Президент алдағы жылдарға арналған стратегиялық бағытты нақты айқындап берді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ең алдымен бәсекелестікке назар аударуға тиіс. Атап айтқанда, логистика әлеуеті, қазба байлықтарын өңдеуді ұлғайту және креативті, цифрлық экономика үшін жағдай жасау қажет. Бұл туралы Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында атап өтті.
«7 жыл ішінде біз жалпы ішкі өнімді екі есеге арттырып, оның көлемін 2029 жылға қарай 450 миллиард АҚШ долларына дейін жеткізу міндеті тұр. Бұл – экономикалық өсім тек мұнай өндіруді ұлғайту немесе құрылыс жобаларына ғана емес, технологияға, жұмысшылардың жоғары біліктілігіне, дамыған ғылым мен инновацияға иек артуы керек деген сөз», деді Палата төрағасы.
Осы орайда Мәжіліс бизнес жүргізу мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Онда кәсіпкерлер үшін жұмыс істеуге кедергі келтіретін және реттеуде ықтимал бұрмалануларға, монополиялау тәуекелдері мен сыбайлас жемқорлыққа соқтыруы мүмкін артық шектеулер алынып тасталды.
Сонымен қатар депутаттар жер қойнауына, кәсіпорындар мен жұмысшыларға жауапкершілікпен қарауды арттыру үшін ірі өнеркәсіп иелеріне қойылатын талапты күшейтуге ниетті.
Спикердің пікірінше, өз міндеттемелерін жауапкершілікпен орындайтын, база мен технологияларды дамытатын, өз қызметкерлеріне және олар жұмыс істейтін өңірге инвестиция салатын кәсіпкерлерге басымдық берілуге тиіс.
«Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау үшін Парламент жуырда жаңа Салық кодексінің жобасын жұмысқа қабылдайды. Ол экономиканы көлеңкеден шығаруға, салық салудың әділ жүйесін құруға, экономикаға қажет емес артықшылықтар мен ерекшеліктерді алып тастауға бағытталған», деп атап өтті Спикер.
Толығырақ «Казахстанская правда» газетінен және kazpravda.kz. сайтынан оқуға болады.