Бұл күндері солтүстікте ауа райы құбылып тұр. 18 қарашада қалың қар түсіп, күн -15 градусқа дейін суытқан болатын. Ертесіне қатты дауыл тұрып, желдің жылдамдығы секундына 28, кей жерлерде тіпті 30 метрге дейін барды. Артынша ауа райы жылымық танытып, қар аралас жаңбыр жауа бастады. Екпіндей соққан суық жел электр желілерін қатырып, кей жерлерде электр қуатын беру тоқтатылды. Әсіресе Мағжан Жұмабаев ауданында күрделі ахуал қалыптасты. Мұнда жоғары вольтті ВЛ-110 кв электр бағандарына зақым келіп, дауылға шыдас бермей, құлап кеткендері де бар. Басқа аудандардағы жағдай да мәз емес. Электр жарығын өшіруге тура келген соң 183 ауылдық елді мекен жарықсыз қалды...
Облыс әкімі Ғауез Нұрмағамбетов жағдайды бақылау және түзету үшін жедел штаб құрылғанын айтты. Оның айтуына қарағанда, қазір электр қуатын беретін резервтегі генераторлар іске қосылып, әлеуметтік саланың ғана нысандарына ток берілген. Ал жылу еш кідіріссіз беріліп жатыр.
Сонымен қатар төтенше жағдайларға байланысты екі елдің арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің шеңберінде Ресейден уақытша электр қуаты алынатыны айтылды. Қалғанын Ақмола облысының «Көкшетау-Энерго» ЖШС қамтамасыз етуге келісілген. Бүгінгі таңда осы кәсіпорынның жөндеу бригадалары жұмыс істеп, Тайынша, Айыртау, Ғ.Мүсірепов аудандарының 10 елді мекеніне электр қуатын жеткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Облыстағы электр қуатын жеткізетін жүйенің бәрі – «Севказэнерго» акционерлік қоғамынікі. Қазір олардың 46 жөндеу бригадасы жұмыс істеуде. Олар электр қуаты сөніп қалған 30 елді мекеннің желілерін жөндеумен айналысып жатыр. Сонымен бірге Ғ.Нұрмағамбетов бүгінгі таңда әлі 40 елді мекенге тоқ шектеулі көлемде ғана жеткізіліп отырғанын да айтып өтті.
Облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Владислав Лукин тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ететін «Есіл су» компаниясының филиалы тұрақты жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Сонымен бірге ол электр желілері мен жарақтар «Севказэнерго» АҚ болғандықтан, жөндеу жұмыстарына бюджет қаражаты бөлінбейтінін айтты. «Осындай жағдайға жалғыз желіні қатырған қарлы-жаңбыр емес, электрмен қамтамасыз ету жүйелерінің тозғаны да жеткізіп отыр. Қазір бұл мәселе – облыс әкімінің тікелей бақылауында», деді ол.
Облыс аумағынан өтетін Астана – Петропавл, Жезқазған – Петропавл, Алматы – Екатеринбург, Көкшетау – Рузаевка бағытындағы автокөлік жолдары жабылды. Білетіндердің айтуына қарағанда, мұндай ауа райы осыдан 22 жыл бұрын болған екен.
Солтүстік Қазақстан облысы