• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
09 Маусым, 2010

ЖҮРЕКТІҢ СӨЗІ

633 рет
көрсетілді

Ежелден еркіндік аңсаған ер қазақ­тың асыл мұраты еңселі ел болу еді. Елім деп еңіреп, “Егемен болмай ел болмас, етектен кессе жең болмас”, деп жырлап өтті. Мың өліп, мың тірілген қазақ халқы аса шытырман талас-тартыспен тәуелсіздікке ұмтылды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда әлемнің саяси картасында жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасы пайда болды. Ертесіне, 17 желтоқсанда Алматыдағы Республика алаңында сан мыңдаған қазақстандық қатысқан митинг болды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. “Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болу­дың жолына шындап түсуіміз керек. Әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жері­міздің байлығы осы даланың ­түп­кілікті халқына да, тағдыр қосып, бірге өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көп ұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым”, – деді. Сол күннен, сол сәттен Тәуелсіздік бізге қантөгіссіз келді дегенімізбен, тар жол, тайғақ кешулі қасиетті сапары басталды, тәуелсіз елдің іргетасы қаланды. Енді, сондай қиындықпен келген, ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәу етер киеміз сол Тәуелсіздігіміздің ойға алған мақсатын діттеген жерден шығара алатын кемел саясаткер керек еді. Геосаяси ахуалды уақтылы аңғарып, дер кезінде батыл қадам жасай алатын тәуекелшіл саясаткер керек еді. Сол кезде – уақыт талабы, халық қалауы, ұлт үрдісі, мемлекет тағдыры қыл үстінде тұрған дүрбелең кезеңде, Тәуелсіздіктің тайғақ кешу жолында тарих сахнасына Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев шықты. Ол үшінші мыңжылдықтың асуына көтерілген күрделі дәуірде ұлы көші­мізді уақыттың замана бұралаңдарында сүріндірмей, жарқын келешекке бас­тады. Оны халық бірауыздан Тұңғыш Президентіміз деп таныды. Әрине, Тұңғыштың аты тұңғыш! Жүгі мен жауапкершілігі қашанда ауыр. Өркениетке бағыт алған реформаларға бастамашылық жасап, ерен тәуекелді керек етер, айбынды әрекеттерге бара­тын жүректіліктің белгісі. Бір ғасырға жетпейтін уақытта Қа­зақ­­стан астанасы – Орынбордан Қызыл­­ордаға, Қызылордадан Алматыға, енді Алматыдан Ақмолаға көшті. Астананы Сарыарқаға көшіру халықтың рухы үшін де, қайта түлеуі үшін де қажет болды. Көк байрағымызды Отаны­мыздың кіндігіне тігу ердің ерінің ғана қолынан келер тәуекел еді. Арқа бағзы заманнан қазақтың ата қонысы болған кең жайлауы еді. Елбасы халқын сол жайлауға бастады. Бүгінде сол Арқаның төрінде Ақордамыз орнап, Көк туымыз желбіреп, Есілге жағалай ел қонып, ел ішіне мал толып отырған дәулетті де сәулетті, бақ-берекелі аста­налы болған жайымыз бар. Астана – Тәуелсіздіктің символы, халқы­мыз­дың мақтанышы! Отанымыздың жүрегі, біз­дің ұлттық идеямыз, болашаққа бағ­дарымыз. Өзінің тарихи миссиясын қапысыз ұғып, ұлтымызды ұлы істерге бағытта­ған Тәуелсіздікті баянды ету, Қазақ­стан­ды алыс және жақын елдерге таны­ту, нарық реформаларын жүргізу, он жылда осы дәуірдегі озық үлгідегі