• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ауыл 01 Желтоқсан, 2023

«Ауыл аманаты»: Бағдарлама қайтсе баянды болады?

239 рет
көрсетілді

Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – төрт түлік мал. Төскейді ақтылы малға толтырып, ел дастарқанын адал асқа қайыстырып қоюға не кедергі? Кейде алға ұмтылған қадамдары кері кетіп жататындары да бар.

Жалпақ жұрттың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту­ға себі тиюге тиісті жобалар аз емес. Соның бірі – Үкіметтің «Amanat» партиясымен бірлесіп қабылдаған «Ауыл аманаты» бірегей жобасы. Жобаның қан­шалықты тиімді екенін ақыл таразысына салып безбендеген ауыл тұрғындары оң жамбасына келетінін іштей топшылап, өз істерін бастауға құлшыныс білдіріп отыр.

Шағын несие 5 жылға дейін беріледі. Негізгі бағыты ауыл шаруашылығын толайым қам­тып-ақ тұр. Бір жақсысы, мал шар­уа­­шылығындағы жоба 7 жыл­­ға көзделген. Айта кетер­лігі, ша­ғын несиенің ең жоға­ры көлемі – 8,6 млн теңгеге дейін. Жақ­сылы­ғы сол, сыйақы мөлшері жылы­на 2,5 пайыздан аспайды.

Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында облыстың 200-ге жуық тұрғыны 1,1 млрд теңгеден аса қаражат алып, өз шаруашылығын дамытпақ. Осы орайда «Amanat» партиясының әрбір аудандық филиалында кеңсе ашылып, ауыл тұр­ғындарын құлақтандырып, ке­ңес беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі қолға бір күрек таба ал­­май отырған ауылдағы еңбек­ке жа­рамды адамдар енді ісін бас­тау­ға бастапқы қаражат іздеп са­был­­май, аз ғана үстеме қосыла­тын не­сиені алып, өрісті малға толтырса, тәп-тәуір қоңданып та қалар еді.

Сөйтсек, бағдарлама баянды болуы үшін тұтас сала жаңғыруы керек екен. Мәселен, Ерей­мен­тау ауданындағы Бозтал ауылының тұр­ғыны Мәуітхан Құмат аталған бағ­дар­лама аясында несие алып, бес сиыр сатып алған. Әзірге техникасы жоқ. Өзімдікі деген құрал-жабдығы болмағаннан кейін, мал азығын дайындау қиын шаруаға айналып отыр. Енді есептеп қараңыз, бұл өңірде биыл шөп бағасы қымбаттау. 250-300 кг бума 15 мың теңге тұрады. Бір бас қара малды қыстан шығару үшін екі тонна шөп қажет десеңіз, 120 мың теңгеңіз шөпке шығын. Шөп құнары бағзы замандағыдай болмағандықтан, төрт түлік малдың қайсысы болсын жемсіз көтеремге айналар еді. Әрине, бір тонна жем қажет. Оның бағасы биыл арзандау болғанымен, 50-60 мың теңгенің көлемінде. Мал шар­уа­шы­лы­ғымен айналысамын деп ниеттенген Мәуітхан Құмат біздің есеп бойынша бір бас малын қыстан шығару үшін кем дегенде 170-180 мың теңге шығындайды екен. Егер алты ай қысқы өз еңбегін қоссаңыз, әлгі сиырдың құнына жақындап қалады. Міне, ауылдағы ағайынның ілгері басқан қадамын кері кетіріп тұрған мәселе осы.

Малшы қауым енді қалай табыс тап­пақ? Төліне қосып сүтін сатқанда ғана. Көп­­тен бері шешімін таппай келе жатқан келе­лі мәселе тура осы жерден басталады. Істі қанша ұтымды ұйымдастырып жатырмыз деп дабыралатқанымызбен, шалғайдағы шағын ауылдарда халықтың қолындағы сүтті сатып алып, іске жарата алмай отырғанымыз өкінішті. Осы бір оралымсыздықтың кесірі мал баққан қа­уым­ның қабырғасына батып-ақ тұр.

Мамандардың пікірінше, кейінгі уа­қыт­та сүт өнімдеріне сұраныс мүлдем аза­йып кеткен. Басты себеп – іргедегі көр­­ші­лерден күні-түні тоғытылып жатқан арзан сүт өнімдері. Кесірі малсақ қауымға тиіп-ақ тұр. Қазір өңірдегі мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары күн­де­лікті сауған сүттерін қайда өткізерін біл­мей дал. Қабылдау бағасы отыз пайызға ар­зандап кеткен. Облыста 14 сүт зауыты бар. Бұған дейін мал баққан шаруа сүттің бір литрін 200-220 теңгеден өткізсе, қазір 150-160 теңге төңірегінде. Сүт зауыт­та­рының қожайындары сүт өнімдеріне сұраныстың азаюы себеп болып отыр деп ақталады.

