• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қараша, 2023

Жеті жасар қыздың қазасы: Павлодар облысында шенеуніктер жазаға тартылды

514 рет
көрсетілді

Өз анасының қолынан қаза тапқан 7 жасар Милана Давыдованың қазасынан кейін Павлодар облысында бірқатар шенеунік тәртіптік жазаға тартылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл туралы облыс әкімі Асайн Байханов өткізген балаларға қатысты қылмыстың алдын алу мәселелеріне арналған арнайы жиында белгілі болды. Оның айтуынша, қыздың өлімінің алдын алуға болатын еді.

«Бесқауға ауылының тұрғыны жеті жасар Милана Давыдованың басынан өткен жан түршігерлік оқиға ешқайсымызды бейжай қалдырмады. Ауыр қаза жүрегімізді ауыртты. Мүлде адамгершілікке жатпайтын әрекет. Бұл қайғылы оқиғаның алдын алуға болар еді. Балалар бейбіт уақытта өліп жатыр, бұл біздің кінәміз, үлкендердің кінәсі», деді Байханов.

Ол шенеуніктерді жазалауға қатысты шешім шешім қабылдағанын да сөз етті.

«Облыс әкімінің орынбасары – облыстың әлеуметтік саласының жұмысын қадағалайтын Айзада Құрмановаға, Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекинге, облыстың білім және халықты әлеуметтік қорғау басқармаларының басшылары Самал Айтқазина мен Альмира Дюсюповаға сөгіс берілді. Сонымен қатар облыс әкімі кеншілер қаласының басшысына Екібастұз қаласының лауазымды тұлғаларына, оның ішінде Қоянды ауылдық округінің әкімі Абай Хакімовке тәртіптік шара қолдануды тапсырды", деп жазды Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

Екібастұз қаласының әкіміне Давыдовтар отбасын бақылауға алу жүктелді.

Еске сала кетейік, 3-сынып оқушысы Милана Давыдова 17 қараша күні Павлодар облысы Бесқауға ауылында жоғалып кеткен болатын. Анасының айтуынша, қызын таппағаннан кейін ол полицияға хабарласқан.

Іздестіру жұмыстары демалыс күндері де облыс көлемінде жалғасты. Жеткіншекті 500-ден астам адам іздеген, соның ішінде волонтерлар мен облыстың мүдделі тұрғындары ауыл үйлерін, жертөлелерді аралап, шатырларға шығып, құдықтарды тексерді. Кинологтар, жүзден астам автокөлік және «Қазавиаспа» тікұшағы жұмылдырылды. Оның жансыз денесі үйдің жанынан табылды. Ол 19 қараша күні кешке анасы мойындаған кезде анықталды. Милананы өлтірді деп өз анасымен қатар қылмыс ізін жасыруға көмектескен танысы да күдікке ілінген.

Милана Давыдова қайтыс болғаннан кейін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, биыл Қазақстанда 25 бала көз жұмды, оның 6-ы жақын адамдарының қолынан қаза тапты.