Шведтің бас шаһарында өткен саяси консультациялар барысында Қазақстан-Швеция ынтымақтастығына жан-жақты шолу жасалды. Сыртқы істер министрінің орынбасары Р.Василенконың Швеция Корольдігі Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дж.Кнуцсонмен және Бас директорының орынбасары П.Эриксонмен келіссөздері аясында басым бағыттар бойынша өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға тараптар пейіл білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz Сыртқы істер ведомствосының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Р.Василенко екіжақты қарым-қатынастардың шарттық-құқықтық базасын дәйекті әртараптандырудың маңыздылығын атап өтті. Өз кезегінде, швед сыртқы саяси ведомство өкілдері Швецияның серіктесі ретінде Қазақстанмен диалогты жалғастыруға және ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделілік танытты.
Келіссөздер барысында тараптар халықаралық мәселелер мен көпжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіне ерекше назар аударды. Тараптар ядролық қарусыздану жөніндегі Стокгольм бастамасы шеңберінде әрі қарай тиімді ынтымақтастықтың және осы саладағы өзге де халықаралық мәселелердің ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар министрдің орынбасары Р.Василенко Швеция Сыртқы істер министрлігінің өкілдерін негізгі сыртқы саяси басымдықтар мен Қазақстанның конфессияаралық диалогты ілгерілету, оның ішінде Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін ұйымдастыру туралы хабардар етті. Тараптар халықаралық аренада дінаралық келісімді сақтау мен нығайтудың маңыздылығын атап өтті.