Күні кеше Іле ауданында жолаушылар мінген қоғамдық көлік жүргізушісінің жүрек талмасы ұстап қалып, оқыс оқиға орын алған еді.
Автобустың бағыты өзгеріп бара жатқанын байқап қалған жасөспірім ойланбастан бірден әрекетке көшкен. Ол тез арада автобус тежегішін басып үлгергеннің арқасында автобус соғылудан аман қалғанын куәгерлер жарыса жазып, жүрек жұтқан жас балаға алғыстарын жаудыруда.
Оқыс оқиға орын алғанда батылдық танытып, жылдам әрекет еткен Ақжол Нұрланұлы Өтеген батыр ауылындағы №24-лицейдің 8 «Е» сыныбында оқиды. Көпбалалы отбасынан шыққан Ақжол әке-шешесі, ата-әжесімен бірге тұрады. Бала күннен техникаға әуес Ақжол, тежегіш басуды әкесінен үйренген екен. Ол осы уақытқа дейін автокөлік маркаларымен қатар, олардың құрылымдарын да өте жақсы ажырата біледі.
«Өткен жылы осы лицейге ауысып келген Ақжол сыныптастарымен тез араласып, кішіпейіл, көпшілдігімен өз ортасына сіңісіп кетті. Өзіне тапсырылған тапсырманы тиянақты орындауға тырысады. Оғаш қылығын көрсетпейтін Ақжолдың іс-қимылы ширақ әрі шапшаң. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Бүгінгі батылдығы бойында бар осы қасиеттерінің көрінісі», дейді аталған лицейдің директоры Захида Төреходжаева.
Алматы облысы