Маңғыстауда жолаушылар тасымалына арналған 30 заманауи автобус пайдалануға берілді. Ақтау қаласы мен іргелес Мұнайлы ауданы тұрғындарын сапалы және қолайлы қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету мақсатында жыл соңына дейін тағы 90 автобуспен толығады.
Ақтау қаласының климатына сай жасақталған автобустарда барлық жағдай қарастырылған. Онда желдеткіш, бейнебақылау және мүгедектігі бар адамдарға арналған аппарель (пандус) мен GPS жүйесі қамтылған. Жаңа автобустардың бір ерекшелігі – метан жағармай қозғалтқыштарымен жүреді. Бұл зиянды элементтер бөлетін ескі автобустарды алмастыру арқылы экологиялық тұрақтылықтың сақталуына септігін тигізбек.
Осыған орай алғашқы метан газ құю стансасы да іске қосылды. Су жаңа автобустарды экологиялық отынмен қамтамасыз ету үшін ашылған станса «Каспий автопарк» ЖШС технопаркінің аумағында орналасқан. Онда газ құю бекетімен бірге, автобус маршруттарын бақылауға, қоғамдық көліктегі бейнебақылау жазбаларын көруге мүмкіндік беретін диспетчерлік бөлме бар.
Автобустарды сатып алуға, метан жағармай құю стансасын іске қосуға облыстық және қалалық әкімдіктердің қолдауымен «Каспий автопарк» ЖШС және «Каспий ӘКК» инвестициялық жобасы шеңберінде жүзеге асырылды. Маңғыстау облысы бойынша жолаушылар тасымалын қоғамдық көлікпен қамтамасыз етуде қауіпсіздік пен сапалы қызмет көрсету, сондай-ақ өңірдің автобустар паркін жаңарту мақсатында 460 жаңа жұмыс орнын құру межеленген. Осы мақсатқа жету үшін жыл соңына дейін «QazTehna» ЖШС отандық өндірушісінен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ лизингтік қаржыландыру негізінде метан қозғалтқыштары бар тағы да 120 жаңа автобус сатып алуды жоспарлаған.
«2020-2022 жылдар аралығында облысымызда бірқатар бағыттағы автобустар жаңартылып, су жаңа отандық 46 жаңа автобус ел игілігіне берілді. Бүгінде алғашқы метан газ құю стансасының ашылуы да – үлкен жаңалық. Маңғыстау облысында сұйытылған газды тұтыну еліміз бойынша жоғары көрсеткіштерге ие. Ал метан отынын пайдалану сұйытылған газға жүктемені азайтуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Біздің мақсатымыз – Маңғыстау облысында жолаушыларды қоғамдық көлікпен тасымалдау бойынша қауіпсіз, қолайлы әрі сапалы қызметтерді қамтамасыз ету. Сондай-ақ автобустарды күту уақытын қысқарту және жолаушылар тасымалы нарығына жаңа сапалы көліктер ұсыну», деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.
Маңғыстау облысы