«Қазір бәсекелестік өте жоғары. Біздің өніміміз өтпеуге айналды. Ауылдан сүт таситындар көптеп келіп жатыр. Бұрынғы кө­лемді азайтпауға тырысқанымызбен, бар­лығымен бірдей жұмыс істей алмаймыз», дейді Көкшетау қаласындағы сүт зауы­тының директоры Ерсайын Жақсылықов.

Өткен жылы өңірге жеткізілген сүт өнімдерінің импорты 4,8 млн доллар болса, биылғы 8 айда 3 млн долларға жуықтаған. Оның шамамен 75 пайызы – Ресейден келетін өнімдер.

«Біз шетелден келетін импортты шек­тей алмаймыз. Бүгінгі таңда мем­ле­кеттік қолдау шеңберінде ауыл шар­уа­­шылығы өнім­­дерін сатып алатын кәсіпорын­дар­дың шы­ғынын субсидиялау бағ­дар­ла­масы жұ­мыс істейді. Биыл 1,8 млрд теңге бөлі­ніп отыр», дейді облыстық ауыл шаруа­шы­лығы және жер қаты­нас­та­ры бас­қар­­масының бөлім басшысы Уәлихан Ескендіров.

Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, сырттан жеткізіліп жатқан арзан сүт өнім­де­рімен бәсекелесу өте қиын. Егер бұл келеңсіздік белең алатын болса, малсақ қауым мойнына түскен ауыр жүкті көтере алмай, шаруасын қожыратып алуы әбден ықтимал. Жоғарыда біз айтқан жаңа бағ­дар­ламамен жұмыс істеуге ниеттенген Мәуітхан Құматтардың мәселе­сі қа­лай ше­шілетіні әзірге белгісіз. Бұл өңірде ауыл тұрғындарынан сүтті сатып алу тиімді ұйым­­дастырылмай отыр. Осы арада бір ғана пікір айта кетелік. Бір-біріне жақын орналасқан төрт-бес ауылдың малсақ қауымының қолын­дағы малдың сүмесін сатып алудың оң­тайлы жолы бар. Айталық, сүт өнім­дерін қабылдайтын коопе­­ратив ұйымдастырылса. Бұл халықтан жинаған сүттің таңғы сауыны мен кешкі сауынын қосып, салқындатқышта сақтап, сүт зауытына бір-ақ мезгіл тасымалдаса. Сонда жол шығыны азайып, сүттің өзіндік құны төмендер еді. Егер сүт сатып алуды жолға қойсақ, өзіміздің арзан, табиғи өнім сөрелерде сыңсып тұрса, шеттен келетін өнімнің жолы кесілер ме еді, кім білсін?

Бағдарлама бойынша несие алып, өз ісін бастап отырған азаматтың бірі – Егін­дікөл ауданына қарасты Полтавский ауы­лының тұрғыны Ахмет Әшімов. Ахмет бағдарламаның қолайлығына қы­зы­ғып, 100 бас қой сатып алыпты. 60 гектар жайылымдық жері, қора жайы, азын-аулақ техникасы бар. Ахметтің айтуына қарағанда, өзге малдан қой тиімді. Сату оңай. Қазақы қойға еділбай қош­қарын қосып, тұқымын жаңартпақ. Бірақ осы арада да Ахмет тәрізді қой шаруа­шы­лығын өркендетемін деп ұмтылып отыр­ған­дардың алдында кесе-көлденең жатқан өткел бермес кесел бар. Бұл – қой жүнін, тері­сін өткізе алмауы.

«Қазір қойдың жүні ешкімге қажеті жоқ. Қырыққаннан кейін ыбырсып жатпасын деп күйдіріп жібереміз. Терісін ит те жемейді. Қыруар байлық ысырап болып жатыр. Бұрын ел ішінде қой жүнінен пима басатын, киіз-сырмақты айтпай-ақ қояйық. Терісін илеп, тон тігетін. Қазір бәрі көзден бұлбұл ұшты ғой», дейді А.Әшімов.

Расында, бұрын қой жүні кәдеге жа­рап-ақ тұр еді, терісі де жерде қалмай­тын. Баққан малынан толымды пайда таппағаннан кейін, малсақ қауымның тауы шағылатын жері де осы.

«Заманында облыс орталығындағы «Киіз» акционерлік қоғамында қой жүні тәп-тәуір өңделді. Сол уақытта қой жү­­ні­нен негізінен пима, киіз бастық. Жал­пы, қой жүні – қалдықсыз кәдеге жа­рай­тын өнім. Қой жүнінің шайыры да пайдаға асады. Жуу агрегаттарында тұнып қалған шайырды арнайы ыдыс­тарға толтырып, косметика жасайтын кәсіпорындарға жіберетін. Демек қой жүні шаруашылықта, тұрмыста көп нәрсеге қажет. Бүгінгі заман талабына сай есеп-қисабын ойластырсақ, өзін-өзі ақтайтын, ақтап қана қоймай, кә­сіпорынға табыс әкелетін сала», дейді осы акционерлік қоғамда ұзақ уақыт қыз­мет еткен Жоламан Шөкеев.

