• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Қараша, 2023

Транскаспий дәлізінің мүмкіндігі

164 рет
көрсетілді

Орталық Азия және Кавказ арқылы Қытай мен Еуропа нарығын жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі өңірлік сауда-саттықты күшейтіп, елдер арасындағы байланысты нығайта түспек. Дүниежүзілік банк баяндамасында осылай айтылады. Халықаралық ұйым сарапшыларының пікірінше, маршрут сондай-ақ Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік сауда бағыттарының орнықтылығы мен әртараптануын да (жеткізу тізбегін геосаяси тәуекелдерден қорғай отыра) қамтамасыз ете алады.

Баяндамада дұрыс инвестициялар мен стратегиялық шешімдер жасалған жағдайда 2030 жылға таман Транскаспий бағыты бо­йынша сауда көлемінің үш есе ұлғаятыны және бұл ретте маршрутпен жүріп өту уақы­­тының екі есе қысқаратыны айтылады. Мұн­дай нәтиже жергілікті және өңірлік эко­но­миканың дамуына ықпал етіп, жаңа жұмыс орын­дарын құру, көмекші салаларға сұра­нысты ынталандыру және бизнесті тарту тұр­ғысынан халықтың кең тобына пайда әкеледі.

«Орта дәліздің өміршең ғана емес, мар­шрут бойында жағалай орналасқан елдер­дің экономикасы үшін ерекше маңызды еке­нін біздің жаңа деректеріміз растай түседі. Әзербайжан, Грузия және Қазақстан бас­қа елдермен бірге осы дәлізді ілгерілетудегі өз көзқарасын келісуде айтарлықтай ілгері­леуге қол жеткізді. Дүниежүзілік банк мар­шрут бойындағы елдердің үкіметтерімен және басқа да көпжақты ұйымдармен серік­тес­тікте орта дәлізді дамытуға қолдау көрсе­туге дайын», дейді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша вице-президенті Антонелла Бассани.

Орташа дәліздің басты маңыздылығы мен артықшылығы ретінде аймақішілік сауда дәлізі ретінде бере алатын пайдасын айтуға болады. Әзербайжан, Грузия, Қазақстан және Еуропа арасындағы сауданың кеңеюі сұраныстың негізгі факторы болып отыр.

«Дәл қазір Транскаспий дәлізінің бәсе­кеге қабілеттілігін, оның өткізу қабілетін арттыру­дың, тиімділігін көбейтіп, шығын­дарын қысқартудың тамаша сәті туып тұр. Институционалдық және операциялық шаралар есебінен тиімділікті қысқамерзімді арттырудың ортамерзімді инвестициялармен қатар үйлесуі көлік дәлізінің жұмыс істеуін нығайтуға және оның әлеуетін жан­дан­­дыруға мүмкіндік береді», деді Дүние­жүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңіріндегі инфрақұрылым бойынша өңірлік директоры Чарльз Кормье.

Баяндамада көлік қызметтеріне сұра­нысты қанағаттандыру және Қазақстанда, Әзербайжанда және Грузияда экономикалық дамуды қолдау үшін қажетті негізгі страте­гиялық шешімдер мен инвестициялар айқын­далған. Оларға мыналар жатады:

Үздіксіз жұмысты қамтамасыз ету үшін дәлізге қатысты тиімді логистикалық шешім­дер ұсыну; Мультимодальды инфрақұрылым сипат­­тамалары, деректермен алмасу және транспорт­тың кедергісіз қозғалысы үшін, әсіресе шекаралас аумақтарда процедуралар мен үдерістерді жеңілдету және реформалау; Жол бойындағы жүк ағындарын бақы­лауды жақсарту және шекарадағы кідіріс­терді азайту мақсатында цифрлық шешім­дерді синхрондау. Бірыңғай және үйлесім­ді құрылым аталған дәліздегі үдерістер мен операциялардың цифрлық трансформациясына ықпал ете алады; Кемелердің болуын қамтамасыз ету­дегі тежегіш факторларды жоюға және порт­тардың өнімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, Каспий және Қара теңіз арқылы тасымалдау кезінде операциялық тиімділікті арттыру; Инвестицияларға басымдық берудің бірыңғай жүйесін келісу. Баяндамада олар­дың басымдылығын анықтау үшін қосым­ша бағалауды қажет ететін бірқатар инвес­тициялық мүмкіндіктер қарастырылады.