Қызылжар аспанын күмбірлеген қазақ әніне бөлеп, Ақан сері атындағы ІІ республикалық дәстүрлі әншілер байқауы аяқталды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 43 әнші қатысып, әрқайсысы үш әннен орындады.
Байқаудың өзі Ақан серінің 180 жылдығына арналғандықтан орындаушылар бір әнді оның шығармаларынан шырқады. Ақанның «Көкжендет», «Қараторғай», «Ақтоқты», «Мақпал», «Алтыбасар», «Әудемжер», «Майдақоңыр» сияқты ондаған тамаша әні болса да, байқауға қатысқандардың көбі серінің «Құлагер» әнін айтты. Қалған екі ән өздерінің қалауындағы композиторлардың әндері болды.
Орындаушылардың арасынан адамның құлақ құрышын қандырып, тұла бойды тітірететін арқалы, «құлақтан кіріп бойды алып» жан-жүйені тебірентетін әншілерді көре алмадық. Бәрі де әндердің нотаға жазылған күйіне кептеліп қалғандай екен. Трагедиялық әндерді де, көңілді әндерді де бір сарынмен айту басым. Сондықтан «Құлагерден» де Ақанның терең қайғысын ести алмадық. Біз жергілікті айтулы әнші, осындай талай байқауларға қатысып, жеңімпаз болған Дәстен Баймұқановты әңгімеге тартқанымызда, ол да соны айтты. «Әншілер қалыптан шыға алмай тұр, бәрі де нотаны бұзбауға тырысады. Қазақ әншілері олай айтпаған. Әнді шырқаған кездерінде тұла бойы бірге толқып, көзі ойнақшып, арқасы қозып тұруы керек қой. Сонда ғана ән түрленіп, тыңдаушының жан-дүниесін толқытады», деді ол.
43 әншінің арасынан әділ қазылар жүйрік деп таныған 18 әнші екінші кезеңге шықты. Олардың арасынан Қазақстан Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әншісі Дәуренбек Ісләмғали бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды қызылжарлық Олжас Сұрағанов қанжығасына бөктерді. Екі екінші орынның бәйгесін ақтаулық Адай Әзімхан және Астанадағы Р.Бағланова атындағы Халық қазынасы ұлттық өнер орталығының әншісі Асқар Мұқият иеленді. Ал үшінші орынды Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншісі Мағжан Сатыбалды, жетісулық Қабдел Қастер, оралдық Мирлан Жамбылов алды. Сонымен қатар таңдаулы әншілерге қазылар алқасының шешімімен Кәкімбек Салықов, Молдахмет Тырбиұлы, Игібай Әлібаев, Мұса Асайынов атындағы арнайы жүлделер берілді. Бәйге алғандардың бәрі бағалы сыйлықтарға ие болды. Қазылар алқасының қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, павлодарлық Ербол Айтбаев, алматылық Нұржан Жанпейісов, қарағандылық Дәуренбек Әркенов, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, Мәдениет саласының үздігі, қызылжарлық Біржан Есжанов болды. Байқаудың әділ шешімін шығарған оларға облыс әкімінің Алғыс хаты және «Ақан серінің 180 жылдығы» мерейтойлық төсбелгісі тапсырылды.
Байқаудың соңынан жүлдегерлер қатысқан гала-концерт болды. Сөйтіп, Қызылжар тұрғындары халық әндерін естіп, бір серпіліп қалды.
ПЕТРОПАВЛ