Астана қаласын дүниеге әкелу – біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерлігі десек, Елбасы мен Астана екеуін ешкім де бөліп қарай алмайды. Бұл тарих енші­сіне тиген ақиқат. Біз ел болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол, бір ауыздан сөз шығарып, тәуелсіздіктің тұғырын бекіте алдық. Жаңа мыңжылдықтың жаңа парағын аштық. Соңғы он сегіз жыл көлемінде ғасырлар бойы халқымыздың аңсап жеткен бостандығына қол жеткізіп, тәуелсіз мемлекет ретінде түрлі саяси, әлеуметтік өзгерістерді іске асыру оңай болмады. Әлемнің алып компаниялары Қазақстан елінің келешекте экономика және саясат кеңістігінің әлемдік дең­гейдегі бір бөлшегі болатынына сеніп, өз инвестицияларын құя бастады. Қа­зақстан ашық экономика және интегра­ция арқылы келесі үшінші мыңжыл­дық­та әлемдік экономикада алдыңғы қатар­лы елдердің бірі болатынына сенді. Дер­бес, тәуелсіз мемлекет ретінде дүние­жү­зілік аренаға шыға бастағанына дос сүйінді, дұшпан күйінді. Шетел инвес­то­рын тартудың ел экономикасын көтеру­ге септігін тигізетінін дәлелдеуде Мемлекет басшысы саяси көрегендік танытты. Халқының қамын жүрегінің төрінде ұстаған көшбасшымыз тура жолдан тай­ған емес, бір көршілеріміз дау-жанжал­дан басын арашалап ала алмай, енді біреулері көжесін әзер тауып ішіп отыр­ғанда – біздің еліміз әрдайым қиын­дық­ты жеңе отырып, дамудың биік саты­сына аяқ салды. Дағдарыс құшағы­на іліккен тәжірибелі елдер біздің ондай тұзақтан әзірге аман екендігімізге қай­ран қалады. Нарық жолына енді ысы­лып келе жатқан батыл тәжірибемізге зор қызығушылық танытып жатыр. Реформаның қай саласында да ілгері­леу­шілік бар. Алыс-жақын әріптестігіміз өрістеуде. Әлем дағдарысқа алаңдаған жағдайда Елбасымыз төтеден жол іздеді. Жаңа, тосын бетбұрыстар жасаудан тайсалған жоқ. Еліміз Тәуелсіздік алып, Тұңғыш Президентімізді сайлап, елдің тізгінін сеніп бергелі бері Қазақстанның әлем алдындағы жетістіктері басқа мемле­кеттердің халқы таңданарлықтай өсті. Қазақстан бүгінде әлемдік интегра­цияның ұлы кеңістігіне шыққан еркін елдер санатына қосылды. Байыпты сыртқы саясатымыз арқасында қауіп­сіз­дік пен тұрақтылыққа қол жеткіздік. Бар­лық көрші елдермен арадағы мемлекеттік шекарамызды анықтап бекіттік. Қазақстан Республикасының Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамызда Семей сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы негізінде сол күн Ядролық қарудан бас тарудың бүкіл­әлемдік күні деп жарияланып, оны Бі­рік­кен Ұлттар ұйымы қолдаған бо­латын. Елбасының мемлекеттің сыртқы саясатын халықаралық ұйымдардың жұмысына белсене араласу, өзге елдермен екіжақты және көпжақты дип­ломатиялық қарым-қатынастар орна­тып, оны жетілдіру, халықаралық сам­миттер, форумдар жұмысына араласу арқылы жүр­гізіп отырғанын көреміз. Қазақстан алдымен Тәуелсіз Мем­ле­кеттер Достастығына, Шанхай ынты­мақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіп­сіздік шарты ұйымына мүше болды. Елбасы “Түркісой” ұйымын құруға бастамашылық жасап, Анталья қала­сын­да өткен Түркі тілдес мемлекеттер басшыларының VІІІ саммитінде Пар­ламеттік Ассамблеясын құруға ұсыныс білдірді, ІX саммитте Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісімге қол қойды. 