы 22 млн теңгеге жетіп жығылған.
«Құқықтық тәртіп» іс-шарасы барысында патрульдік полицейлер қала көшелерінде қарыздан жалтарған 3 азаматты тоқтатқан. Атап айтқанда, «Toyota Highlander» маркалы автокөлігін тізгіндеген ер адамның атқарушылық іс жүргізу бойынша 8 млн 700 мың теңге қарызы болса, «Toyota Camry 40» темір тұлпарының жүргізушісі 8 млн теңге берешекке батқан. Ал «Mitsubishi Montero» көлігінің иесінде 5 миллион теңгеден астам өтелмеген қарызы бар екені анықталған.
Жүргізушілерге төленетін төлемдер туралы қатаң ескертіліп, көліктері “Арғымақ” айып тұрағына қойылды. Көлік иелері берешектерін толық өтегеннен кейін ғана автокөліктеріне қол жеткізе алады.