Қой жүні негізінен екіге бөлінеді: бия­зы және қылшықты. Оның ішінде қадірлісі – биязы жүн. Бірақ биязы жүнді қойды өсіру шаруалар үшін оңай емес. Ол үшін жайылымның ерекшелігі, жайлылығы қажет. Айталық, ақселеу, қаудан өсетін біздің дала биязы жүнді қой үшін оншалықты жайлы емес. Себебі ақселеудің, қауданның басындағы ине шөп қой терісіне қадалып, оның ауруға ұшырауына себепші болады. Біздің өлкеде қылшық жүнді қой өсірудің басты себебі  содан. Дәл қазір облыста биязы жүнді қойдың саны 15 пайыздан аспайды. Қылшықты жүннен биязы жүн қымбат бағаланады. Қылшықты жүн де көзін тапса, кәдеге асады. Ертеректе іргедегі Ресей қарулы күштерінде қызмет ететін жауынгерлерді осы қылшықты жүнді іске жарату арқылы киіндіретін. Білетіндердің айтуына қарағанда, қазір олар да алмай қойыпты.

«Нұрлы көш» бағдарламасы шең­бе­­рінде салынған мекенжайларда қо­ныс­тан­ған ағайындар жұмыссыздық проблемасын қайта-қайта көтеріп жатыр. Егер күні бүгінге дейін игерілмей жатқан ен бай­лықты ел игілігіне айналдыру үшін осындай жерлерден үкіметтің қолдауы ар­қы­лы шағын кәсіпорындар ашса, баршаға бірдей тиімді болмас па еді.

«Моңғолияда бір жапырақ тері, бір шөкім жүн далада қалмайды. Күні бүгінге дейін біз бағымдағы малдың терісі мен жүнін пайдаланып келдік. Киген киіміміз, үйдегі күнделікті тұты­натын тұрмыстық бұйымымыз тері мен жүннен жасалды. Одан кемдік көрген жоқпыз. Аллаға шүкір, «тоғыз қабат торқадан тоқты шағымның терісі артық» демекші, ұрпағымыз таза табиғи киім киіп, экологиялық жағы­нан мүл­тіксіз жүннен жасалынған бұ­йым­дар­ды кәдеге жаратып, бүгінгі күнге жет­тік. Көкшетаудың іргесінде қоныс­тан­дық. Көпті көрген басым бар, сексенге келген жасым бар. Мына балалар киіз үй жасайтын кәсіпорын ашса, тамаша емес пе? Тау басып, асу асып келген ағайындар өздерімен бірге бірнеше жыл бойы басына пана, жанына қорған болған алты қанат, сегіз қанат киіз үйлерін қанжығаларына бөктеріп ала келді. Жергілікті жұрт той-то­малағына, асына, басқа да жабдығына пай­далануға қатты қызықты. Өйткені ың­ғайлы-ақ дүние. Әрі қой жүнінің иісі шыққан жерге кене, қоңыз жоламайды. Ауасы кең, киіз жарықтық жел өткізе қой­май­ды ғой», дейді сексеннің сең­гі­рін­де­гі Оразхан Мырзабек ақсақал.

Сұңғыла ақсақал шаруаның реті – шынымен істің көзін табатын жан болса, өз-өзінен жолға түсіп кететіні бизнес-жос­пар. Шын мәнін­де ұлан-ғайыр Ақмола облысының елді мекендеріндегі тілек білдірушілерді киіз үймен қамтамасыз ету үшін оның қан­ша­сын шығару керек. Оның үстіне біздің ел – курортты аймақ. Айдыны асып-тасқан көгілдір көлдің жиегінде, ақ қайыңдардың ортасына ақ шаңқан киіз үйлерді тігіп, мұртымыз көкке шаншылып, шәниіп жатар едік. Киіз үй жол жиегіндегі сауда-сат­тық көлігін қыздыратындарға да, қы­мыз­хана ашатындарға да қажет емес пе?

Полтавский елді мекенінің тағы бір тұрғыны Анель Сарқытбаева «Ауыл ама­наты» бағдарламасы аясында несие алып, 14 жылқы сатып алыпты. Шабындық жері жоқ болғандықтан, қыруар малды қыстан шығару үшін жем-шөбін сатып алуға мәжбүр болған. Ауыл тұрғындары жылқыны кезекпен бағады. Егер отбасының екі-үш бас жылқысы болса, бір кезек, оннан асса, екі кезек. Бұл ауылда да өзге жерлердегідей қолына құрық ілетін жылқышы, малдың бабын білетін малшы жоқ. Анель мал басын өз төлі есебінен көбейтіп, қымыз сатып табыс таппақ.

Елдің әл-ауқатын арттыру үшін осын­дай бағдарламадан бұрын жастарды адал еңбекке баулу керек шығар. Түй­ге­німіз – елдің бүйірі шығу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін толымды бағаға сатып алып, өңдеуді ұйымдастыру. Сонда ғана бағдарлама баянды болады. Әзірге ауыл­да тұрып шаруамды өрге жылжытамын дегендердің өресі шешілмей тұр.

 

Ақмола облысы