2010 жылды Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға­лық жасаумен бастасақ, 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төр­аға­лық кезегі келе жатыр. Қазақстанның саяси дамуында өз келбетімізге тән, өз ерекшеліктерімізге толық жауап беретін демократиялық саяси құрылымдар мен институттар жүйесін дамыту жүзеге асырылуда. Осы міндеттерді оңтайлы шешу мақсатында Елбасының тікелей бастамасымен Қа­зақстан халқы Ассамблеясы дүниеге келді. Ол “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақ­стан” аталған Жолдауында: “Халықара­лық қоғамдастықта біздің елімізде тұ­рып жатқан және Қазақстанның бір­тұтас халқы болып табылатын барлық этнос өкілдерінің ұстамдылығын, кон­фессияаралық және мәдениетаралық татулығын қамтамасыз етуге бағыт­талған сара саясатымыз барынша таны­лып отыр”, деп атап өтті. Көпұлтты қазақстандықтар көрер көзге болып жатқан оң өзгерістерді Тұңғыш Президентіміздің есімімен және қажырлы еңбегімен тығыз бір­лестікте қарастырады. Қазақстан халқының тату-тәтті өмір сүруі мен ынтымақтастығы көптүрлі­лік­тегі бірлікті бейнелесе, бұл Қазақ­стан­ның жаңа тарихының ең үлкен жетістігі. Бұл туралы Президенттің ай­қындауын­ша “Қазақстан – бұл еуро­палық және азиялық мәдениеттің жетіс­тіктерін бойымызға сіңіруге мүмкіндік береді. Екі өркениеттің геосаяси ұшты­ғында тұрған Қазақстан ерте кезден бастап Шығыстың да, Батыстың да мәдени құндылықтарын өзіне сіңіре білді”. Қазақстанның жетістіктерін біз Ел­ба­сы есімімен байланыстырамыз. Мем­лекет басшысының Қазақстанды әлем­дегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіргізу жөніндегі үлкен тілегі бәрімізге мәлім. Бүгінде ту етіп отырған жалпықазақстандық патриотизм дегені­міз өзіңді республика халқының ажыра­мас бөлігі ретінде сезіну, Қазақстан Республикасын ортақ Отаным деп тану, оған берілгендік, азамат ретінде халық пен елдің мүддесін қажет болса, қолға қару алып қорғайтын борышты түйсіну. Отан дегеніміз жәй сөз емес. Бұл жер­де менің есіме Ғабит Мүсіреповтің мы­надай пікірі түседі. “Жер жүзінде сенің туып өскен жеріңнен артық жер жоқ”. Шынымен де, әр адам өзінің туып өскен, өмір сүрген, бақыт пен қай­ғы, жақ­сылық пен жамандықты көрген өл­ке­сін, ата-бабаларының жерін өз Отаны деп санайды. Кез келген мемлекеттегі тәрбиенің ең үлкені – патриоттық тәрбие болуға тиісті. Өсіп келе жатқан ұрпақтың патриоттық тәрбиесін тек қана әскери борышын өтеумен шектеу бұл әрине патриоттық тәрбие ұғымының мазмұны мен маңы­зын тарылта түседі. Патриоттық сезімді жастардың, әсі­ресе біздің балаларымыздың арасында барлығымыздың ортақ күшімізбен қалыптастырудың қажет екендігі сөзсіз. Елдің әр азаматы мемлекетшіл, патриот болуы сонау бала кезінен бойына сіңген қасиет болуы керек. Сол қасиетті ел болып қолға алуымыз керек. Ал сол жолда Қазақстанда не атқа­ры­лып жатыр десек, Қазақстан Респуб­ликасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің мемлекеттік бағдарлама­сы Президент Жарлығымен бекітіледі. Азаматтарға патриоттық тәрбие беру жөніндегі республикалық кеңес құрыл­ды. Республикалық және жергілікті деңгейде іс-шаралар өткізіліп жатыр. Солардың ішінде атап айтсақ, біздің мемлекеттік рәміздерімізге қатысты “Бұл біздің Туымыз”, “Бұл біздің Ән­ұран” тақырыбында көлемді республи­ка­лық жастар акциялары ұйымдасты­рылуда. Мемлекет проблемаларының шеші­луі көбінесе азаматтық қоғамның да­муымен, жоғары патриоттық, өз Ота­ны­на деген мақтаныш сезімімен, Ота­ны­ның мүддесін қорғау барысындағы азаматтық борышын өтеуге дайын­дығымен байланысты болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының 13-ші сессиясында, Қазақстан Респуб­ли­касының мемлекеттік рәміздерінің 15 жылдығына арналған “Менің Қазақ­станым” атты республикалық жастар форумында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа ұрпағы тек білімді, білікті мамандар ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның нағыз патриоттары болу керектігін атап өтті. Өз еліне деген терең сүйіспен­ші­лік­сіз, патриоттық сезімсіз нағыз азамат, нағыз адам жоқ. Жастар – біздің қоғамымыздың болашағы. Қазақстан Республикасының болашақта қандай болатындығы жастарға байланысты. Сондықтан, өсіп келе жатқан ұрпақтың патриоттық тәрбиесі бүгінгі күні өзекті орын алады. Тек қана бұйрық пен ұрандардың көмегімен патриоттық сезімді тәрбиелеу мүмкін емес. Мұнда бір жүйелік және дәйекті жұмыс атқарылуы тиіс. Тек қана балабақша, мек­теп, университет, қала, өлке тарапында жүргізілген прак­ти­ка­лық жұмыстар жас­тар­ды азаматтық бел­сен­ділік көрсетіп, Отанға сүйіс­пен­ші­лікке деген сөзден нақты істерге көшуге мүмкіншілік береді. Бұл жерде АҚШ-тың 26-шы пре­зи­денті, Нобель сыйлығының лауреаты Теодор Рузвельттің өткен ғасырда айт­қан сөзін келтіргім келеді. “Ең маңыз­дысы – өз елің үшін өміріңді қиюға дайын болу, бірақ одан да маңыздысы – өз елің үшін өмір сүру”. Осы үлгіде ұлттың рухын көтеруіміз қажет. Біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің әрбір азаматының жетістігі, оның халықаралық мойын­далуы – бұл баға жетпес капитал, бар­лық қазақстандықтардың мақтанышы және игілігі екендігін атап өткен еді. Ұлы Мұхтар Әуезовтің: “Ел бо­ламын десең, бесігіңді түзе” деген аталы сөзін бағытқа алған Елбасы халқын сан жағынан да, сапа жағынан да өсіруге ден қойды. Ана мен баланы әлпештеді. Оған қамқорлықты күшейтіп, жәрдем­ақы­ны асырды, денсаулығына қашанда алаңдап жүреді. Мектептегі баланың білім нәріне сусындап, одан әрі инемен құдық қазғандай ғылым іздеуіне мүм­кіндік жасады. Жоғары оқу орындарын­да тегін оқуға мүмкіндікті күшейтті. Елі­міздің талантты да алғыр жастарын “Болашақ” бағдарламасы бойынша шетелде оқытып алуға жол ашты. Елдің келешегі балалар деп, ұрпақ тәрбиесін басты бағыт етіп ұстанған Пре­зиденттің мемлекеттің ішкі саяса­тына келгенде атқарып отырған істері халқының көз алдында өтіп жатады. Ол: “Менің бабалары батыр, аналары дана халқым бар; тағдырдың талай тауқы­метін мойымай көтерген, өмірдің небір шыр­ғалаң кезеңдерінде