Қараша туғалы жаңбырдан көз ашылмады. Кібіртіктеп қар жауғанымен, іле еріп, кеш түсе қатып, түске дейін киіз, түстен кейін мүйіз болып жатыр.
Ауа райы күрт өзгерген. Бұл уақытта аяз күшіне мінбегенімен, сіресіп, сықырлаған ақ қар жатар еді. Қала да, дала да құрғақ. Енді, міне, жаз бойы жаумаған жауын елдің берекесін алып тұр. Адам жанын түршіктірер жол апатына байланысты күрт оқиға көбейген. Көлік түгілі жаяу адамға қарға адым жер мұң болған. Абайсызда жол жиегіне құлап, мертіккендердің саны күн сайын көбейіп келеді. Қаладағы коммуналдық кәсіпорындар жаяу жүргіншілер жолына, көлік көп жүретін бұрылыстарға инертті материалдар төккенімен, мардымсыз.
– Орталық көшелерге ғана құм себіліп жатыр. Шеткі көшелер назардан тыс қалып жатыр. Көлік жүретін, жаяу жүргіншілердің жолы да сірескен көк мұз, – дейді қала тұрғыны Тілеужан Түлкібаев.
Келеңсіз жайды көз көріп жүр. Соңғы тәуліктерде облыстық аурухананың қабылдау бөлмесіне барып көмек сұраған адамдардың саны жүзден асып кеткен. Алпыстан аса адам түрлі жарақат алыпты. Әсіресе егде адамдар мен мектепке баратын балаларға қиын болып тұр. Өзгесін былай қойғанда, білім ошақтарының алдындағы көсенің иегіндей жалтыраған көк мұз қауіп төндіріп отыр.
Күні кеше әлдебір шаруаның ыңғайымен шеткі көшенің бірінде оқыс оқиғаға тап болдық. Жол жиегімен тәлтіректеп келе жатқан елудің үстіндегі бір азамат шалқасынан түсті. Шақпа тасқа қарақұсымен құлады. Кілт тоқтағанымызбен, қысқы доңғалақтың өзі көк мұзда тайғанап, көлденеңдей тоқтадық. Әлгі пақырға көмектессек деген ниетпен. Іле халық жиналып қалды. Жедел жәрдем шақырып жатыр. Бейнет аяқ астында деген – осы. Егер уақтылы жол тазаланып, табан астына инертті материалдар төселіп, жағдай жасалса, мүгедектер саны көбеймес еді.
Көпке дейін әлгі көрініс көз алдымнан кетпей қойғаны. Сақтансаң сау қалатының белгілі, әйтсе де, халыққа жанашырлық жасап, сақтау да керек қой.
Көкшетау