2-3 желтоқсан күндері Ұлыбританияның Манчестер қаласында таэквондодан әлемдік Гран-придің финалдық додасы өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сүйеніп.
Бұл бәсекеде Олимпиада бағдарламасына кіретін 8 салмақта 38 мемлекеттен жиналған 128 таңдаулы спортшы бағын сынайды. Әр салмақта 16 үздік медаль үшін айқасады. Гран-при додасында иеленген ұпайлар Париж Олимпиадасына қатысу мүмкіндігін арттырады.
Елімізден Манчестерге тек бір ғана таеквондошы барады. Ол – 67 келіден жоғары салмақтағы Жансель Дениз. Джакартадағы Азиаданың күміс (2018), Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері қазір олимпиадалық рейтингте 14-сатыда тұр. Жансель биыл Бакуде өткен әлем чемпионатына 73 кг салмақта қатысып, ширек финалда әлем біріншілігінің қола жүлдегері ресейлік Полина Ханға есе жіберді.