небір аласапы­ран­дарды басынан кешірген төзімді халқым бар; өздерінің халі мүшкіл бола тұрып, өзінікі түгіл өзге ұлттың жетімін тентіретпеген, қаншама ұлт пен ұлыс­тарға пана бола білген мәрт халқым бар; жүрегі жомарт, ақылы дәрия, ниеті пәк, көңілі кіршіксіз қардай ақкөңіл халқым бар; талай жаудың меселін қай­тарып, ел іргесін сөгілтпей, жерін жауға бермей аман алып қалған батыр халқым бар; күмбірлете күй төгіп, тамылжыта ән салып, қырық күн, қырық түн жыр­ла­натын дастандарды дүниеге келтірген өнерпаз халқым бар; қаншама даныш­пан даналарды, сұңғыла шешендерді, тура билерді дүниеге келтірген тәкаппар да паң халқым бар. Мені осы халықтың дүниеге келті­ріп, менің де Ұлы даланың қасиетті то­пырағына кіндік қанымның тамғанына ризамын. Айналайын жомарт халқым­нан, көнтерілі халқымнан!” – деп тебірене жазатыны тегін емес. Елбасы халқы жиналған үлкен залға кіріп келгенде жүзінен лап етіп жылы шуақ себіледі. Жылылық аурасы ма­ңайындағы кісілерді түгел баурап алады. Көп нәрсені кісінің қабағынан таниды. Сөзді сөйлеу бар да, сол сөздің кісіге, тыңдаушыға әсерін қапысыз пайымдау бар. Елбасы өз лебізінің, сөзінің жұртқа қалай әсер еткенін қалт жібермей, ішкі түйсікпен сезіп-біліп үлгереді. Президентте дарынды суретшілер секілді қасиет бар. Алғырлығы айрық­ша. Қабылдауында болған кісілердің жан әлемін қабағынан, жүріс-тұры­сы­нан оқып тұрады. Талай елдің лидерлері келіп-кетіп, келіссөз жүргізіп жатады. Сонда бай­қай­сыз, біздің Президентіміз ешбір ел­дің, ешбір жұрттың лидеріне ұқсамай­ды. Сан алуан қасиеттер бір кісінің бойынан табылып жатқаны қайран қалдырады. Халық қалап сайлап, сенім артып отырғандықтан хал-қадерімізше қызмет етіп жүрген мына біздер Елбасының ерекше мінез қырын, саңлақ саясат­кер­лік сырын тіліміз жеткенше хатқа түсі­ріп, кездесулерде ойымызды анықтап айтып, халыққа жеткізе жүрсек дейміз. Бас шаһарымызда аспанға ұмтылған алып ескерткіш “Қа­зақ елі” монументі сәулеттік-мүсіндік кешеннің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекіл­баев: “Осы мақсат жолында тарихтың талай қатал сынағын тайсалмай еңсеріп, тайынбай тәуекелге мінетін табанды күрескер, аса талантты саясатшы, тар­лан көшбасшы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа айтар алғысымыз әрине, айрықша болмақшы. Қаһарман­дыққа толы өткенімізді, жасампаздыққа толы бүгінімізді, батыл бастамашылыққа толы ертеңімізді белгілейтін ақ мәрмәр Монументтің ортақ тұлғасы тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болуы әбден орынды”, – деді. Елбасымызға берілген осы баға – баға! Өмір жолы оты лаулаған домна пешінен басталып, ұлы бастамаларға жалғасып, жерін Жиделібайсынға ай­нал­дырып, елін өркениетке алып келе жатқан Президентімізге мақтау, ма­ра­пат, мадақ сөз айту қажетсіз. Елбасы онсыз да ел жүрегінің төріне шыққан, онсыз да өмірі тарихқа жазылған адам. Бүгінгі жас ұрпаққа Елбасының ерекше қасиет-қадірін, адамшылық ерекше аурасын, тұлғалық тұғырын түсіндіре алсақ, қанеки. Әрдайым жүректің сөзін айтуға жазсын! Динар НӨКЕТАЕВА, Парламент Мәжілісінің депутаты.