• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Заң 28 Қараша, 2023

Деканға 1 млн теңге артық жалақы есептеген: университет басшылығы түсініктеме берді

433 рет
көрсетілді

Бұған дейін Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің бұрынғы деканына алты жыл бойы жалақы заңсыз есептелгені мәлім болған. Осыған қатысты университеттің баспасөз қызметі түсініктеме берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еске салайық, «Әділдік жолы» РҚБ филиалы мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті бірлесіп жүргізген тексеру барысында 2017 жылдан 2023 жылдың қыркүйек айына дейінгі аралықта , «Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті» КЕАҚ «Экономика және құқық» факультеті деканынан жалпы сомасы 1 миллион теңгеге жуық заңсыз еңбекақы есептелген, бұл оның жұмыс орнында болмағанына қарамастан төленген. Өйткені, ол бірнеше рет шетелге саяхаттаған.

Бұл ақпаратқа аталмыш оқу орнының баспасөз қызметі түсініктеме берді.

«Жоғары оқу орнының аталған бұрынғы қызметкеріне жалақы есеп картасына сәйкес іссапарға жоспарланған уақыттан ерте кеткен немесе кеш қайтқан күндері, сондай-ақ белгілі бір кезеңде отбасылық және денсаулығына байланысты болмаған күндері үшін қате есептелген және төленген. Университетке келтірілген шығынды бұрынғы декан анықталған сома бойынша толығымен өтеп берді», - делінген хабарламада.

Анықталғандай, 2023 жылдың 20 қазанында еңбек тәртібін бұзғаны үшін декан қызметінен босатылып, 2023 жылдың 1 қарашасында аталған қызметкермен еңбек шарты толығымен бұзылған. Осы бұзушылықтарға әкеп соққан немқұрайлылық танытқан лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

«Университеттің барлық құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен еңбек тәртібі талаптарын мүлтіксіз сақтау қажеттігі және оларды бұзудың ықтимал салдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді», - деп түйіндеді оқу орны.