Мамандар Батыс Қазақстан облысында эпидемиялық ахуалдың ушығып бара жатқанын айтып дабыл қағып жатыр. Өңірде жыл басынан бері 261 адам қызылша дертімен ауруханаға жатқызылған. Оның 179-ы – бала, төртеуі – жүкті әйел.
Өткен аптадан бері өңірде стационарда 64 науқас емделіп жатыр. Ал қызылшадан емделген амбулаторлық науқастардың жалпы саны 72-ге жеткен.
– Ауырғандардың 65 пайызы – балалар. Соның ішінде алтауы – 1 жасқа толмаған сәби. 10 айлық бір баланың жағдайы ауыр, жан сақтау бөлімінде жатыр, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Ғұбайдуллина.
Мамандардың айтуынша, науқастардың көпшілігі – қызылшаға қарсы екпе алмағандар. Облыста қазір 282 қызылша ошағы анықталып, науқаспен байланыста болған 1 942 адам бақылауға алынған. Жағдайды сауықтыру үшін 6 айлықтан асқан балаларды қосымша жаппай иммундау, яғни екпе жасау басталды. Соңғы 29 күн ішінде өңірде 2 005 бала екпе қабылдаған.
– Қазір қосымша екпе алу жүріп жатыр. Өңірде жалпы саны 50 мың адам егілуі керек, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысы Мұхамғали Арыспаев.
Мамандар түрлі себеппен екпе алудан бас тартқандар осы ауруды әрі өздері жұқтырып, әрі таратып отырғанын айтып, дабыл қағып жатыр. Өңірде осындай бас тартушылардың саны 4 676 адам болған. Соңғы үгіт-насихат жұмысының нәтижесінде 813 адам екпе алған. Алайда әлі де 3 862 адам екпеден бас тартып отыр екен. Олардың ішінде 34 пайызы екпеге діни себеппен қарсы болса, 16 пайызы вакцинаға сенімсіздік білдірген.
Батыс Қазақстан облысы