Алматыдағы Қ.Сәтбаев атындағы университеттің геология кафедрасы Қаражар орта мектебіне құнды тарту жасады. Оқу ұйымына түрлі тау жынысы мен минералдар, ғылыми әдебиеттер беріліп, оқушылар тұңғыш академик іздеп тапқан қазба байлықтармен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.
Коллекцияда 78 үлгі бар. Олардың әрқайсысына металлогениялық сипаттама жасалған шағын кітапша да кафедра оқытушылары тарапынан тарту етілді. Университет ректоры Мейрам Бегентаев: «Бұл топтаманы ұлт мақтанышы, Баянауылдан шыққан ұлы ғалым, тұңғыш академик Қаныш Сәтбаев аталарыңыздан мектеп оқушыларына сыйлық деп қабылдаңыздар» деген сәлемін жолдады.
Баянауыл аудандық білім беру бөлімінің басшысы Мереке Әбдікәрімовтің айтуынша, геологиялық тастардың арасында шөгінді жыныстар, кристалдар, метаморфты минералды құрылыс заттары, мәрмәр, жалпы, елімізде кездесетін пайдалы қазбалардың үлгілері бар.
– Мұндай геологиялық ресурстардың мол қоры біздің өңірдегі мектептерде жоқ. Ерекше құнды сыйлық әр оқушының геология ғылымына деген қызығушылығын арттырып, ғалым атамыз ұстаған тастардың қасиеті қабілеттерін ұштайды деген үміттеміз. Академиктің мұрасын оқушыларымыздың білімін арттыруға қолданамыз. Тау жыныстарын қолмен ұстап, көзбен көріп, шынайы сезінуге мүмкіндік берген университеттегі кафедра ұжымына мектеп атынан ерекше алғыс айтамыз. Енді мектеп ұстаздары география сабағында тау жыныстары, пайдалы қазбалар тақырыптарын өткізгенде практикалық түрде оқушыларға көрсете алатыны анық. Әрі бұл үлгілерді биология, жаратылыстану, тарих пәндерінде пайдалануға да болады, – дейді ол.
Айтып өтейік, Қаражар ауылында биыл демеушілер қаражатына 100 орындық заманауи мектеп салынды. Керегесі кеңейген білім беру ұйымының өзі енді негізгі мектептен орта білім беру жүйесіне ауыстырылады деп күтіліп отыр. Ал білім ордасында бүгінде 72 оқушы білім алып жатыр.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Қаражар ауылы